Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Қуанса, бала қуансын

Қуанса, бала қуансын

«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген сөз бар. Шындығында да бала қуанышы – бәрінен қымбат. Бүлдіршіндердің балдай тәтті балалық шағына кірбің түспесе дейсің, әрине. Әйткенмен адам баласының пешенесіне жазылған тағдыр да сан түрлі. Әсіресе, туыла салып тағдырдың сынына ілінген бүлдіршіндердің өмірі толғандырмай қоймайды. Кейбір кезде адам жанына бір ауыз жылы сөз, мейірім мен махаббат та жетіп жатады.
Кеше ғана құқық қорғау қызметкерлері Астана мейірімділер клубымен бірігіп «Сарыарқа» ойын-сауық орталығында көңілі жарым балалардың арманын орындауға атсалысты. Психикалық-неврологиялық ауытқуы бар және қимыл-тірек аппараты ауруларына шалдыққан балалардың жаңа жылдық тілектерін орындау және оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған акцияның ашылуы барысында балалар «Тілектер шыршасына» Аяз атаға жазған хаттарын ілді.
Қайырымдылық шарасын ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев және Астана мейірімділер клубының негізін қалаушы Гүлмира Абдрашева ашып, балаларға жаңа жылға Аяз атадан алғысы келген сыйлықтарын табыс етті.
«Ішкі істер министрлігі халықтың қауіпсіздігін қорғап қана қоймай, кез келген игі істерге қолдау білдіруге әрқашан әзір. Бүгін де министрліктің қызметкерлері мен сақшылар балалардың арман-тілектерін орындау үшін барын салып бақты. Барша балалардың арман-тілектері болашақта орындалып, халықтың қамқорлығын сезініп өссе екен деген тілегім бар. Елімізде ешқандай бала жыламауы тиіс. Олардың көңілі ешқашан жабырқамау керек. Балалардың барлығы бақытты болуы қажет. Барлық бала Аяз атадан жақсы сыйлық күтеді, армандарының орындалғанын қалайды. Сондықтан біз жаңа жыл қарсаңында балалардың Тілектер шыршасына ілінген тілегін орындадық. Біздің бір ғана тілегіміз бар, ол – елімізде барлық балалардың он екі мүшесі сау болса екен», – деді акцияның ашылуында сөз алған ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Кәдірбекұлы.
Осындай игі бастамаға қолдау білдірген Ішкі істер министрлігіне алғысын білдірген Астана мейірімділер клубының негізін қалаушы Гүлмира Абдрашева: «Бұл шыршада 76 баланың тілегі жазылған. Олардың дені психикалық-неврологиялық ауытқуы бар және қимыл-тірек аппараты ауруларына шалдыққан балалар. Акцияға еліміздің кез келген азаматы қатысып, балалардың арманын орындауға атсалысуына әбден болады. Өйткені, әрбір тілек хатта баланың аты-жөні, мекенжайы көрсетілген», – деді.
Көптен күткен сыйлығына қол жеткізген Амаль есімді балақайдың бұл күні қуанышында шек болмады. «Барлық бала сыйлық алғанды жақсы көреді. Себебі, ғажайып болған кезде, тілегіміз орындалғанда барлық бала қатты қуанады. Сіздерге рахмет! Барлығына денсаулық тілеймін», – деген бала тілегі акцияға келгендерді ерекше толқытты. Анасы да жүзіндегі қуанышты жасыра алмады. Осындай жақсы бастамаларға ұйытқы болып жүрген ұйымдастырушыларға деген алғысын білдірген Мәдина Ескендірова: «Екі баламды ешкімнен кем қылмай өсіру үшін барымды салып бағудамын. Ата-анам да жоқ. Қиналасың, әрине. Осындай біз секілді аналар мен балаларды әрқашан қолдап-қорғап жүргендеріңіз үшін рахметімді айтамын. Кез келген бала тілегін жазып қалдырып қана қоймай, армандарды орындайтын шыршаның ойластырылғаны қандай керемет!», – деп ағынан жарылды. «Істеген игі істеріңіз, жасаған жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын. Бүгінгі шырша барлығымызға ұнады. Сыйлықтарыңыз үшін рахметімді айтамын! Жаңа жылда тілеген тілегі орындалды, бүгін қызым өзіне қажетті ақыл-ойды дамытуға арналған ойыншық алды», – деді шексіз алғысын білдірген Инаяттың анасы Мая Бекбаева.
Балалардың жүзіне қуаныш сыйлаған акция ары қарай жалғасын табатын болады. Өйткені, Астана қаласында Жаңа жылдық шыршаларға қатыса алмайтын осындай ауру түрлеріне шалдыққан балалар саны өте көп. Осыған байланысты он күн ішінде Астана мейірімділер клубының еріктілер тобы мен министрлік қызметкерлері, өңірлік Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Қылмыстық атқару жүйесі департаменттері ерекше балалардың үйлерін өздері қалаған жаңа жылдық сыйлықтарымен аралау жоспарланған. Ал Тілектер шыршасы 19-29 желтоқсан аралығында «Сарыарқа» сауда ойын-сауық орталығының 3-қабатында тұратын болады.

Жадыра МҮСІЛІМ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Теңдесі жоқ миграциялық орталық

Бірінші рет елімізде шетелдіктерге ешбір кедергісіз қызмет көрсететін миграциялық ХҚО ашылды. Өткен аптада оның ресми …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған