Елбасы тапсырмасы – үнемі назарда

Елбасымыз: «Полицейлер – бұл адамдардың құқығын және бостандығын қорғай отырып, қылмысқа қарсы күрес жүргізуде алдыңғы қатарда тұратын адамдар», – деп айтқандай, кең далаға төсін сүйреп, ізін салып жатқан темір жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – еліміздің көлік сақшыларының басты міндеті. Сондықтан олардың әрқайсысы бейбіт елдің берекесіне айналған тыныштықты қас қақпай күзетуде.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан стансасындағы ішкі істер желілік бөліміне Шойтөбе, Күншағыр, Отырабат, Қостүйін, Темір стансалары арқылы өтетін темір жол аймағы қарайды. Қызмет көрсету аумағындағы тәртіп пен заңдылықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті нығайту мәселелері туралы Түркістан стансасындағы ІІЖБ бастығы, полиция подполковнигі Жәнібек Зиябеков айтып берді.
– Жәнібек Мелдебекұлы, Түркістан стансасындағы ішкі істер желілік бөлімінің қызмет көрсету аумағында криминогенді жағдай тұрақты ма?
– Түркістан стансасы арқылы күнделікті 23 жұп жүк пойызы және 12 жолаушылар пойызы өтеді. Бүгінде қызмет көрсету аумағында орын алып отырған қылмыстардың басым бөлігін бөтеннің мүлкін ұрлау фактілері құрауда. Бұлардың көпшілігі, әсіресе ұялы телефон ұрлығы жолаушылардың өздерінің салғырттығынан орын алып жатады. Сол себепті аталған қылмыстардың алдын алу мақсатында желілік полиция қызметкерлері пойыз жолаушылары арасында түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады
Мәселен, жыл басынан бері желілік бөлім қызметкерлерінің қылмыстардың алдын алу бойынша жүргізген жұмыстарының нәтижесінде қылмыстар саны 4%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау деректері 3%-ға төмендеді. Есепті мерзім ішінде Түркістан стансасындағы ІІЖБ-нің қызмет көрсету аумағында аса ауыр қылмыстар орын алған жоқ.
Бүгінгі таңда Мемлекет басышысының тапсырмасына сәйкес, ұсақ құқық бұзушылық пен тәртіпсіздікке «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру мақсатында сіздің желілік бөлінісіңізде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Мемлекет басшысының құқық қорғау органдарының алдына қойған тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Түркістан стансасындағы ішкі істер желілік бөлімінің қызмет көрсету аумағында ұсақ құқық бұзушылық пен тәртіпсіздікке «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
«Ұсақ құқық бұзушылық пен тәртіпсіздікке «мүлдем төзбеушілік» акциялары аясында қала вокзалында бейнероликтар көрсетіліп, пойыздардың келу уақыттарында жолаушыларға ескертпе қағаздары мен жадынамалар таратылды.
Ағымдағы жыл басынан бері Түркістан стансасындағы ІІЖБ қызмет көрсету аумағында түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 1220 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша 406 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, жыл басынан бері профилактикалық мақсатта «Құқықтық тәртіп», «Жасөспірім», «Демалыс», «Абайла, пойыз!», «Қару», «Учаске», «Қауіпсіз пойыз» атты республикалық жедел-алдын алу шаралары өткізілді.
Түркістан стансасындағы ІІЖБ-де Елбасының ішкі істер органдарына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының орындалу барысы туралы не айтар едіңіз?
– Аталған Жолдауда Елбасымыз діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға ерекше көңіл бөлді. Қоғамда, әсіресе, діни саладағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру керектігін баса айтты.
Осы ретте экстремистік әрекеттерге жол бермеу мақсатында көлік полицейлері темір жол көлігі нысандарында экстремистік мазмұндағы ақпараттық материалдарды тасымалдау, сақтау және республика аумағында тарату фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша ұдайы негізде іс-шаралар өткізетіндігін айтып өткеніміз жөн. Мәселен, жуырда Түркістан қаласы темір жол вокзалында көлік полицейлері діни сипаттағы заттарды (кітаптар, декоративтік кәдесыйлар) заңсыз сату фактісін анықтады. Түркістан қаласының соты екі азаматты Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңын бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартып, әрқайсына 35 АЕК (79 415 теңге) көлемінде айыппұл тағайындады.
Сондай-ақ, Елбасы үнемі ішкі істер органдарын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне жіті назар аударуда. Осы мақсатта жеке құрамның әскери дайындығын пысықтау, мамандардың білімдерін жетілдіріп, біліктілік деңгейін арттыру бойынша бірқатар шара жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті нығайту мәселелері де үнемі назардан тыс қалып отырған жоқ.

Сұхбаттасқан Айнұр ҚАБДОЛДАҚЫЗЫ,
Көліктегі ІІД

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*