Қызметпен қанаттас, ұрпақпен сабақтас ұйым

Атырау облысы Төтенше жағдайлар комитетінің Ардагерлер кеңесінің құрылғанына биыл он жыл толды. Осы жылдар ішінде толайым табыстарға жеткен ұйым ұжыммен сабақтас, қызметпен қанаттас жұмыстар жүргізіп келеді. Кеңес төрағасы Сейітжан Дүйсекенмен әңгімеміз де осы тұрғыда өрбіді.
Сейітжан Қисанұлы, Сіз басқарып отырған ұйымның бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
– Атырау облысы ТЖД-ның Ардагерлер кеңесі 2007 жылы құрылған. Оны біздің сала сол кездерде ішкі істер саласынан бөлініп шыққан соң құрған болатынбыз. Ең алғаш Бейсенбай Қабдолов деген азаматты төраға етіп сайладық. Одан 2008 жылы өзім зейнеткерлікке шыққан соң, ұйымның жетекшілігін өз қолыма алдым. Содан бері осы қызметті атқарып келе жатырмын. Облыс бойынша 280 зейнеткеріміз бар.
Ардагерлер кеңесінің жұмысын көтеру мақсатында ақылдаса келе, жасы 80-90-нан асқан ардагерлердің тізімін жасап, мекенжайларын анықтап, туған күндерін нақтылап, мереке күндері арнайы барып құттықтап шығайық деп шешім қабылдадық. Олардың жастармен кездесуін ұйымдастырып, ақыл-кеңесін тыңдап, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дәріптеп отыруды жөн көрдік. Өйткені, қызметтен кеткен соң ұмытып кеткендей болмайық, олардың да көңілі көтеріліп, мәз болып қалсын деген ой ғой. Осы мақсатта кадр бөлімінің қызметкерлері, кеңес мүшелері бар, гүлімізді, сыйлығымызды алып, формамызды киіп, құттықтап барғанымызда көздеріне жас алып жылап жіберген ардагерлеріміз де болды. Көбіне кейуана әжелеріміз көңілі босап жатады. Оның себебін сұрағанымызда: «Қайдан жыламайын, 18 жасымызда қызметке келдік. Бүкіл жан-жүрегімізді, жастығымызды осы жұмысқа бердік. Аяғымызда керзі етік, өрт сөндіруге кеткен қарауыл топтың амандығын тілеп, лауазымымыз қандай екеніне қарамастан барлығымыз бірдей телефонист та болып, тазалық та жүргізіп, ас та дайындап осы қызметтің отымен кіріп, күлімен шығып едік. Өрттен келгеннен кейін ер азаматтардың киімдерін, өрт құрал-саймандарын тазалауға да көмектесетінбіз. Ол кездерде Атырау мұнай өңдеу зауыты, химиялық зауыт (қазіргі пропилен зауыты), өндіріс орындарында қауіпті өрттер жиі болып тұратын. Сендерді көріп, сол күндерім есіме түсіп отыр», – дейді. Біз кездесулерге жас қызметкерлерді де әдейі ертіп алып барамыз. Өйткені, мұндай әңгімелердің тәлімдік тұстары өте көп.
Ұлы Отан соғысына қатысқан екі ардагеріміз бар еді. А. Погадаев және С. Калягин деген кісілер өткен жылы қайтты. Төрт тыл ардагері болды. Олар да о дүниелік болды. Көзі тірісінде оларға бар құрмет-марапатымызды көрсеттік. Қазір көзі тірі Головко Ирина Николаевна деген бір тыл ардагеріміз және төрт ауған соғысының ардагері бар. Олармен де кездесулер өткізіп тұрамыз.
Құрылымдық байланыстарыңыз қандай?
– Биылдан бастап аудандарда бастауыш топтар құрылып жатыр. Қызылқоға ауданында өздері бастама көтеріп, Ардагерлер кеңесі құрылды. Қалған аудандарда енді-енді басталып жатыр. Жарғы бойынша бір ауданда кемінде үш ардагер болса, ұйым құруға рұқсат.
Өткен жылдары екі рет ІІМ Ардагерлер кеңесінің конференциясына қатысып қайттық. Сонда қойған мәселелеріміз болды. Бір жиында мен «Қоғамдық жұмыс болғандықтан, тегін қызмет жасап жүргеніміз белгілі. Бірақ, атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымына қарап, бастауыш пария төрағаларын штатқа енгізсе» деген ұсыныс айтқанмын. Осы ұсынысымды Астанадағы әріптестерім де қолдап, бізді биыл қаңтар айының аяғынан бастап штатқа алып, ТЖД бастығының кеңесшісі лауазымына тағайындады. Қазір осы қызметті қатар алып жүрмін.
Атырау облыстық ІІД Ардагерлер кеңесін осы уақытқа дейін басқарған Ғалымжан Қазиханов, қазір басқарып отырған Зиядолла Мыңбаев ағаларымызбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеміз. Таяуда біздің облыста «Қазіргі заман қаһармандары» атты республикалық акция өткенін білесіздер. Оған еліміздің әр облысынан ерлік жасаған ішкі істер саласы қызметкерлері шақыртылды. Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесі де осы шараға өз үлесін қосты. Кеңес төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков ағамыздың өзі келіп қатысты. Облыстық ІІД ауласындағы қаза болған қызметкерлерге арналған мемориалға гүл шоқтарын қою рәсімі, су жаңа көлік кілттерін тапсыру шарасы және М. Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында салтанатты концерттік кеш өтті. Осы шаралардың бәріне ардагерлеріміз қатысты.
Төраға облысқа сапары барысында ішкі істер саласы ардагерлерімен кездесу өткізуге шешім қабылдаған екен. Соған мен төтенше жағдайлар саласының 10 ардагерін алып бардым. Бұған дейін үш адамды марапаттауға ұсынған болатынмын. Осы жиында біздің Нұрмұрат Ұлықманов, Жұмағали Махамбетов сынды ағаларымызды Құрмет грамотасымен, Жансәуле Өтеева деген апамызды «ІІМ Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттадық.
Ардагерлер кеңесінің жұмысы тек жиын, марапаттаумен шектеліп қалмайтын болар?
– Сұрағыңыз орынды. Тағы бір атқарып жатқан жұмыстарымыз – аттестациялық комиссияның құрамында қызметкерлердің біліктілік дәрежесіне баға беру. Мұндай сынақтар кезінде қызметкердің білімі мен тәжірибесінен бөлек, моральдық, адамгершілік қасиеттеріне де баса назар салып отырамыз. Алдымызға келіп тұрған қызметкердің ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқаны болса, солардың тәлімгерлік жұмыс жүргізуіне, жастарды қамқорлығына алып тәрбиелеу шараларын жүргізуіне талап қоямыз. Департамент бастығы Сағымбек Өмірзақов, қызмет бастығы Абдуғаппар Жұманов мырзалармен қанаттас жұмыс жасаймыз. Осы кісілер де тәлімгерлік, ұрпақтар сабақтастығы мәселесіне жіті мән береді. Қандай мереке болса да ардагерлерді қатардан қалдырмай шақырып, оқушылармен, студенттермен, жас қызметкерлермен, жеке құраммен тәлімгерлік кездесулер өткізуге мұрындық болып, түрлі шаралар ұйымдастырып тұрады. Тіпті спорттық, мәдени шараларда да біз қазылар қатарынан табылып, марқайып қалатынымыз бар. Сонымен қатар, Ардагерлер кеңесіне департаменттің бас ғимаратынан кабинет бөліп, компьютер, принтер сынды ұйымдастыру техникаларымен қамтамасыз етіп, жұмысымызға кең көлемде қолдау жасап келеді. Осы жағдайды пайдаланып, аға буынға көрсеткен құрметі үшін Атырау облысы ТЖД бастығы Сағымбек Сиратұлына алғысымды білдіргім келеді.
Одан бөлек, мен Тәртіптік комиссияның мүшесімін. Бұл комиссияның қатарында өз басым көбіне қызметкерлерді жазалаудан гөрі, тәрбиелеу бағытында жұмыстар жүргізілгенді жөн көрем. Оны осы комиссиялардың жұмысын ұйымдастыратын кадр бөлімі де әркез ескеріп, құжат жүзінде негіздеп отырады. Жалпы біздің ұйымның ауқымды жұмысын кішігірім әңгімеде кеңінен сипаттап беру мүмкін емес болар. Әйтсе де негізгі тұстарын қамтып өттік деп ойлаймын. Бұл жұмыстар одан әрі жалғаса беретін болады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ,
Астана-Атырау-Астана
Суреттер автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*