Полиция айбынын асқақтатқан азамат

Еліміздің көлік полициясында 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан білікті де білімді тергеушілердің бірі – полиция полковнигі Нұрлан Омашев. Ол бүгінгі таңға дейін бұлтарпас айғақтар арқылы ақиқаттың ақ-қарасын ажыратып, қылмыстық істің артындағы адам тағдырына деген зор жауапкершіліктің жүгін абыроймен арқалап келді. Бүгінде Нұрлан Бисембіұлы Ақтөбе стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімі бастығының қызмет жөніндегі орынбасар.
Нұрлан Омашев ішкі істер органдарындағы қызметін КСРО ІІМ Батыс Қазақстан облыстық Көліктегі ІІБ Қандыағаш стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімінің милиционері болып бастады. Бір жылдан кейін Беларусь Республикасы Могилев қаласындағы КСРО ІІМ-нің көлік милициясы арнайы орта мектебіне оқуға түсті. Кейіннен Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы ІІМ-нің заң институтын ойдағыдай тәмамдады. Осыдан кейін-ақ сол кездегі қатардағы полиция қызметкері үшін өз мамандығын түбегейлі игерудің сара жолы басталды.
Сонау 90-жылдардың басындағы қоғамдық тәртіптің босаңсыған тұсында темір жол бойымен қатынайтын жүк пойыздарында орын алатын қылмыс өрши түскен еді. Соның бірі – 1992 жылы алты адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ Қиғаш разъезі мен Ганюшкино стансасы аралығында жылжымалы құрамдағы контейнерлерден аса ірі көлемде ұрлықтар жасағанда аталған қылмысты көлік полицейлері әшкерелеп, ұрлық дерегі 18 эпизодтан тұратындығы анықталды. Тергеу амалдарын Нұрлан Омашев жүргізген еді.
Қызметтің беделі мен абыройы үшін өз жұмысын адал атқарып келген ол: «Білікті тергеуші болу үшін біліммен бірге қарымды қабілет қажет. Тергеуші бойында сабырлық пен шыдамдылық, табандылық пен үлкен жауапкершілік болуы тиіс», – дейді.
Оның қызметтік тәжірибесінде есте қаларлық оқиғалар аз емес. Соның тағы бірі – Атырау стансасындағы ІІЖБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген кезінде, 1998 жылы қараша айында «Душанбе-Волгоград» бағытындағы жолаушылар пойызында орын алған еді. Жол жүру барысында пойызда Тәжікстан азаматы қайтыс болып, Құлсары стансасына келген кезде пойыздан түсірілді. Дереу сараптама жасау барысында онын асқазанынан героин есірткі заты табылып, оның уланып қайтыс болғаны анықталды. Тергеп-тексеру барысында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Ресей Федерациясына есірткі тасымалдаған тәжік азаматтары анықталып ұсталды.
Сонымен қатар, 2009 жылы темір жол аймағында орналасқан ЖШС-нің тұйық жолында тұрған цистернаны белгісіз біреулер маневр тепловозымен алып шығып, цистернадан 25 тонна жанармай құйып алып, қайта орнына әкеліп қойған. Ол кезде Нұрлан Бисембіұлы Ақтау стансасындағы ІІЖБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметінде еді. Жедел-іздестіру шаралары барысында аталған ұрлықты вагон құрастырушы ұйымдастырғаны анықталды. «Бір таңқаларлығы, мен күдікті азаматтың ұялы телефонына хабарласып, одан ештеңе сұрамастан: «Ұрлаған бензинді сатып жіберме, құнын төлейтін сен, өзің полицияға кел», – дедім. Аз уақыттан кейін ол өзі келіп ұрланған жанармай қайда тұрғанын көрсетті», – дейді Нұрлан Омашев.
Оның көптеген қылмыстарды ашу барысында қалыптасқан түйсігі ақ пен қараның ара-жігін ажыратып, кәнігі қылмыскердің жасаған қылмысын осылай мойындатты. Қызметтің қиындығына мойымай, күндіз-түні уақытпен санаспай, өз ісінің қыр-сырын мықтап меңгерген Нұрлан Бисембіұлы бүгінде кейінгі жас мамандарға үлгі болып келеді.
Бүгінде Қазақстан полициясы еліміз бен жеріміздің қорғаны, тыныштығымыздың сақшысы, мемлекет қауіпсіздігінің кепіліне айналды. 25 жылдық тарихы бар айбынды Қазақстан полициясының даңқын арттыруда бойындағы күш-жігерін сарп етіп келе жатқан осындай білікті мамандарымыздың арқасында ел іргесі мығым, бірлігі бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы бола түспек.

Айнұр ҚАБДОЛДАҚЫЗЫ, Көліктегі ІІД

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*