Іскер маман

Ардабек Партизанұлы Моңғолия Республикасы Баян-Өлгей қаласында қарапайым қазақи отбасында дүниеге келген. Әкесі Партизан Нұрғарапаұлы көмір шахтасында бас есепші болса, анасы Брусия Ләззатқызы Моңғолия Республикасының халыққа еңбегі сіңген әншісі.
Он ағайындының ішінде Арекең 5-сі екен. 1991 жылы 11 жасында ата-анасы тарихи Отандарына қоныс аударуды ұйғарады. Көкшетау облысы, Уәлихан ауданының Сапақ ауылына көшіп келіп, ата-бабаларының жеріне оралады. Бастапқы кезде жаңа жерге үйренісу қиын болды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде өзінің зеректігі, алғырлығымен ерекшеленіп, жоғары сыныптарда Ақмоладағы Жамбыл Жабаев атындағы №5 қазақ интернат-гимназияда білім алады. Мектептегі оқумен қатар қалалық медреседе өткізілетін дәрістерге қатысып, араб тілін үйренеді. Мектеп бітіргеннен кейін Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің сырттай бөліміне оқуға түсіп, қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын игереді.
Тұрмыстық жағдай ауыр болғандықтан Ардабек Партизанұлы жұмысқа ерте араласты. Бастапқыда қара жұмыспен айналысса, кейін араб тілін жетік меңгергендіктен оны Уәлихан ауданы орталығындағы мектепке араб тілі мұғалімі ретінде жұмыс істеуге шақырады. Осылай ол білім беру саласында өз қызмет жолын бастайды. Тәжірибе жинап, оқуын аяқтағаннан кейін аталған ауданның шағын ауылында мектеп директоры лауазымына дейін көтеріледі. Алайда, ауыл жабылғаннан кейін басқа жаққа көшуге мәжбүр болады.
Бала кезден шығармашылыққа бейім, өлең жазып өскен біздің кейіпкер Ақкөл қаласына келіп аудандық «Ақкөл өмірі» газетінің тілшісі қызметін атқарды. Көкшетау қаласында тұрған әкесінің ағасы Баят Жанатұлы өлең жазған белгілі ақын болған. Әке жағынан екінші ағасы Ерболат бірнеше кітаптың авторы. Осы кісілердің өлеңдерін оқып, әңгімелерін тыңдап, Ардабек ағаның бойында өлең жазуға қызығушылығы пайда болған.
2000 жылы 21 жасында отбасы құрған Ардабек Партизанұлы жұбайы Марал Болатқызымен Ерұлан, Нұрәлі есімді екі ұл, Кәусәр есімді қыз тәрбиелеп, өсіруде. Үлгілі отбасылардың бірі.
2008 жылы отбасылық жағдайларға байланысты Ардабек Партизанұлы киелі Біржан еліне, Еңбекшілдер ауданына көшіп келеді. Сол кезде Еңбекшілдер аудандық Ішкі істер бөлімінің Мемлекеттік тіл және ақпарат тобына инспектор қажет болып жатады. Барлық талаптарға сай келген маман бірден Ішкі істер бөліміне қабылданады. Өткен күндерді еске алған біздің кейіпкер басқа саладан келген азаматқа Ішкі істер бөлімінде қызмет атқару үлкен мәртебе, абырой екенін айтты. Бүгінде Ардабек Партизанұлы Еңбекшілдер аудандық Ішкі істер бөлімі штабының аға инспекторы, полиция майоры. Өзінің қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқарады, әріптестері арасында беделді, лауазымдық міндеттерінен бөлек мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде аянбай еңбек етіп келе жатқан аудандық ІІБ-нің бетке ұстар қызметкері, елінің ұлтжанды азаматы.
Қоғамдық іс-шараларға әрдайым атсалысады. Мысал келтіре кетсек, 2016 жылдың қыркүйек айында Павлодар қаласында ішкі істер органдары қызметкерлері арасында «Парасатты полицей» республикалық байқауы өтті. Аталған конкурсқа қатысу үшін облыс бойынша әр ауданның ІІО қызметкерлері арасында іріктеу ұйымдастырылған болатын. Полиция капитаны Ардабек Партизанұлы аталған іріктеуден сүрінбей өтіп, Ақмола облыстық Ішкі істер департаментінің «Көкше сақшылары» командасының капитаны болып облысымыздың намысын қорғады. Байқауда елтаным, ұлттаным, мәдениеттаным бойынша қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, Ақмола облыстық ІІД командасы жүлделі бірінші орынды иеленуіне зор үлесін қосты.
Байқаудың салтанатты марапаттау рәсімінде сол кездегі Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-лейтенанты М. Демеуов құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаздарды грамоталармен марапаттады. Сонымен қатар, оларға бағалы сыйлықтар, ноутбуктер табысталды. «Көкше сақшылары» үлкен жеңіспен елге оралды. Қызметкеріміздің келешекте осындай жеңістерге жете беруін, әрдайым биік белестерден көрінуін тілейміз. Жүрегі елім деп соққан ұлтжанды азаматтар елімізде көп болғай.

Әйгерім ЖЕКСЕНОВА, Ақмола облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Егемен елдің ертеңіне сенемін

Бүгінгі таңда жастардың ТМД және шет елдерде білім жетілдіруі, жоғары оқу орындарына оқуға түсуі жолға …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған