Жасөспірімдер жүрегіне жол тапқан

Ақтөбе қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің Заречный полиция бөлімі ювенальды полициясының аға инспекторы, полиция капитаны Алтын Жармаханова жасөпірімдермен тіл табысып, оларға сенім артудың маңызды зор деп санайды. Ол еңбек жолын орта мектепте бастап, кейін 2005 жылы ішкі істер органдарына келген. Алғашында «02» бөлімінде кезекші инспектор болып, кейін жұмысын ақпараттық техникалық қызметте жалғастырып, сосын кәмелетке толмаған жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор болып еңбек еткен. Бүгінде осы саланың қыр-сырын игерген өз ісінің білгір маманы.
«Кәмелетке толмаған жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор болу оңай емес. Бір мезгілде заңгер, педагог, әрі психологтың міндетін атқаруға тура келеді. Жасөспірімдермен тіл табысып, олардың әрқайсына түсіністікпен қарап, тағдырларына алаңдап, дұрыс жол көрсетіп, өмірден өз орындарын таба білулеріне ықпал ету қажет», – деген Алтын Жармаханова өзінің тәжірибесінде болған оқиғалармен бөлісті.
«Маған бір күні қаладағы көп қабатты үйлердің бірінің алтыншы қабатындағы терезе алдында үш жас шамасындағы сәби отыр деген ақпарат түсті. Дереу келсек, анасы ішімдікке сылқия тойып алған, түк сезбестен ұйықтап жатыр. Бала болса,терезе алдына шығып, тамақ жеп отыр. Оны сырттан көрген тұрғындар уайымдап хабарласқан екен. Содан баланы оқшаулау орталығына алып кеттік. Анасы мастықтан айыққан соң келді.
Жолдасымен ажырасқан жас ана күйзеліске түсіп, ішімдікке салынып, балаларына дұрыс қараудан қалған. Сол ананы біраз жыл бақылауға алдым. Өзі тұйық, ешкімге ашыла қоймайтын. Уақыт өте келе, маған жайлап сенім артып, арақтан айығуға уәде берді. Алайда, оны дұрыс жолға салу оңай болмады.
Араға уақыт салып, тағы да қоңырау түсті. Бау-бақшада бір бала қараусыз жүр екен. Барсам, менің есебімдегі таныс бала. Анасы үш күннен бері жоқ. Осылайша, оны ата-ана құқығынан айыруға бел будым. Анасы баласынан айырылып қалам деп қатты уайымдап, емделіп, содан сауықты. Біржола арақтан бас тартқасын барып, баласын бердік. Қазір дүкенде сатушы болып еңбек етіп жүр. Баласына әжесі қарап тұрады. Даярлық сыныбына барып жүр. Мен осы кішкентай баланың тағдырына қатты алаңдадым. Оның анасының түзу жолға түскеніне қуандым. Бұл, әрине, бір ғана тағдыр», – дейді аға инспектор.
«Уақыт өзгерді. Тұрмыс жақсарды. Десек те, қазір бір қынжылтатыны – балаларына дұрыс қарамайтын, жауапкершілікті сезінбейтін, нашақорлық пен маскүнемдікті серік еткендер қатары әлі де болса қоғамда кездеседі. Жаңадан қызметке келген жас мамандарға айтарым – жұмысыңа аса жауапкершілікпен қарауың керек. Өйткені, біз жасөпірімдердің тағдырына жауаптымыз. Буыны қатпаған жасөспірімдерді мына өмірдің қиындықтарынан қорғап, оларға дер кезінде қолдау көрсетіп, жанашыр болуға ұмтылуымыз керек. Ұрысып, қорқытып еш нәтиже таппайсың. Жалпы, кәмелетке толмағандар құқық бұзушылыққа барса, оның қандай нақты себептері барын анықтау қажет. Олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, бала тәрбиесіне көңіл бөлу керектігін айтып, тіл табысуға тырысасың.
Мен ата-аналар балалар тәрбиесіне өздерінің мінез-құлықтарымен де ықпал ететінін білем. Сондықтан алдымен ата-аналардың дұрыс болғаны керек. Кез келген бала бақытты болуға құқылы. Біз Ақтөбе қалалық әкімдігіндегі жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссиямен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Ұдайы жедел профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Сол шаралар барысында заңды өкілінің қарауынсыз жүрген балаларды анықтау мақсатында жастар көп жиналатын демалыс және қоғамдық орындарда тексеру жүргізіп, түнгі ойын сауық ошақтарында да рейдтер өткіземіз.
Біз орта мектептермен тығыз жұмыс жасаймыз. Әсіресе, ата-анасы жоқ немесе жартылай жетім қалған балаларға дер кезінде қол ұшын беру керек. Ең бастысы – бізге бала тағдыры сеніп тапсырылады. Бұл қиын да жауапты істе жүректің мейірімділігі керек», – деп ағынан жарылды тәртіп сақшысы Алтын Жармаханова.
Полиция капитаны Алтын Жармаханова 12 жылдан бері ішкі істер саласында жемісті еңбек етіп келеді. Жолдасы да тәртіп сақшысы. Қазір Мартөк аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орныбасары қызметін атқарады. Алтынға әркез қолдау білдіреді. Екі бала тәрбиелеп отырған ана Алтын Жармаханова бала жанына жол таба білген өз ісінің білгір маманы. Ол жас тәртіп сақшыларына кәсібилігімен үлгі.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*