Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Төрткүл дүниеге танытқан Тәуелсіздік

Төрткүл дүниеге танытқан Тәуелсіздік

Кеше Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік мерекесіне орай ерен еңбегімен ерекшеленген ел азаматтарын марапаттады.
«Баршаңызды егемен еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Бұл ғасырлар бойы азаттықты аңсаған ата-бабамыздың арманы болған қастерлі мейрам. Абыройы асқақ, беделі биік мерейлі мемлекетіміздің өзінің екінші ширек ғасырлық белесіне қадам басты. Осы жылдар ішінде біз аз уақытта сыннан сүрінбей өтіп, береке-бірліктің арқасында түрлі қиындықтарды еңсере білдік. Қазір Қазақстан төрткүл дүниеге толық танылған, халықаралық қоғамдастықтың белді мүшесі болып танылды. Алдымызда тұрған мәртебелі мақсат-міндеттерге де бірлесе қол жеткіземіз деп сенемін. Тәуелсіздікке тәу ететін кез келген халық үшін бұдан асқан маңызды мейрам болмаса керек.
Ұлық мерекеміз қарсаңында жыл сайынғы дәстүр бойынша ерен еңбегімен ерекшеленген ел азаматтарын марапаттау – игі дәстүр екенін білеміз. Оның үстіне биыл елордамыздың Алматыдан Ақмолаға көшкеніне 20 жыл толды. Жаңа мыңжылдық қарсаңында сайын далада бой түзеген әсем Астана Тәуелсіздіктің тұмарына айналды. Осындай айтулы күні мәртебелі марапатқа ие болудың символдық мәні өте зор деп санаймын. Сондықтан Ақорданың төріне жиналған сіздер үшін бүгін ерекше мерейлі күн», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыдан кейін Елбасы егемендік алған жылдардан бері атқарылып жатқан істер мен толағай табыстар туралы тарқатып айтты. «Қазіргі күні біз алдымызға әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену деген үлкен мақсат қойып отырмыз. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен Қазақстанның әлем алдындағы абыройын асқақтатуға бел шеше кірістік. Бұның барлығы да қазақстандықтардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұйымшылдықпен жұмыла іске кіріскенінің көрінісі. Ал біз бүгін Отанымыздың гүлденуі мен дамуына жолында аянбай еңбек еткен тұлғаларға жоғары дәрежелі мемлекеттік наградалармен марапаттаймыз. Ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүргендер жетерлік, сондай елге еңбек етіп жүргендерді марапаттау облыс әкімдері мен басқа да жоғары лауазымды адамдарға тапсырылды», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Бұдан кейін Президент мемлекеттік наградаларды тапсыруға кірісті. «Сенімді серіктестерімнің бірі ретінде Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалауға үлес қосты. Үкімет басшысы орынбасары, министр, Алматының әкімі ретінде ел дамуына ерекше еңбек сіңірді. Ел мүддесін берік ұстайтын Отансүйгіш ретінде өзін көрсете білді. Биыл өзіміз куә болған абырой мен бедел әкелген Халықаралық ЭКСПО көрмесін табысты өткізді. Мен артқан міндетті абыроймен орындап, Халықаралық Көрмелер бюросының жоғарғы бағасын алды», – дей келе, «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары дәрежелі ерекшелік белгісін Ахметжан Есімовтің кеудесіне тақты. Дәл осындай абыройлы атақты жоғары класты инженер ретінде елдің экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамыуына үлес қосып, өз ісінің нағыз маманы ретінде әлемді мойындатқан алғашқы қазақ, «Тенгизшевройл» ЖШС менеджері Руслан Қуатов пен даңқты балуан, олимпиада ойындарының чемпионы, қазіргі күні ірі шаруашылықтың ісін дөңгелетіп, 20 жылдан бері ауылды өркендетуге елеулі еңбек сіңіріп, туған елге қызмет етудің үздік үлгісін көрсетіп жүрген «Жақсылық» ШҚ басшысы Жақсылық Үшкемпіровке табыс етті.
Елге сіңірген елеулі еңбегі үшін «Отан» ордені Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Степное» ЖШС директоры, Ақтөбе облысының Қарғалы ауданынан келген Аманғос Төлеуовке табысталды.
Сондай-ақ, III дәрежелі «Барыс» орденімен «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ бас директорының Қазақстан Республикасы Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин, Президент көмекшісі Нұрлан Онжанов, жазушы Әнес Сарай марапатталды.
III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені «АрселорМиттал Теміртау» АҚ болат қорытушысы Игорь Китаевке, ал «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы «Астана Балет» театры» ЖШС бас балетмейстері Мукарам Абубахриева мен еңселі елордамызды сәулет өнері арқылы айшықтауға зор үлес қосқан Елтаңба авторы, «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» РММ профессоры Жандарбек Мәлібекұлына берілді.
«Біз тыныш заманда өмір сүріп отырмыз. Алайда, тыныш заманда да нағыз батырлықтың үлгісін көрсетіп жүрген бейбіт күннің батырлары бар» деген Елбасы «Ерлігі үшін» медалін Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісі Руслан Базарбаевтың кеудесіне ілді. Ол өз өмірін қатерге тігіп, көпқабатты үйдегі жалындаған өрттен үш адамды алып шыққан еді. Осындай орденмен мемлекеттік қызметте жүріп елдің өркендеуіне үлес қосып жүрген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басқарма басшысының орынбасары Андрей Югай марапатталды.
«Парасат» ордені Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Әділет министрі Марат Бекетаев, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі Меруерт Өтекешоваға берілсе, «Құрмет» орденімен Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Мектепке дейінгі шағын орталығы бар Қастек орта мектебі» КММ мұғалімі Базаркүл Бердікенова, кәсіпқой боксшысы, WBA FedeCaribe тұжырымы бойынша чемпион Қанат Ислам, Павлодар облыстық балалар ауруханасының дәрігері Төлеген Мүтішев, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен киноактриса Әсел Сәдуақасова марапатталды.
Сонымен бірге, Қазақстанның қарыштап дамуы мен өркендеуіне білім мен ғылым, өнер мен мәдениет, спорт пен бизнес секілді сан түрлі саланың мамандары да үлес қосып келеді. Осылай деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев әл-Фараби атындағы Ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы мемлекеттік сыйлығына ие болғандардың есімін атады. Бұл сыйлыққа физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рәтбай Мырзақұлов «Ерте және орта ғасырлардағы Қазақстандағы кенттену» еңбегі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Карл Байпақов «Болат өндірісінің бәсеке қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ететін, төмен сапалы және техногенді шикізаттарды өңдеуге тарту бойынша әлемдік деңгейдегі технологияларды әзірлеу және оларды коммерцияландыру» және медицина ғылымдарының докторы, профессор Валерий Бенберин «Белсенді ұзақ өмір сүруді қамтамасыз етудің ғылыми дәлелденген әдістері» тақырыбындағы жұмыстары лайық деп танылған.
II дәрежелі «Даңқ» орденіне Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары-штаб бастығы Андрей Қаскеленов пен Аумақтық қорғаныс бас басқармасының бастығы – Қарулы Күштер аумақтық әскерлерінің бастығы Сұлтан Қамалетдинов ие болды. II дәрежелі «Айбын» ордені Қорғаныс министрлігі 18404 әскери бөлімінің командирі Жанат Ермұханов және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Терроризмге қарсы орталығының штаб бастығы Жанат Сайполдаевқа табысталса, III дәрежелі «Айбын» ордені Мемлекеттік күзет қызметі 0112 әскери бөлімінің бөлімше командирі Ержан Жақаевтың кеудесінде жарқырады.
Марапаттау салтанатынан соң сөз алған Жақсылық Үшкемпіров: «Қазiр мен Жамбыл ауданына қарасты ауылға газ тартқызып, спорт кешенiн, балабақша мен қолжетiмдi пәтер салып жатырмын. Жетiм-жесiрлерге көмектесiп келемiн. Бұның барлығымен келешек ұрпаққа өнеге болсам деймiн. Солар мен сияқты артымнан ерсе деймiн. Менiң арманым бар. Бiзде көп болса 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Сондағы 5 мың қазақтың жiгiтi ауылдарын көтерiп жiберсе», – деген тілегін жеткізді. Ал оқыс оқиғада көрсеткен ерлігін қызметкердің күнделікті жұмысы ғана екенін айтқан Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісі Руслан Берікұлы: «Ант қабылдаған адам қандай өңірде болмасын, кез келген жағдайда қызметті мінсіз атқаруы тиіс», – дейді.

Жадыра МҮСІЛІМ

Сондай-ақ, оқыңыз

Қаһармандарға құрмет

Жыл сайын дəстүрге айналған Республикалық «Қазіргі заман қаһармандары» акциясы биыл 21-25 қараша күндері Атырау облысында …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған