Егемендік – ел мұраты

Тәуелсіздіктің барлығымызға артар міндеті зор. Аңсап, зарыға жеткен құндылығымызды қастерлеуіміз қажет. Еліміз үшін маңызы зор мерекеге орай, 15 желтоқсан күні Ішкі істер министрлігінің клубында салтанатты іс-шара өтті. Оған Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов, министрліктің басшылық құрамы, ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлері, сонымен бірге, ІІМ-нің бұрынғы басшылары қатысты.
Шараның ашылу салтанатында Ішкі істер министрі Қ. Қасымов Елбасымыздың көреген саясаты арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде қалыптасып, экономикасы дамыған бәсекеге қабілетті елге айналғанын атап өтті. Одан әрі тұрақты даму үшін елімізде сенімді құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті, тұрақтылықты нығайту және азаматтардың конституциялық құқығын тиімді қорғауды қамтамасыз ету қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.
– Осы ретте ішкі істер органдарына артылар міндет зор. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап ІІМ-нің жүйесі жан-жақты дамып, жетілу үстінде болды. Полиция қызметкерлері талай қиын сынақтарды бастан өткеріп, шыңдалды. Соның нәтижесінде ішкі істер органдары еліміздегі мемлекеттік биліктің сенімді тірегіне айналды, – деді Ішкі істер министрі.
Бүгінде қазақстандық полиция тарихы батырлық пен ерлікке бай. Соның айқын бір дәлелі – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан күні бүгінге дейін ішкі істер органдарымен Ұлттық ұланның 1246 қызметкері мемлекеттік наградаға ие болды. Оның 108-іне бұл марапат қаза тапқаннан кейін берілді. Полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа қаза тапқаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы берілсе, полковник Қайрат Үмбетов бұл атаққа жасындай ерлігімен қол жеткізіп, кейінгілерге шынайы патриотизмнің үлгісін көрсетіп келеді. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында 946 полицей қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапты, 2353 қызметкер жараланды.
Сонымен қатар, іс-шарада Қалмұханбет Қасымов тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ішкі істер министрлігін басқарған Қайырбек Сүлейменов, Болат Ысқақов және министрдің орынбасарлары болған Василий Симачев, Иван Отто, Николай Власов, Қожамұрат Өскенбаевты арнайы марапаттап, жас мемлекеттің іргесін нығайтуға қосқан өлшеусіз үлестеріне алғыс сезімін білдірді. Олардың барлығы да Елбасының Жарлығы бойынша «Құрмет» орденімен, ішкі істер органдарының ардагері Кемел Жұмашев «Парасат» орденімен награтталды.
Сондай-ақ, әскери және қызметтік міндеттерін адал орындап жүрген заңдылық пен құқықтық тәртіпті қорғаудағы ерлігі мен қайсарлығы үшін ішкі істер органдары, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен ардагерлері марапатталды. Оларға Елбасының арнайы Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, І дәрежелі «Даңқ» ордені жәнен «Ерлігі үшін» медальдары табыс етілді. Ведомстволық наградалар және грамоталарға ІІО-ның қызметкерлері ие болды.
Іс-шараның соңы ІІМ мәдениет орталығы мен Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің әншілері мен Ұлттық ұланның ән-би ансамблі дайындаған меркелік концертке ұласты.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ,
суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*