Азат елдің қарлығашы

Қылмыстың ақ пен қарасын ажыратып, ақиқатын анықтау сияқты салмағы зіл батпан жауапкершілікті арқалайтын тергеушілердің еңбегін жанкешті еңбек десек қателеспейміз.
Небір қандықол қарақшылармен бетпе-бет отырып, майдан қыл суырғандай етіп қылмысын мойындату бір қарағанда азаматтың азаматы атқаратын іс сияқты. Бірақ, осы бір қызығынан гөрі қаупі басымырақ мамандықты таңдаған нәзік жандылар да жетерлік. Солардың бірі – Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімі Тергеу бөлімшесінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Гауһар Сарыева.
Гауһар Нұрбердіқызы үшін әсіресе еліміздің егемендік алған күні ерекше мейрам. Өйткені, ол – біздің ата-бабамыздың аңсап кеткен арманы орындалған күн – Тәуелсіздік қарсаңында өмірге келген. 1991 жылдың 7 қазанында Алматы облысы, Күрті ауданының Ақши аулында туған қыздарына «гауһар» деген асыл тастың атауын еншілеген ата-анасы сол кезде Гауһардың болашақта болаттай берік төзімді талап етер мамандықты таңдайтынын ойламаған да шығар. Бірақ, тұлымшағы желбіреп жүретін кішкентай Гауһардың мінезі ерекше болды. Өзінің жан-дүниесі қанша нәзік болғанымен де, боркемік адамдарды көрсе болды, қайсар қасиеті қанында тулап шыға келетін. Орта мектепті бітіретін кез жақындап, балалардың бәрі қандай мамандықтың жалына жармасарын білмей дағдарыңқырап жүрген кезде Гауһар «Мен полиция қызметкері боламын» деген сөзді ант қабылдағандай асқан ыждағаттылықпен айтатын. Оны осы арман Алматыдағы ІІМ Академиясына жетелеп келді. Қазақ мектебін «жақсы» оқып бітірген Гауһар сол жылы бағы жанып, академияның қазақ тобының тыңдаушысы атанды.
Нәзік қыздың бойындағы жалынды жігер академия қабырғасындағы ізденіспен ұштасты. Еліміздің тыныштығына жауап беретін мамандар даярлайтын оқу орнында білім ала жүріп, ол ғылыми жұмыспен де айналысты. Сабақтан қолы босаса болды кітапханадан табылатын. Қандай қоғамдық жұмыс болмасын бар ынтасын салып істейтін тыңдаушының тындырымдылығы мен ізденімпаздығы басшы құрамның назарынан ешқашан тыс қалған емес. Бірнеше мәрте мақтау грамоталарын алып жүрген Гауһар Нұрбердіқызының есінде ерекше сақталған оқиға – 2011 жылы «Ең үздік ғылыми жұмыс» номинациясы бойынша Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры А. Күреңбековтің қолынан алған марапаты. Г. Сарыеваның суреті үлгілі тыңдаушы ретінде «Құрмет тақтасынан» да орын алды. 2013 жылы Алматыдағы ҚР ІІМ Академиясын қызыл дипломға бітіріп, ең алғашқы шені «полиция лейтенанты» атағын да Ішкі істер министрі генерал Қ. Қасымов өз қолымен тапсырған еді.
Гауһар академияны үздік бітірген соң жолдамамен Алматы – 1 станциясындағы Ішкі істер желілік басқармасының жедел криминалистика бөліміне криминалист болып келді. Желілік ішкі істер саласында жергілікті жерлердегідей адам өлтіру, денеге ауыр жарақат салу сияқты қандықол қылмыстар болмаса да желілік салада әрбір тіркелген қылмыстың ашылуын қамтамасыз ететін криминалистердің міндеті тым жауапты екені сөзсіз. Қандай жас маман болса да теориялық білімін тәжірибемен ұштастырарда ұстаздың қамқорлығына зәру болмақ. Гауһарға бағыт-бағдар беріп, шым-шытырық жұмыстың қыр-сырына баулыған ұстазы – ұзақ жылдар криминалистика саласында табанды еңбек етіп жүрген полиция подполковнигі Қосай Қасенұлы Шөтенов.
Тумысынан зерек әрі өзі бар жанымен ұнатып таңдаған мамандығы болған соң да Гауһардың көрсем-білсем деген талабы күннен күнге арта түсті. Жас маманның қызмет саласындағы алғашқы жетістігі – Көліктегі ІІД бастығы Б. Бисенқұловтың бұйрығымен берілген қызметте жетістіктерге қол жеткізгені және қылмыстарды тергеу мен ашуға ықпал еткені үшін берілген мақтау грамотасы болды. Осы бір марапатты алуына ықпал еткен оқиғаның желісін Гауһар әлі де ұмытқан жоқ.
2013 жылғы 30 қыркүйекте Алматы-1 стансасындағы ІІЖБ-де тіркелген ұрлық фактісі бойынша оқиға болған жерді қарау мен өңдеу кезінде темір пластиналардан алынған аяқ ізі мен Алматы-1 стансасындағы ІІЖБ-ге жеткізілген В. Вертугиннің аяқ киім табанынан алынған іздің оқиға орнынан алған іздермен сәйкестігі Гауһардың зердесінен тыс қалған жоқ болатын. Жас маманның осы бір қырағылығы ұрлықты дер кезінде ашуға мүмкіндік берді. Гауһар Сарыева бүгінде Алматы қаласы әуежайындағы ЖПБ Тергеу бөлімшесінің тергеушісі міндетін атқаруда. Сабырлы да салмақты мінезімен әріптестерінің ортасында сыйлы тергеуші үнемі ізденіс үстінде жүреді. Соның тағы бір нәтижесі – полиция капитаны Г. Сарыева ҚК-тің 175 бабы «а» тармағы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында Халықаралық Алматы әуежай басшылығына әуежайдың ғимаратына орналастырылған лотореялық интернет ойын аппаратын алып тастауға ұсыныс берген болатын.
«Әуежай күніне жүздеген жолаушылар ат басын алғаш тірейтін ғимарат. Ал, Тәуелсіз елімізге тұңғыш келген адамның алғашқы көзқарасы осы әуежайдағы тәртіпке қарап қалыптасады десек, лоторея ойнайтын интернет аппараттарын жағалайтындар негізінен делдалдық, арбакештік, заңсыз жолаушы тасымалдаумен айналысатындар. Олар әуежайдың ішкі ережесін бұзып қана қоймай, құқықтық тәртіпті бұзуға да бейім. Сондықтан да мен мұндай ойын аппараттарын Алматы Халықаралық әуежайына қойдырмау туралы мәселені арнайы кеңесте қарау туралы ұсыныс жолдаған болатынмын. Менің бұл ұсынысымды Алматы қаласы әуежай басшылығы жедел кеңесте талқылап, лотореялық ойын аппараттарын әуежай ғимаратынан алып тастау туралы шешім шығарды», – дейді полиция капитаны Гауһар Нұрбердіқызы.
Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев жастарға үлкен сенім арта отырып, Мемлекеттің болашағы жастардың қолында екенін жиі қайталауда. Сондай сенім жүгін абыроймен арқалай алатын жастардың бірі – Гауһар Нұрбердіқызы.
«Тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз. Ширек ғасыр ішінде біздің мемлекетіміз небір қиын сынақтардан сүрінбей өтті. Қазақстанымыздың дамыған елдер қатарында гүлдене түсуіне Тәуелсіздіктің құрдастары – менің құрдастарымның да қосатын үлесі зор болмақ», – дейді полиция капитаны Гауһар Сарыева.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*