Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаршы / Еркіндігім – қасиеттім, қастерлім

Еркіндігім – қасиеттім, қастерлім

Осыдан 26 жыл бұрын тәуелсіздік ақ таңы арайлап атқанда шыр етіп дүниеге келген сәбилер бүгінде жігіт жасына келді. Теңдік пен татулық, елдік пен еркіндікті ту етіп өсіп келе жатқан бұл буыннан күтер үміт те зор. Жиырманың алтауына келген тәуелсіздік құрдастары әр салада бой көрсетіп, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етуде. Құқықтық тәртіп пен қоғамдық тыныштық күзетінде тұрған тәртіп сақшыларының арасында тәуелсіздіктің түйдей құрдастары да бар. Астана қалалық ІІД ЖПҚ ЖПП полкінің қызмет инспекторы, полиция лейтенанты Дархан Түсіпбеков солардың бірі.
Дархан Раханұлы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының Мойынқұм ауылында Тәуелсіздіктің таңы арайлап атқанда дүниеге келген. Одан кейін отбасымен мойынқұмнан Қордай ауылына көшіп кетіп, мектепті сол жақтан оқыған. Балалығының бал күндеріне куә болған Қордаймен қош айтысып, мектеп бітіре сала арман қуып Астанаға келіпті. «Бұл 2008-2009 жылдар болатын. Содан, міне, еліміздің еңселі елордасымен бірге өсіп, бірге өніп келе жатқан жайым бар. Осы қаланың тұрғыны болып кеткеніме де он жылға таяп қалған екен», – деп бастады әңгімесін Дархан Түсіпбеков.
Дархан ол кезде небәрі мектепті жана бітірген жеткіншек еді. Сол жылы қатарластарынан қалмай Семей қаласындағы Қазақ гуманитарлық-заң университетіне заңгер мамандығы бойынша сырттай оқуға түседі. Оқып жүргенінде әскерге шақырту алып, 2012 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Ол кезде жиырмадан енді асқан Дархан өздігімен шешім қабылдап, шорт кесіп айтатын мінезінің арқасында көп ойланып жатпай, екі күннің ішінде әскерге аттануға бекініпті. Сол бір кезді күліп еске алатын ол: «Әскерге баратын болып өзім шештім, өйткені қайткенмен де ер азаматтың қайтпас қайсар, айбынды, адуынды, айбарлы болуына ықпал ететін де әскер деп білемін. Менен мұндай шешімді ешкім күтпеген болар, анам білгенде көз жасына ерік беріп, алаңдаушылық білдіргені есімде. Өйткені, әскерге кететін кезде анам басқа қалада іссапарда жүрген еді, кенже ұлының Отан қорғауға аттанып кеткенін үйге келгенде бір-ақ білді», – дейді ол. Олар отбасында үшеу, Дархан үйінің сүт кенжесі. Алдында арқасүйер, ақыл айтар аға-апасы бар.
Көзді ашып жұмғанша зырғып өткен әскердегі бір жыл Дарханның қалыпты өмірін басқа арнаға бұрған. Әскерде әскери-инженерлік қызметкер болған, түрлі оқу-жаттығуларға қатысып, жақсы қырынан көрініп, кіші сержант атағын алып шыққан. 2015 жылы Ішкі істер департаментіне қызметке қабылданғанда кіші сержант атағы бірден беріліпті. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, ішкі істер саласына қызметке тұруымның сәті түскен болар, сынақтарды сүрінбей тапсырып, еш қиындықсыз жұмысқа қабылдандым. Ол кезде ЖПП авторотасы болатын, бастапқыда сонда жүргізуші полицей болып орналастым», – деді кейіпкеріміз. Әулеттерінде ішкі істер органдарында қызмет етіп жүрген ешкім жоқ, тек Дархан ғана осы жолды таңдапты.
Егемен елдің ертеңі үшін еңбек етіп, тәуелсіз мемлекетте бейбіт өмір сүріп, жоқшылық пен таршылық көрмей өсіп келе жатқан буынбыз деген ол: «Тұғырлы тәуелсіздігіміздің арқасында бүгін құқық қорғау органдарының қатарында қызмет етіп, ел тыныштығына титімдей болса да үлесімді қосып келеміз. Егемен еліміздің тәй-тәй басқан қадамдарына куә болып, еңсесін тіктеп келе жатқан мемлекетімізге қызмет ету бақыты бұйырған екен. Әлі есімде, әкем бала күнімде «сен туған кезде отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап болып, есімізді жисақ, Кеңес Одағы ыдырап кетіпті» деп қалжыңдап айтып отыратын. Тәуелсіздіктің бізге берген тартуы көп. Тәуелсіз елде туып өскен ұрпақ бақытты, расымен. Бүгінде тәуелсіз ел болып, егемендігімізді жариялағанымызға 26 жыл толып отыр, адам ғұмырымен өлшесек, 26 жас – жігіттің толысып, кемелденер, бозбалалықтан ересек өмірге өткен шағы. Тәуелсіздік құрдасы болуым үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді полиция лейтенанты.
Екі жылдан астам уақыт осы саланың илеуін илеп жүрген Дархан жұртшылық жол-патрульдік полицейлердің жұмысын жеңіл көретіндерін, шындығында олар қызмет бабында күнделікті қылмыс әлемінің ортасында жүретіндерін, ертеңгі күні олардың есен-саулығына ешбір кепілдік жоқтығын айтады. «Анамның күнде жұмысқа шығарып салып жатқанда «аман барып, аман кел, құлыным» деп амандығымды тілеп қалады. Шынында, 102 жедел басқару орталығына түскен қоңыраулар бойынша шақыртуларға шыққанда ол жақта сені не күтіп тұрғанын білмейсің, түрлі жағдайларға тап болып жатасың», – дейді сөз арасында.
Әлем назарын аударған ЭКСПО көрмесі кезінде елордалық полицейлерге екі есе жауапкершілік жүктелгенін білеміз. Елорда сақшыларының жұмысы көрмені көрмекке келген шетелдіктердің көңілдерінен шыққаны өтірік емес. Дархан да жаз айларында көрмені тамашалауға келген талай шетел азаматының алғысына бөленген екен.
Жаздың жаймашуақ күнінде болған оқиғаны есіне алған тәртіп сақшысы: «ЭКСПО көрмесі ашылғаннан кейін екінші күні Астананың Оңтүстік-Шығыс ауданында көше бойында қаңғыбастар үймелеп отыр екен, олардың арасынан сыптай болып киінген, қолында дипломаты бар азаматты көзіміз шалды. Шетелдік азамат бізді көре сала көмектесіңдер дегендей ишарат білдірді, оның көзінен көмекке мұқтаж екенін түсіну қиын болған жоқ. Қаңғыбастар оны тырп еткізбей ұстап отыр екен. Қасына барып ағылшын тілінде мән-жайды сұрай бастап едім, сөйтсем ол Италия елінің азаматы екен, ағылшын тілін түсінбейтін болып шықты. Оны біз көлігімізге отырғызып алдық, тілдесейік десек, бір-бірімізді түсінбейміз. ЭКСПО көрмесі кезінде 102 жедел басқару орталығына шығып, аудармашының көмегіне жүгінуге болатын. Сонда звондап аудармашы арқылы сөйлестік. Сөйтсе итальяндық азамат әуежайдан түсіп, басқа автобусқа отырып кетіпті. Автобус оны соңғы аялдамасында тастап кеткен, сол жерден ол такси ұстаған. Таксист те ары айналып, бері айналып айтқанын түсінбегесін, сол арада түсіріп кеткен. Оның бізге де бар айтқаны «Astana hotel» болды, сосын бір кезде қалтасынан визитка алып шықты. Біз дереу сонда көрсетілген нөмірге хабарластық, бұл азаматты қонақүйдегілер жоғалтып жатыр екен, олар бізден меймандарын жеткізіп тастауымызды өтінді. Аман-есен жеткізіп тастағанымызда оның риза болғаны соншалық қайта-қайта құшақтап, қонағы болуымды өтініп, елшілік арқылы мені бір күн жұмыстан сұрап алмақшы да болды. Бірақ, мен де оны ықылас білдіріп жатқанына алғысымды айтып, қызметіме кірісіп кеттім», – деді Дархан қарапайымдылығынан танбай.
Тағы бірде отбасымен Астанаға келген швейцариялық азамат оларды тоқтайтын қонақ үйге жіберіп, өзі екі ортада көрмеге билет алып келуге кеткен. Ол «Хан Шатырға» билет алуға барамын деп, ақыр аяғында не үйін, не сауда орталығын таппай адасып қалған. Ол кісіге де полиция лейтенанты Дархан Раханұлы барынша көмектесіп, тоқтаған мекенжайға аман-есен жеткізіп тастапты. Ағылшын тілін меңгергенінің арқасында туристермен сол тілде тілдесе алғаны көп көмек болған. Көрме аяқталғанда Дарханның осы еңбегі ескеріліп, басшылық тарапынан марапатқа ұсынылған. Астана қалалық ІІД басшылығы мен Астана қаласы әкімдігінің атынан грамотамен марапатталыпты.
Қызметтен тыс уақытта Дархан футбол ойнап, жүзу спортымен шұғылданады. Бұл біріншіден, жол сақшысының дене дайындығын қалыпта ұстауға көмектеседі. «Замамына қарай адамы» дегендей, ашық-жарқын мінезді жігіттің өмірге деген көзқарасы да жаңаша. Ұстанған бағыты айқын, алға қойған мақсаты асқақ азаматтың алар асуы алда екеніне бек сенеміз.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Тыңдаушының бір күні

Студент. Осы статусты иеленген әрбір талапкер өмірдің жаңа парақтарын ашады. Бозбала мен бойжеткендерді үлкен өмірге …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған