Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаршы / Үздіктер топ жарған күн

Үздіктер топ жарған күн

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында «Үздік батальон командирі», «Батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі үздік орынбасары», «Батальонның үздік штаб бастығы», «Үздік рота командирі», «Рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі үздік орынбасары», «Үздік взвод командирі» атты байқау-сайысы өтті.
Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына көрсетілген басты басымдықтардың бірі – кәсіби білікті мемлекеттік қызмет аппаратын жасақтау болып табылады. Осы мақсатта Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған байқаудың нәтижесінде үздік сардарлар топ жарды. Байқау жеңімпаздарын Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов салтанатты түрде марапаттады.
Әскери бөлімшелердегі жауынгерлік дайындықты жетілдіру, офицерлердің біліктіліктерін арттыру, батальон, рота, взвод әскери буындар бойынша лауазымдық тұлғаларды іріктеу және тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған байқауға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылыққа қарасты 11 әскери бөлімнен іріктелген 38 офицер қатысты. Олар Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары және Алматы қаласындағы әскери бөлімдердің қызметкерлері.
«Ұлттық ұлан әскери қызметшісінен атқарар мамандығы бойынша білімі мен біліктілігі тиісті талапқа дәлме-дәл, жүз пайыздық деңгейге сай болуы талап етіледі. Әскеріміздің орта буын командирлері – офицерлер, келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер және сарбаздарды оқытып, тәрбиелеумен айналысатын адам. Міне, сондықтан да үздіктерді іріктеу мақсатында осындай байқау ұйымдастырып отырмыз. Бұл байқау ең әуелі Ұлттық ұлан офицерлерін кәсіби тұрғыда шыңдалуға, білім-біліктіліктерін ұштауға және де өз елінің патриоты болуға үндейді», – деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов өз сөзінде.
Үш күнге созылған байқау кезінде әскерилердің теориялық білімдерімен қатар тәжірибелік қарым-қабілеттері де сыналды. Олар шешуші кезеңде қарудан атып, жауынгерлік дайындықтарын көрсетті. Ақтық кезеңнің алғашқы күні офицерлер саптық дайындықтарын, мемлекеттік тіл, қызметтік тактика, жалпы әскери жарғылар бойынша білімдерін және де жеке құрамды ұйымдастыру біліктіліктерін танытты. Байқауда осал офицер жоқ, әрқайсы ерекше дайындықпен келгендерін көрсетті. Айта кететіні, оңтүстік өңірдің түкпір-түкпірінен келген сардарлар байқаудан тыс уақытта Алматыдағы 28 панфиловшы батырларға арналған саябаққа барып, Даңқ мемориалына тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды.
Үш күнге созылған шешуші байқаудың қорытындысы бойынша «Үздік батальон командирі» аталымын Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімнің батальон командирі, майор Сәмет Құлахмедов, «Үздік батальон штабының бастығы» аталымы бойынша 1-орынды Алматыдағы 5571 әскери бөлімнің 1-батальонының штаб бастығы, капитан Айдын Қайырбеков иеленді. «Үздік батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары» аталымы бойынша 5571 әскери бөлімнің 2-батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Саламат Әмірханов жеңімпаз деп танылды. Ал «Үздік рота командирі» – Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімнің рота командирі, капитан Жасұлан Беркенов, «Үздік рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары» номинациясы бойынша Тараздағы 5513 әскери бөлімнің сардары, аға лейтенант Алмат Менетаев, «Үздік взвод командирі» болып Алматыдағы 7552 әскери бөлімнің взвод командирі, лейтенант Жалғас Татаев танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бұйрығымен диплом, грамоталар және бағалы сыйлықтармен берілді. Сондай-ақ, байқау барысында Ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Фалеев мырза жеңімпаздарды Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен марапаттады.
Үздік офицерлерді марапаттаған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов: «Бұл байқау шарасыныӊ нәтижесінде біздіӊ офицерлеріміздіӊ дайындық деӊгейін саралауға мүмкіндік туады. Әскеріміз үшін үздік командирлер буынын анықтап, олардыӊ қарым-қабілеттерін одан ары арттыру – маӊызды іс. Осы арқылы еӊ жақсы деген мамандарымызды таӊдап, әскеріміздіӊ болашақ басшылығы үшін кадрлық резервін қалыптастырамыз. Сардарларды сынға салған байқау кәсіби кадрлық резерв қалыптастыруға, әскерилерге мезгілінен бұрын атақ алуға және еліміздің Ұлттық қорғаныс университетінде білімдеріңізді жалғастыруға мүмкіндіктер ашады. Байқау кезінде бар күш-жігерлеріңізді салып, үздік офицер екендеріңізді дәлелдеп шығуға барынша тырыстыңыздар. Сіздерге алдағы қызметтеріңізге табыс тілеймін», – деді ол өз құттықтау сөзінде.

Арман ӘУБӘКІРОВ, Алматы қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

«Күзет аруы – 2018»

Атырау облысы Мамандандырылған күзет кызметі басқармасының ұйымдастыруымен Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында басқарманың қыздары арасында …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған