Көші-қон орталығы ашылды

Солтүстік Қазақстан облысында реттелген, қауіпсіз, тұрақты және жауапты көші-қонды ілгерілету, көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру арқылы мигранттардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңестің жұмысына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаев, Орталық Азия бойынша үйлестіруші (Халықаралық көші-қон ұйымы), Қазақстандағы, Қырғызстан Республикасындағы, Түрікменстан және Өзбекстандағы ХКҚҰ Миссиясының басшысы Деян Кесерович қатысты. Сондай-ақ, семинарға ІІМ, СІМ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, Халықаралық көші-қон ұйымының Орталық Азия елдері бойынша сарапшылары, үкіметтік емес ұйымдар, 4 облыстан келген көші-қон қызметінің қызметкерлері қатысты.
Мұндай көлемдегі семинар мемлекеттің «солтүстік қақпасы» саналатын өңірімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Солтүстік Қазақстан облысы географиялық орналасуы жағынан Ресей Федерациясының Қорған, Омбы және Түмен облыстарымен шектеседі. Шекараның ұзындығы 1200 шақырымды құрайды.
Көші-қон саясаты концепциясының өзекті мәселелері: сыртқы және ішкі көші-қон, еңбек көші-қоны, адам саудасының проблемаларын талқылау семинардың күн тәртібіндегі басты тармақтар болды. «Соңғы жылдары облысымыз интеграциялық үдерістер мен халықаралық деңгейде еңбек күшін алмасуға белсенді қатысып келеді. Өңір дамып келе жатқандықтан, шетелдік жұмыс күші артуы мүмкін. Сондықтан біз заңсыз көші-қонды болдырмауға және шетел азаматтарының көлеңкелі еңбегіне ерекше назар аударатын боламыз. Бұл семинардың өтуі барлық мүдделі ведомстволар үшін пайдасы зор», – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Халықаралық көші-қон ұйымының Орталық Азия елдері бойынша үйлестірушісі, Қазақстандағы, Қырғызстан Республикасындағы, Түрікменстан және Өзбекстандағы Миссияның басшысы Деян Кесерович өз сөзінде облыс басшылығына, Ішкі істер министрлігіне солтүстік өңірде осындай диалог алаңын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаев қаңтар айында көші-қон полициясының көші-қон қызметі болып өзгергенін еске салды. Алдағы мақсат – барлық көші-қон үдерістерінің және тіркеулердің ашықтығы. «Бізде барлығы ашық түрде өткізіледі. Біз көші-қон қызметі көрсететін қызметтерді алатын барлық азаматтарға, тіпті шетел азаматтарына қызмет алу ыңғайлы болу үшін жағдай жасаймыз», – деді полиция генерал-майоры.
Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов қатысушыларға семинарға қатысуға келгендері үшін алғысын айтты. Ол айтып өткендей, облыстағы көші-қон жағдайы тұрақты деңгейде. Облыста ішкі істер органдары шетелдіктердің транзиттік легіне бақылауды жүзеге асырады. «Шеп», «Келлеровка» бекеттеріндегі көші-қон бақылауы Орталық Азия елдерінен автокөліктермен бұл бекет арқылы жыл сайын 50 мыңнан астам мигрант өтетінін көрсетеді. Темір жол транзитімен өтетін еңбек мигранттары да бақыланады.
Семинар-кеңес басында меймандар облыстық Көші-қон қызметі басқармасының жаңа үй-жайымен танысты. Бұл нысан Ішкі істер департаментінің бастамасымен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ашылды. Үй-жай қала орталығында жаңа құрылыс ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Мұнда азаматтар сапалы мемлекеттік қызметтер ала алатын заманауи талаптарға сай операциялық зал жабдықталған. Жылдың басынан Солтүстік Қазақстан облысында Көші-қон қызметі 60 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Облыста 4786 шетелдік тұрақты тұрады, оның ішінде алыс шетелден – 288, ТМД елдерінен – 4498 адам.
Семинар-кеңес жұмысының нәтижелері бойынша айтылған барлық мәселелер, пікірлер мен ұсыныстар мемлекеттің көші-қон саясатының тұжырымдамасын толыққанды жүзеге асыру аясында жүйеге келтірілмек.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*