Басқы бет / «Сақшы» газеті / Өзекті / ДҮМШЕ ДИСК СЕКІЛДІ, ЗЫР АЙНАЛҒАН ДҮНИЕ-АЙ!

ДҮМШЕ ДИСК СЕКІЛДІ, ЗЫР АЙНАЛҒАН ДҮНИЕ-АЙ!

МарихуанаЖалған ай, дейміз жан-дүниемізбен жабыққан кезде. Неге?.. Өйткені, күн өткен сайын жалған нәрселерден аяқ алып жүре алмайсыз. Жалған куәлік, жалған ақша, жалған былғары, жалған…, жалған… Тіпті қалтаңды қағып, тірі бейнесін көруге билетін алып барып отырған концерттегі әншінің өзіне күмән-күдікпен қарайтын болдық. Жанды дауыс па, әлде «жынды» дауыс па? Әйтеуір, техниканың озық үлгілерінен ақылымыз озып үлгерген жоқ әлі. Дәстүрлі әндердің дәмі мен дискідегі әндердің дәні қосылып, қойыртпаққа айналғалы қашан. Бетке ұстар брендіміз домбырамыздың өзі кейінгі кезде келіннің бетін ашудан да қалып барады. Оны да минустық музыканың ішегіне айналдырып, адам аттарын ғана дауыстап айтатын дәрежеге жетіппіз. Айналаның бәрі әлемтапырық дүбәра, дүмше дүние. Мұның бәрін неге танауынан тізіп кетті дерсіз. Мәнісі былай. Шетелдік, отандық бейнефильмдердің жарнамасы шығысымен киноман жерлестеріміз шарқ ұрып іздей жөнелетіні белгілі. Осындай кезде орта жолдан олжа табатын, «жұмыртқадан жүн қырқатындар» үшін бизнестің бұл түрі төте пайданың пәрменді көзіне айналғалы біраз болды. Өзгені мысалдап өзеуреп керегі жоқ, өз басым отандық «Көшпенділер», «Шал», «Келін», «Ақан сері» фильмдерін осындай көшірме дискілерден көргенім анық. Діттеген жеріңнен табасың, әрбірден соң, көргің келген көркем дүниелерге тапсырыс беріп қоюыңа да болады, ақшасы да арзан. Ақшасы да қалта көтереді дегеннен шығады. Қарағандылық талантты режиссер Қаршыға Игенов бірде базарға барса желкілдеген осындай «жиендік» сауданың үстінен түседі. Өзі түсірген «Бурылтай», «Қара пима» фильмдерін сауда сөресінен көріп, қаншама маңдай тер тым жұпыны жағдайда тұрғанын көріп, іші ашып кетіп, шыдамай: «арзандау емес пе?» деп сұраса керек. Саудагер: «алсаң ал, алмасаң жөніңе кет!» –деп ашуланыпты. Міне, осындай олқылықтармен күресу мақсатында Қарағанды облысында осы жылы тамыз айының ортасында үш күндік «Контрафакт» атты жедел алдын алу шарасы болып өтті. Шараның өту барысында рұқсат етілмеген, авторлық құқықтардың аяққа тапталуына байланысты 30 дәйекті дүниенің беті ашылды. Ашылған жасырын таратушылардың тартпаларынан алынған 5390 дана лицензияланбаған аудио-бейне өнімдердің көзі жойылды. Сондай-ақ, 28 таратушы арнайы тіркеуге алынды. Шараның екінші күні Қарағанды облыстық ІІД мен Қарағанды облысы Әділет департаментінің мамандары бірлесе отырып қаланың қақ ортысындағы «Алтын Арба» базарын сүзіп шығып, 1400 контрафактілік көшірме дискілерді тәркілеген. Қазір бұл жағдайларға байланысты қажетті сараптамалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Дауысқа да «допинг» керек екен…
Қарағанды қалалық ІІБ мынадай бір қызық оқиға тіркелді. Құқық қорғау мамандары қалалық радиоарналардың бірінде дауыс режиссері боп еңбек ететін, 46 жастағы Ресей Федерациясының азаматына есірткі сақтаған деген айыппен қолына кісен салды. Ақпараттың қайдан түскені тәртіп сақшыларының өздеріне ғана белгілі. Қалалық ІІБ Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі қызметкерлері тыңдармандарды қанағаттандырушы азаматтың үйіне тінту жүргізу кезінде, тоңазытқыштың мұздатқышынан марихуана, яғни көкнәр шөбін тауып алды. Ал, несібесімен нәпсі қоздырғышын бір жерге бірге сақтаған әпендінің радиостансадағы жұмыс орынынан қолданылған шприц пен есірткі ампулалары табылған. Ресей азаматына жүргізілген арнайы сараптама нәтижесінде ол «шөпті» шегіп қана қоймай, героинді тамырға жіберуге де әуестенгені анықталды. Қазіргі таңда ресейлік режиссер мырза қамауда, қанжығасына қылмыстық іс байланды.
Шүріппеден шатақ шықты
17 тамыз күні кешкісін Қарағанды қалалық ІІБ жедел орталық басқармасына белгісіз біреу қоңырау шалып, қаланың 23-шағын ауданында отқарумен жараланған жігіттің жатқандығын хабардар етті. Пәлелі жерге жеткен полицейлер әртүрлі жарақатпен жаны қиналған 30 жасар азаматты жедел жәрдемге салып, облыстық медицина орталығына дереу жөнелтті. Оқиға болған орынды жіті тексерген Киров аудандық полиция бөлімінің жедел-іздестіру тобы сол төңіректен атылған оқтың гильзасын тапқан. Табылған дәйектеме-дүние «Стражник» атты жарақат қаруына тиесілі, калибрі 18×45 мм оқтың сыртқы қабығы екен. Сақшы мамандар із суытпай суық қаруға салғырт қараған 24 жасар жерлес жігітті қолға түсірді. Тапаншаны тірі жанға бағыттаған қаланың жас тұрғыны өз айыбын мойындап отыр, оның айтуынша, атылған оқ абайсызда тиген. Шүрпенің басылуы, ұланның жасырынуына дөп келмей қалғанға ұқсайды. Заңсыз қаруды тапсыруды аттандаған акциялар айтылғалы қашан. Күзет мекемелерінің кепіліне айналған жарақат қарулары да екінің-бірінің қойынынан табылады десек артық айтқандық емес.
Қасқыр қойды қорғамас
Қарағандыдағы Михаилов полиция бөліміне 23 жасар ер адам шағым түсірді. Шағымданушының арызы бойынша Прогресс көшесі бойындағы «Стекляшка» дүкені маңындағы арнайы автотұрақтан ол азаматтың «МАЗДА 626» автомобилі жоғалып кеткен. Айдап келген автокөлігі қайда кетуі мүмкін?! Патрульді полиция полкінің жасақшылары Оразбеков, Төкешов, Досмағамбетов деген сақшылар қаланың батыс шыға берісі, яғни Сәкен көшесі бағытындағы көпір төңірегінен күдікті көлікті тоқтатады. Мәссаған, Мазда автомашинасының тізгінінде, қой терісін жамылған қасқыр – сол автотұрақтың 30 жасар күзетшісі болып шықты. «Барымташы батыр» өз кінәсын мойындады. Оның баяндауынша, қажетті бір қарекет үшін өз қорғауындағы көп көліктің бірінен артық таңдау болмаған сияқты. «Мазда 626» иесіне қайтарылды. Ал баукеспе-күзетшінің ісі ҚР Қылмыстық Кодексінің 185-бабы бойынша «Тонау мақсатынан тыс, автокөлікті заңсыз иемдену» деген түсініктемемен қылмыстық істе қаралатын болады.

Руслан НҰРБАЙ,
Қарағанды

Сондай-ақ, оқыңыз

Көлік кептелісін қалай шешеміз?

Көше толы көлік. Қарбалас шақтағы кептеліс. Азан-қазан. У-шу. Бұл көріністің өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналғалы қашан?! …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған