Сыбайластық сан соқтырады

Жуырда Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/13 түзеу мекемесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесіне арналған семинар-кеңес өтті.
Мекеме ұжымы алдында сөз сөйлеген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің аға офицері Н. Мекишев баяндама оқып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру және адамдардың құқықтық сауаттылығын жақсарту тақырыбына кеңінен тоқталды.
«Сыбайлас жемқорлық Президент Жарлығымен бекітілген 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясында «ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін» құбылыс ретінде бағаланған. Еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатына баға беретін болсақ, жемқорлыққа жол бергендерді анықтап, оларды жауапкершілікке тартумен ғана шектелмей, осы бір індеттің орын алу себептерін анықтауға да баса көңіл бөлінуде, – деді Н. Мекишев. – Сыбайластықтың алдын алуға жасалған мұндай бетбұрыстың берер нәтижесі көп. Бұрын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» деп аталатын заң атауы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» деп өзгертілгені тегін емес, бұл дегеніміз Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи саясатты жүзеге асырудың мүмкіндігі мол деген сөз».
Семинар-кеңесте, сонымен қатар, аға офицер Н. Мекишев мекеме қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.

М. МҰРАТБАЕВ, Алматы қаласы

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған