Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Жемқорлық жұмыла күресуді талап етеді

Жемқорлық жұмыла күресуді талап етеді

Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен өсіп-өркендеп, қайда мол қаражат болса, сол жерде тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдердің бірі.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық кешенді бағдарлама дайындап, онымен күресуді барша халықтың борышы екенін атап көрсетті. Қазіргі таңда мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесін тек құқық қорғау органдарының қызметтік міндетіне кіретін жұмысы тұрғысынан ғана қарау мүмкін емес. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған әкімшілік және конституциялық реформалардың мәні мен мазмұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін одан әрі нығайтуға және оның көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекет сыбайлас жемқорлықтың ауқымы мен салдарын нақты бағалап, осы қауіпті құбылыспен қатаң және шешуші түрде ымырасыз әрі жан-жақты жоспарлы күрес жүргізуді басты мақсат етіп отыр. Елбасы биыл да өзінің Қазақстан халқына Жолдауында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тоқталды. Яғни бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес саясаты жанданып, үнемі жалғасын табатындығын білдіреді. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлықпен күрес жолындағы негізгі құжат ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 Жарлығымен бекітілген 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық мәселесі барлық елде бар, ол әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуді баяулатып, тек өзіне тән көріністері мен ауқымымен ғана ерекшеленеді.
Сыбайлас жемқорлыққа ең алдымен, шенеуніктердің билікті немесе лауазымдық жағдайын жеке пайда алу үшін теріс пайдалануын, бюджет қаржыларын иемденіп алу немесе талан-таражға салу, қызметтік жалғандық жасауды жатқызады, ал оның неғұрлым таралған түрлері ретінде әдетте шенеуніктерді сатып алу, қызметтік өкілеттіктерін пайдакүнемдік мақсаттарда пайдалану, қауіпті түрі парақорлық болып танылады. Сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің салдарынан материалдық және материалдық емес игіліктер заңсыз алынады, оның нәтижесінде қоғам мүдделеріне нұқсан келтіріледі және мемлекеттік биліктің беделі төмендейді.
Сондықтан бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын, түп-тамырын жою, олардың пайда болуына ықпал ететін жағдайлар мен себептерді айқындау және барынша азайту үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытында Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті, соның ішінде Өрт қауіпсіздік саласындағы бақылау және алдын алу басқармасы үлкен көңіл бөліп, шаралар қолданып келеді. Аталған басқарма қызметкерлері қоғамдық ұйымдардың өкілдері, прокуратура органдары қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер ұйымдастырды.
Басқарма жеке құрамының ішінде әрбір қызметкермен жемқорлықпен байланысты құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін жеке жұмыс жүргіземіз, жемқорлыққа қарсы күреске белсенді қатысуға оларды ниеттендіреміз. Мәселен, ағымдағы жылдың мамыр айындағы Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінде ұйымдастырылған «Сыбайлас жемқорлықсыз ел – өркендейтін ел» атты акцияға біздің басқарма қызметкерлері түгелдей қатысты. Акция талаптарына сәйкес әр қызметкер жемқорлықпен күреске қандай үлес қосқаны жайлы ойларын қағаз бетіне түсірді. Қоғам жемқорлықты түбегейлі жою жолында дұрыс келе жатқанын, қолдайтындарын мазмұндап жеткізді. Егер адам өзінен бастаса, өз ар-ұятының алдында таза болса, онда ол өз елінде жемқорлықпен күреске үлкен және маңызды үлесін қосқаны деп білеміз.
Бірақ, сыбайлас жемқорлықпен күресте жеңіске жету көбіне-көп бүкіл қоғамның белсене қатысуына байланысты. Жемқорлықты жалпы жұртшылықтың жек көруі, оның алуан түрлі көріністеріне жол бермеу, қолдан келгенше тосқауыл құруы қоғамдық күрестің қуатты құралына айналуға тиіс және жұртшылықтың мұндай сұрықсыз көріністерге төзбеушілік сезімін қалыптастыру керек.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер жүйелі және дәйектілікпен жүзеге асырылуы керек.

С. ЫСҚАҚОВ, Павлодар облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Осал нысандарға айрықша назар

Пәле қайдан дерің бар ма? Жан-жағың анталаған жау. Баяғыдай жоңғар немесе фашист келіп қалған жоқ. …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған