Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Адам құқығына айрықша назар керек

Адам құқығына айрықша назар керек

Еңбек заңдылығында болсын, қарапайым тұрмыстық жағдайда болсын, азаматтардың құқығы жиі бұзылып жатады. Бірақ, басым көпшілігі құқығы аяқасты болып жатса да, сол бойда заң органдарына хабарласа бермейді. Бұл орайда қоғамдағы белгілі адамдардың пікірі қандай?
Құқықтық сауатсыздық қоғам дамуына кедергі
Жеміс ТҰРМАҒАМБЕТОВА, саясаткер, «Адам құқығы хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры:
– Мойындау керек, жалпы халықтың, қарапайым адамдардың құқық туралы білімі өте төмен. Былайша айтқанда, өзінің құқығын білмейді. Соны білуге талаптанбағасын қайдан біледі? Азаматтардың құқықтық сауатын көтеруге мемлекет тарапынан қолдау жоқ деуге болады. Ең алдымен қарапайым азаматтарда саяси ерік деген болуы керек. Ал, бізде көпшілік адам құқықтардың қыр-сырын меңгеруге тырысудың орнына пара беріп, шаруаларын шешіп алғанды оңай көреді. Ештеңеге бас қатырмайсың, ақшаңды берсең, шаруаң жүреді деп ойлайды, олай емес. Одан қоғамда алға қарай даму бола ма?
Өз байқауымша, халықтың бұл тұрғыдағы сауаты жылдан-жылға төмендеп барады. Конституцияның «Адам құқығы» деген бөлімі бар, бірақ ондағы жазылғанның бәрі орындала бермейді. Әрбір министрлік, ведомстволар өз қағаздарымен әуре. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым адамдардың процессуалдық құқығы жоқ.
Мысалы, сіз бір шенеунікке өтініш жаздыңыз немесе бір мәселеге байланысты сұрақ бердіңіз, ол нақты, дұрыс, дәл жауап беруі керек. Егер ол жауап бермесе немесе сырғытпа жауап бере салса, анаған-мынаған сілтесе, сіз оны жауапқа тартуыңыз керек. Сіз осылай өз құқыңызды аяқасты етпейсіз. Осындай әрекет болған жерде жауапкершілік болады. Ал, бізде шенеуніктер бір жақта, халық бір жақта. Көршілес елдерде конституциялық сот бар жерде кез келген адам оған сауал жолдауға құқылы, бізде конституциялық кеңеске президент, үкімет, сот, депутаттардың 3/1 бөлігі ғана кіреді. Сол себепті қарапайым адам үндеу жасай алмайды. Жаңа заң қабылданған кезде әр министрлік, ведомство болсын өз қаулыларын, шешімдерін соған сәйкестендіріп жасайды, ол конституциялық нормаға сай ма, сай емес пе, оны ешкім білмейді. Қорыта айтқанда, азаматтар өз беттерінше құқықтық сауаттылықтарын арттыру керек, соған күш салу керек, сонда ғана қоғамда ашықтық болады.

Жеке адамның ақпараттық құқығы бұзылса…
Ата Заң бойынша әр адамның жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына, сонымен бірге, әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.
Ал, егер де кез келген адам әдейі немесе өзінің жеке күмәнді жоспарын жүзеге асыру мақсатында азаматтардың жеке өмірінің, отбасының құпиясын, сондай-ақ, жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің және тағы басқаларының құпиялылығын бұзса, яғни жеке өмірге қатысты деректерді жария етсе, ол адам үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту қарастырылады. Бүгінде қандай да бір ақпараттарды жедел әрі бейнелі қызметі бар интернет сайттары арқылы қас пен көздің арасында тарату оңай болып қалды. Осы орайда елімізде азаматтардың жеке өміріне қатысты деректерді таратқаны үшін бес жылға бас еркіндігінен айыру жазасы күшіне енгізілді.
Сонымен қатар, заңға сәйкес, жедел-іздестіру материалдарын бұрмалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, азаматтардың жеке өміріне қатысты қол сұғуға болмайтын деректерді жария жасамауға байланысты жедел-іздестіру қызметкерлеріне қойылатын шектеулердің ауқымы да кеңейтілгенін айта кету керек.
Айгүл СОЛОВЬЕВА, экс-депутат:
– Әлемдегі дамыған, өздерін сыйлайтын көптеген елде азаматтардың жеке басына қатысты мәліметтерді сақтайтын арнайы жасақталған қор бар. Аталмыш қорда жеке адамға қатысты барлық нақты мәлімет жинақталып, оның құпиялылығы, қауіпсіздігі «Дербес деректерді қорғау туралы» заң бойынша сақталады, сақталуға тиіс. Соған қарамастан, ғылым мен техника адам таңғаларлық дәрежеде дамып жатқан бүгінгі уақытта жеке басқа қатысты құпияларды сақтау оңай болмай тұрғандай.
Мысалы, АҚШ-тың бұрынғы «Бірінші ханымы» Мишель Обаманың жеке құпия мәліметтері киберқарақшылардың қолымен ұрланып, көпшілікке жарияланып кетті. Тек ол емес, жеке бас құпиясы жария болғандар қатарында көптеген атақты адамдар мен саясаткерлер бар. Кез келген мемлекетте осыған ұқсас жағдай орын алмасына кепілдік жоқ секілді. Бізде бір жақсысы заң бар, азаматтардың жеке басына қатысты деректерді (азаматтардың келісімінсіз) тарату заңсыз болып табылады.

Лауазымды тұлғаларға жала жабылса, оның құқығы қалай қорғалады?
Әлбетте, мемлекеттік қызметтегі кез келген адам заң алдында өз міндетімді адал атқарамын деп ант бергеннен кейін таза жұмыс істеуі шарт. Егер үлкен қылмыс жасаған болса, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылары белгілі. Бізде мұның бәрі қарастырылған.
Ал, кейде осы қызмет бабындағы лауазымды тұлғаларға тіл тигізіліп, жала да жабылып жатады. Тіпті алып-жұлып бара жатқандай болмаса да өздеріне қатысты артық ауыз сынды жала деп, бірді-екілі мысқылды ар-намысымды қорлады деп түсінетіндер де табылады. Осы орайда өзінен өзі мынадай сұрақ туады: Билік өкіліне тіл тигізу мен лауазымды тұлғаларға жала жабу туралы бапты Қылмыстық кодекске қосқан жөн бе әлде оны Әкімшілік кодекс аясында қараған дұрыс па? Мүмкін, лауазымды адамдарды барынша қорғауды қарастыратын баптардың барлығының басын қосып, негізгі бір бап жасаса да болатын шығар, өйткені лауазымды адамдарда онсыз да белгілі бір дәрежеде таңдау бар ғой, яғни ол адам қаласа – азаматтық шағым береді, не болмаса өзіне тіл тигізгенді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шағым жасайды.
Әлбетте, осыдан келіп мұның арты түрлі мәселелерді туындатады. Әдетте билік өкілдеріне тілі тиіп кететіндер қарапайым халық арасынан шыққан бірлі-жарым адамдарды айтпағанда, негізінен журналистер болуы мүмкін. Бізде ондай жағдайда «Жәбірлеу», «Билік өкіліне тіл тигізу» баптары бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Әбдіқаһар СЕЙІТЖАНОВ, заңгер, доцент:
– Дамыған мемлекеттердің барлығында сөз бостандығы, демократияның ең басты критерийі болып табылады. Жалпы алғанда, тек лауазымды адамға ғана қатысты емес, жалпы кез келген адамға тіл тигізсе, оған жала жапқан болса, оны қылмыс деп қарастыру біздің заңдарда көрініс тапқан. Қылмыс деп танығандықтан да тіл тигізген не жала жапқан адамды сотқа тартады, сот арқылы моральдық-материалдық шығындар өтелуін талап етіп жатады.
Менің ойымша, бұл бапты Әкімшілік кодекс арқылы қарап, дұрыс шешім шығаруға болар еді. Өйткені, жоғарыда айтқандай, Қылмыстық кодекске қосу сөз бостандығын шектеуге әкеледі. Қоғам болған жерде адамдар өз ой-пікірлерін қорықпай-үрікпей еркін айтулары керек. Сонда ғана сөз бостандығы бар деп айта аламыз. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық заңдары ізгілендіруге, тіпті Қылмыстық кодекстің 13-бабында өлім жазасына тарту туралы болса да, қанша жылдан бері біз мұны қолданбаймыз. Сол сияқты жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту дегеніміз – сөз бостандығының конституциялық принципін әлсірететінін айта кету керек.

Дайындаған
Жадыра ШАМҰРАТОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Осал нысандарға айрықша назар

Пәле қайдан дерің бар ма? Жан-жағың анталаған жау. Баяғыдай жоңғар немесе фашист келіп қалған жоқ. …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған