Тылда жүріп шыңдалғандар

Ұлы Отан соғысы жылдары тылда қалған қыз-келіншектер мен балалардың, қарттардың, мүгедектердің тартқан азабы, жеңісті жақындатуға қосқан үлестері аз емес. Ақмола облысы, Атбасар қаласында тұратын тыл ардагері Елена Герман – солардың бірі.
Жасы 86-ға келгенімен, еңбек ардагері Елена Митрофановна әлі тың, қимылы ширақ. Жастайынан еңбекке араласқан тыл еңбеккері қырқыншы жылдарды ауыр күрсініп еске алады.
«Сұрапыл соғыс қаншама азаматқа азап пен қасірет шектірді», – дейді ол.
Көліктегі ІІД Атбасар стансасындағы ЖПБ полиция қызметкерлері ҰОС және тыл ардагерлерін ешқашан ұмыт қалдырмайды.
Соғыс басталысымен әкесі соғысқа кеткен, шешесіне балаларды жалғыз асырау қиын болғандықтан, 13 жасар қызға мектепте оқудан бас тарта тұруына тура келді. Елена Митрофановна 1943-1945 жылдары жастай тылда еңбек еткен. Соғыс жылдары Хрящевка колхозында үлкен әйелдермен қатар сауыншы, бақташы болған.
«Қандай шаруа болса да білекті сыбана кірісіп кететінбіз, билеуге келгенде де жан салмайтынбыз», – деп еске алады әжей.
Бүгінде жасы 86-ға келген Елена Митрофановна көпшіл әрі ақжарқын. Әжейдің бүгінгі кейпіне қарап, басынан осыншама қиыншылықты өткізді деу қиын. Қимылы ширақ әжейдің осынша жасқа келсе де қажымай, кеудесін тік ұстауының сыры – жастайынан еңбек майданында шыңдалып, қиындыққа мойымаған төзімділігінің арқасы деп ойлаймыз. Соғыс жылдарының ұрпақтары жастайынан майданда шыңдалған, олар бейбіт өмірдегі қиындықтардың бәрін де үлкен төзімділікпен жеңе алған абзал жандар.
Елена Митрофановнаның тек бір ғана арманы бар, ол оның балалары, немере-шөберелері бақытты болып, ашық аспан астында соғыссыз өмір сүрсе деп тілейді.

Астана стансасындағы ІІЖБ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*