Өнегелі өмір өрнегі

Ішкі істер органдарының ардагері Дауылбай Қарашаев таяуда 80 жасқа толды.
Тек облыстық Ішкі істер департаментіне ғана емес, Ақтөбе өңірінің кәсіподақ саласына аты танымал Дауылбай Байзақұлының өмірі көпке үлгі. Ол өзінің жұмысқа деген жауапкершілігімен, кішіпейілдігімен, қарапайымдылығымен жастарға өнеге көрсетіп келеді.
Дауылбай Байзақұлын 80 жасқа толған мерейтойымен Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Андрей Хайрулин мен ІІД ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Даулеталин құттықтап, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті. Кәсіподақ комитетінің төрағасы болып 31 жыл бойына еңбек еткен Дауылбай ағамыздың адалдығы мен кішіпейілдігі, үлкенге ізет, кішіге қамқор болуы еңбекқорлық пен қарапайымдылықтың ерекше үлгісі деп бағалай біледі әріптестері.
Дауылбай Байзақұлының ұзақ жылдардағы жемісті еңбегі қызмет атқарған жылдарында да, құрметті демалысқа шыққаннан кейін де мемлекет тарапынан жоғары бағаланып келеді. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. «ІІО құрметті ардагері», «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» медальдары да бар. Ішкі істер саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға өз үлесін қосып жүрген Дауылбай Байзақұлы 80 жасқа толса да, әлі де еңбектен қол үзбеген. Мағыналы өмір жолын саралап, бүгінгі тірлігіне шүкірлік етеді. Өмірінің жалғасы болған балаларының амандығын тілейді.
Бүгінде 5 баладан 12 немере, 1 шөбере сүйіп отырған Дауылбай Қарашаевтың өскелең ұрпаққа берер тағылымы мол екеніне көз жеткіземіз. Ол ғұмыр бойы адал еңбек етіп, кішіпейілдігі мен адамгершілігі арқасында әркез ортасына сыйлы болып келеді.
– Барлық кезде уақытпен санаспай, ерінбей еңбек етсең ғана жетістікке жетесің. Үлкенді сыйлау, олардың кеңесін тыңдай білу, кішілерге қолдан келгенше тәжірибеңмен, ақылыңмен бөлісу де өте орынды. Адам кешірімшіл, мейірімді болуы керек, – дейді Дауылбай Байзақұлы.
– Дауылбай Қарашаевтың облыс көлемінде кәсіподақ саласына сіңірген еңбегі зор. 31 жылдан бері талмай бір салада жұмыс істеу – үлкен төзімділік пен кәсібилікті талап етеді. Өзінің іскерлігі, мәмілегерлігі, дипломатиясы арқасында үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғауға, қарапайым жұмысшыларға мейлінше жағдай жасауға ұмтылып жүреді. Жұмыс берушілермен екіжақты келісім жасау арқылы ұжымдық келісімшарт негізінде, мәселен, еден жуушылар мен көлік жүргізушілеріне еңбек демалысын алған кезде емдік жәрдемақы бергізіп, қолынан келген бар мүмкіндігін жасап отырады. Біз ол кісіні аға, әріптес ретінде өте құрметтейміз, – дейді Мемлекеттік банк мекемелері мен қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық комитеті төрағасының орынбасары Амантай Бимұратов.
Ішкі істер саласындағы әріптестері де Дауылбай ағаны әркез құрметтеп, үлгі етіп отырады.
– Ағаймен жұмыс істегелі 30 жыл болады. Мен ол кісіні тек жақсы қырынан білем. Өте тиянақты, шыншыл, еш артық сөзі жоқ. Алдына әртүрлі сұрақпен келген қызметкерлерді тыңдап, оларға түсіністікпен қарап, мейлінше қолдан келген мүмкіндікті жасауға тырысады. Ақылын айтып, көмегін береді, –дейді ІІО ардагері, зейнеткер Ақмарал Өтегенова.
Сексеннің сеңгіріне келген қарияны ақылдың дариясына бағалаған Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінің ұжымы оған зор денсаулық, үлкен табыс, қажымас қайрат тіледі.

Майрагүл МАҒЗҰМОВА, Сурет автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*