Жүректе қалар жарқын бейне

Бұл дүние айналғанмен сырласыңа,
Енді біл мәңгі бақи тұрмасына.
Бір күні Құдайыңнан хабар келсе,
Шығасың сен де құрбым қыр басына, – деген Табылды ақынның өлеңінде айтылғандай кімнің болса да қыр басына шығар күннің хабарына елеңдеп жүруі заңдылық. Расында да «тумақ барда өлмек бардың» бұлжымайтын заң екенін білсек те, мына жалған дүниенің аз күнгі жарығын кім оңай қиып кетер дейсің. Бірақ, әрбір есті адамның «Осы өмірде не бітірдім?» деген сұрақтың айналасында толғанбайтыны жоқ шығар.
Әрине, өзіңнен кейін өзің сүйген өмірге саналы ұрпақ қалдырып, солардың болашағы үшін адал еңбек етіп, өмірімен өнеге болып өмірден өту де кез келгеннің талайына жазылмаған тағдыр. Өлген соң да жақсы ісіңнің ағайын-туғанның ғана емес, өзіңмен қанаттас қызмет істеген әріптестеріңнің де жүрегінде сақталғаны бір бақыт шығар. Жуырда ғана жарық дүниеден өткен Ерсін Қалиұлы да осындай айналасындағыларға жақсылық нұрын шашып жүретін ақжарқын да адал азамат еді.
Ерсін Қалиұлы азамат үшін нағыз кемел шақ болып саналатын алпысқа да толмай кетті өмірден. Бірақ, оның тіршілігінде атқарған еңбегі ел есінде қалатындай өнегеге толы болды. Гүлзар қала Алматыда туып-өскен Ерсін 1977 жылы мектеп бітірісімен сол кезде КСРО Ішкі істер министрлігіне қарайтын Қарағанды жоғары милиция мектебіне түседі. Қаланың мәдениетін бойына сіңіріп, «Спорт деген бір сиқыр» деген үндеумен ержеткен Ерсін үшін мұндай айтулы оқу орнына түсу қиынға соқпады.
«Заңгер-құқықтанушы» деген дипломмен туған қаласына оралған жас маманның ең алғашқы лауазымы – Алматы қаласы, Октябрь аудандық Ішкі істер басқармасының қылмыстық іздестіру бөлімінен басталады. Орта мектептен кейін жоғары милиция мектебіне түскен түлектің ішкі істер органдарындағы нағыз қыры мен сыры мол қылмыстық іздестіру қызметіне келуі оның бірден ширығып-шынығуына ықпал етті. Жап-жас милиция лейтенантының алып қаланың мазасыз ауданындағы жауапты жұмысы Алматының әйгілі элеваторы орналасқан аумақтан ию-қиюы күндіз-түні бір толастамайтын аэровокзалға дейінгі аймақ арасында басталды.
Қылмысты іздестіру ісін меңгеру үшін тынымсыз үйренумен қатар есте сақтау қабілетің де мықты болуы керек және қажет жерінде қаталдық пен жұмсақтық танытудың да орнын жақсы білудің атқаратын рөлі жетерлік. Әрине, адамның мұндай қасиеттерін теория түрінде алған білімнің толық аша алмайтыны айдан анық. Ал, жас Ерсіннің маңдайына жазылған көп бағының бірі – айтулы із кесуші Бауыржан Әйтімовтің қарамағына келіп, ұстазынан сіңірген ұстанымы еді. «Шәкірті пейілді болса, ұстаз мерейлі» болатынын өздерінің күнделікті іс-әрекеттерімен-ақ дәлелдеп жүрген Бауыржан ағасы мен Ерсіннің қатар жүріп, еңбек атты асқар таудың биік шыңдарын бағындырғаны да айналасына зор мақтаныш. Көп ұзамай Ерсін Қалиұлы аса қауіпті және қоғамда резонанс тудырған қылмыстарды ашуда танытқан табандылығы мен нәтижелері үшін «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» медалімен марапатталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен мұндай марапатқа ие болу тынымсыз жұмыстың қара қазанында қайнап жүрген Е. Серікбаевқа жігер бергені рас.
Қашанда өз ісіне мығым, небір жауапты тапсырманы тастай етіп орындайтын әрі еңбекке араласқан бірнеше жылдың ішінде кәсіби деңгейін шыңдап үлгерген маманға қандай істі болсын сеніммен тапсыруға болатынын бағамдаған басшылық оны «Айнабұлақ» шағын ауданындағы полиция бөлімінің бастығы етіп тағайындайды. Бұл шағын аудан да қаланың бір мазасыз аймағы болатын. Жұмыс іздеп қалаға көшіп келгендер көбірек шоғырланған ауданда, әрине, қылмыстық ахуал да қиын болды. Бірақ, Ерсіндей маманның аталған аудан тыныштығын қорғауға қабілеті молынан жететініне сенген басшылықтың үміті көп ұзамай ақтала бастады. Мұнда да ол ішкі істер органдарының жұмысын бес саусақтай білетін Ермек Әлібаев сияқты ұстаздың уысына түскеніне қуанды.
Серікбаевтың сенімнен шығып, «Айнабұлақтағы» ахуалды жақсартуы оның Алматы қаласы, Октябрь аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары лауазымына жоғарылауына себеп болды. Бастық болғанымен Ерсін өзі үйренген жұмыстың қақ ортасында жүріп, қылмыс ашумен айналысты. Жылдар бойы жинаған тәжірибесін қолданудан аянып қалмайтын азаматтығының арқасында өзі де айналасына қолынан іс келетін жігіттерді жинап, ел ішіндегі тыныштықты сақтауға жанын салды. Арада аз уақыт өткенде Алматы қалалық Қылмыстық іздестіру басқармасы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Мұнда да адам өлтіру, т.б. аса ауыр қылмыстарды ашу сияқты жауапты міндетті атқаратын бөлімдерге басшылық жасай жүріп, абырой жинады.
Тоқыраудан кейінгі алғашқы қайта құру жылдарында еліміздегі экономикалық қиындықтарға байланысты қылмыстық ахуалдың да шиеленіскені бүгінде ешкімге жасырын емес. «Дайын асқа тік қасық» деген ұстанымдағы рэкеттердің күнкөрістің қамымен базар жағалап кеткен қатын-қалашқа қоқан-лоққы көрсетуі, тіптен «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деген әпербақандықпен аты шыққан рэкеттер кезі елдің есінде «Тоқсаныншы жылдардың сұрапылы» деген атаумен қалды. Бала-шағаның нәпақасы үшін алақоржын арқалаған базаршылар «саптыаяқтың сабына қарауыл қойып» сауда жасаған жылдар қарапайым халық үшін ауыр болғаны рас. Әйел ерге қараған, ер жерге қараған өтпелі кезеңде қалада қылмыс та көп тіркелді. Осындай бір алмағайып уақытта тұрғындардың тыныштығын қорғауды жақсарту бағытында құрылған Алматы қаласы Криминалдық полиция басқармасының тұңғыш бастығы болып Ерсін Қалиұлы тағайындалды.
Одан кейін де Алмалы және Әуезов аудандық Ішкі істер басқармаларының бастығы болып қызмет атқарған полиция полковнигінің еншісіне криминалдық барлаудың басшысы болу да бұйырды. Қандай жауапты жұмыс атқарса да, алдыңғы буын ағаларынан түйген тәлімін өзінен кейінгі інілеріне аманаттап, туған елінің тыныштығы үшін аянбай еңбек етті.
Денсаулығына байланысты отставкаға шыққан соң да, ол жас мамандарға білгенін үйретуден жалыққан емес.
Полиция полковнигі Ерсін Қалиұлы жан жары екеуі Бақытжан, Әйгерім және Сәбина атты ұл-қыздарын мәпелеп өсіріп, азамат қатарына қосты. Үшеуі де жоғары білімді маман.
Бірақ… Ерсіннің маңдайына ұзақ ғұмыр жазылмапты. Оның даладай кең, мейірім мен жылылыққа толы жүрегі мерзімінен ерте тоқтады. Алайда, елі үшін елеулі еңбек сіңірген абзал азаматтың есімі тек өзінің ұрпағының ғана емес, оның қамқорлығының арқасында қанаттары қатайған шәкірттері мен қызметтің небір қиын-қыстауынан сүрінбей бірге өткен әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталатыны сөзсіз.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*