Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Әлем чемпионатында үздік шықты

Әлем чемпионатында үздік шықты

Жекпе-жек – бабалар үрдісінің жалғасы, білектілер мен жүректілер сайысы. Ата-бабамыз ұрыста білек күшін пайдаланып, жауына қарсы тұрған. Бұл ұлттық жекпе-жек сол секілді бабалар салған іздің жалғасы.
Жуырда Атырау қаласында ұлттық жекпе-жектен әлем чемпионаты өткен болатын. 9 елден келген 100-ден аса спортшы күш сынасқан додада Қазақ елінің намысын елдің әр аумағынан ат терлетіп жеткен 20 спортшы қорғады. Олар бұл жарыста 8 алтын медальды қанжығалады. Солардың қатарында біздің Мирас өзінің мықтылығын танытып, үздік атанды.
Мирас Ұлықпанов 1992 жылы Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Аралтөбе ауылында дүниеге келген. Жастайынан спортқа әуестігі оның бүгінгі жетістіктерінің кепілі. Ал, «Жекпе-жек» ұлттық спорт түрі бойынша жарыстарға шығып жүргеніне бір жыл ғана болса да, бұл Мирастың қоржынындағы алғашқы алтын емес. Бұған дейін де полиция лейтенанты биылғы жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан, Талдықорған қаласында өткен Азия чемпионаттарында үздік атанған болатын.
Қазіргі таңда ол 2018 жылдың наурыз айында болатын «Жекпе-жек» ұлттық спорт түрі бойынша «Әлем белдігіне» дайындалып жатыр.
Чемпионат кезінде Мирас үш қарсыласпен белдесті. Бірі тәжік елінің батыры, енді бірі қырғыз елінен болса, тағы бірі Атырау қаласының оғланы.
«Мұндай әлемдік жарыстарда күш сынасу мен үшін үлкен мақтаныш, түрлі жаңа әдістерді үйреніп, көрші елдердегі спортшы әріптестермен таныстым. Барлық қарсыласым мықты спортшылар, алайда, соның ішінде қазақ елінің намысын қорғаған, өткен жылы Қазақстан чемпионатында үздік атанған атыраулық спортшының шеберлігі жоғары болды», – дейді Мирас.
Спортшы азамат 2013 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді. Өз қызметтік жолын Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында қатардағы қызметкерден бастаған ол, қазіргі таңда ЖАҚЖ инспекторы, полиция лейтенанты.
Мирастың айтуынша, чемпионатқа дайындық жаттығуларын қызметімен үнемі қатар алып жүреді. Қызметінің өзі оның физикалық дайындықта болуын талап ететіндіктен, өзін спортсыз елестете алмайды. «Сондықтан да жұмыстан бос уақытымның бәрі спортпен тығыз байланыста өтеді», – дейді полиция лейтенанты.
Бір қарағанда өте ұяң Мирастың бойында жеңістерімен мақтану сынды жат қылықтың мүлде жоқтығы, оның ата-бабадан тараған нағыз қазақ жігітінің қанмен сіңген қасиеті тұнып тұрғандығының дәлелі.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі

Сондай-ақ, оқыңыз

Республикалық жарыс жеңімпаздары

Қызылорда қаласында жасөспірімдер мен жас құтқарушылар арасында өрт-құтқару спорты бойынша ұйымдастырылған VІІ Республикалық жаздық чемпионаттың …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған