Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Ел үмітін ақтаған ер

Ел үмітін ақтаған ер

ІІМ Оқу орталығында алғашқы арнайы оқыту курстарына келген қатардағы және кіші басшы құрам тыңдаушылары Парламент Мәжілісінің депутаты, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевпен кездесті.
Іс-шараның шымылдығын ашқан Оқу ордасының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі М. Исмағамбетов жиналған көпшілікті Тұңғыш Президент күнімен және келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Болашақ тәртіп сақшылары Серік Сәпиевке көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, жүрекжарды лебіздерін білдіріп жатты.
«Спорт – ең алдымен бәсеке. Үнемі алға ұмтылуға, үйренуге, тер төгуге баулиды. Тоқтап қалмауға, ізденуге үйретеді. Топ алдында сайысқа түсуге бел байласаң, жемісті жүлдеден үміт күтесің. Қоржынға түсер медальдың салмағы мен санының маңыздылығы ел намысын қорғар тұста байқалады. Төгілген тердің ғана нәтижесі болуын күтпей, артындағы тұтас мемлекеттің үмітін ақтау жоғары тұруы тиіс. Дене еңбегі мен ой кеңістігін қатар кажет ететін спорт – биік өнердің бір түрі. Ол да хас талантты, мінсіз шеберлікті, еңбекқорлықты талап етеді.
Олимпиада ойындары – бұл ең мәртебелі жарыс. Бұл жерде жеңіс пен жеңілістің бағасы тым жоғары. Олимпиадада жеңіске жету – ең үлкен мұрат, оған аса жоғары дайындық керек. Бұл жерде ерік-жігердің көмегімен, өзіңді-өзің қайраумен ғана жеңіске жетуге болады. Ақылмен ойлап-пішіп, қарсыласыңнан айла-амалыңды асыруға тырысуың қажет», – деді өз сөзінде Серік Сәпиев.
Шараның жалғасында тыңдаушылар әзірлеген шағын мерекелік концерт кештің сәнін кіргізді. Тыңдаушылар көңілді тапқырлар алаңынан түрлі әзілдер қойып, ән айтып, би биледі. Кездесудің соңында Оқу орталығының бастығы, полиция полковнигі М. Исмағамбетов құрметті қонаққа алтын уақытын бөліп, жастарға тәлім бергені үшін шексіз алғысын білдірді. Кездесу соңында барлығы естелік суретке түсті.
Айта кетейік, боксшы Серік Жұманғалиұлы әлемнің екі дүркін (2005, 2007), Азияның екі дүркін (2007, 2009) чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы (2010), 2012 жылғы Лондон олимпиадасында ең мықты боксшы ретінде Вэл Баркер кубогын иеленген. Қазақстан спортында есімі Геннадий Головкинмен қатар тұратын ең атақты боксшыларының бірі.

Жұлдыз ҚҰСАЙЫНОВА, Астана қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Ардагер құтқарушы марапат алды

5 желтоқсанда Петропавл қаласында «Қызыл жарты айдың» облыстық филиалы Халықаралық волонтер күнін атап өтті.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған