Басқы бет / «Сақшы» газеті / Ардагерлер / Алғысқа бөленген ардагер

Алғысқа бөленген ардагер

«Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Алтын тұғыр ардагерлеріміздің өмірлік тәжірибесімен бөлісуі – ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың бірден-бір көрінісі, қоғамдық маңызы зор іс. Сондықтан да, әр ұйымның алтын сабақтастықты жоғалтпауға тырысып, зейнетке кетсе де, бейнеттен бас тартпаған, жасы келсе де, жылдарға мойымаған ақсақалдарымызға көзқарасы ерекше екені таң қалдырмас.
Астана полициясы да бұл үрдістен бас тартқан емес, сонау жылдары еңбек жолын бастап, қазіргі күні жас буынға жөн сілтер ақылшыға айналған ардагерлер кеңесі өз ісін абыроймен атқарып келе жатқаны баршамызға мәлім. Ал, Астана қалалық ІІД ардагерлерінің басын біріктіріп, бірқатар іс-шаралардың басынан табылып жүрген кеңес төрағасы Танабергенов Есім Қарбайұлының жөні бөлек.
Есім Танабергеновтың милициядағы жұлдызды жолы кеңестік Қазақстан тарихында ерекше орын алатын кезең – тың және тыңайған жерлердің игерілуі кезінде басталған. 1960 жылы елімізде Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан сынды бес облысты біріктірген, жер көлемі бірнеше Еуропа елдерінен де асатын Тың өлкесі құрылған-тын. Осы өлкенің тыныштығын сақтау және қылмысқа жол бермеу мақсатында Целиноград қаласының автотехникумын жаңа бітірген жас Есім өз еңбек жолын милиция қызметкері ретінде бастайды.
Тың және тыңайған жерді игеру мақсатында Қазақстанға ат басын бұрған азаматтар арасында түрлі «сала» мамандары жеткілікті болғаны баршамызға белгілі. Осы жерден милиция қызметкерлерінің жұмысы оңай болмағанын түсінесің. Қызметтестер арасында айрықша беделге ие болған маманның иығына алғашқы жұлдыздары небәрі сегіз айдан соң-ақ қонды.
Одаққа елеулі әрі маңызды, көптеген жанды нүктелер жанасқан, тоғыз жолдың торабында орналасқан Целиноград өңірі болды. Осы өңірдің қарапайым халқының абайсызда ала жіптен аттап, от басып қалмауын да қадағалау Танабергеновтің жұмыс әдістерінің бірі еді. 1971 жылы маман Балқаш ауданына іссапармен келеді. Бұл елдің астық жинап, нағыз жұмыстың қызып, қайнап тұрған кезеңі еді. Іссапар мақсаты тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ғана емес, бидай ұрлығының алдын алу болатын. Жүргізілген жұмыстың нәтижесі – тұрғындар аз уақыт ішінде ерікті түрде мемлекетке 42 тонна астық қайтарады. Адам болған соң пендешілік жасаған жұртқа өз еркімен ұрланған бидайды тапсыруға мүмкіндік беріп, істі насырға шаптырмағандықтың өзі Есімнің адамгершілік қасиетінің молдығының бірден-бір көрінісі еді.
1988 жылы милиция подполковнигі шенінде зейнетке кеткен Есім Танабергенов жұмыс барысында кезіккен қиындықтары жайлы айтып, сыр бөлісе бермейді. Мамандығы қызметтік құпияны жылдар өтсе де ашпайтындай қылып қалыптастырған асыл сүйекті ардагеріміз сол баяғы жылдары берген офицерлік сертіне берік екендігін жасырмайды. Қазірдің өзінде еңбек демалысында жүргеніне қарамастан, әртүрлі шараларға атсалысып, қолдан келген көмегін жасап, әсіресе, қоғамдық өмірге белсене қатысып, өскелең ұрпаққа ағалық тәлім-тәрбиесін беріп келе жатыр.
Тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің ертеңі болып табылатын жастарымызға бағыт-бағдар беріп отырған Е.Танабергенов атқарып отырған іс тек Елбасының арнайы тапсырмасын орындау ғана емес, өзіндік бір ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың көрінісі.

Ш. УАЙСОВА, Астана қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Ардагерге құрмет көрсетті

Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің жеке құрамы полиция генерал-майоры Асқар Оспановпен кездесті.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған