Басқы бет / «Сақшы» газеті / Ардагерлер / Иығына жұлдыз таққан әулет бұл…

Иығына жұлдыз таққан әулет бұл…

Толқытқан кездесу
«Үй алдында төбе болса, ерттеп қойған атпен тең, ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп атам қазақ бекерге айтпаса керек. Тыңдаушысы келіссе ағайынның бірлігі, ел тыныштығы, халықтың ынтымақтастығы мен татулығы жөнінде таңды таңға ұрып саналы оймен сырласа білетін, ақыл мен ойдың кеніндей ардагер ақсақалдарымызды ардақтауға келгенде біздің қазақ алдына жан сала қоймас.
Табиғат-ананың кіндігінен тараған жер бетінде қаншама адам болса, сонша тағдыр, соншалықты бір-біріне ұқсамас өмір бар. Әр адамның сүріп өткен өмірі өзінше үлкен қайталанбас тарих. Мен шер тарқатып сөйлеспек ниетпен пәтер есігінің қоңырауын жасқана шалғанымда, жүзіне нұр ұялаған ағамыз жылы шыраймен, сондай бір ілтипатпен есігін аша берді…
Алланың берген көрікті жүзіне қарап отырып, ойға шомдым. Ол кісінің сөйлеу мәнері, әңгіме айта білу мәдениеті, тіпті дауыс мақамына дейін өте мәдениетті де сыпайы азамат екенін білдіріп тұрды. Жер бетінде осындай адал азаматтар қатары көп болса, өмір жұмаққа айналғандай ма еді, кім білсін, бұл кісімен сұхбаттасқан бір сағаттан астам уақытымның қалай көзді ашып жұмғанша жылдам өткенін білмей де қалдым.
Асыл жанды азаматтан сұхбат алуымның өзі маған үлкен әсер қалдырғаны шындық. Қанша сағат отырып ағамыздың әңгімесін тыңдасам да, ішкі сезімім сыбырлап, тағы да айта түссе екен дегендей тыңдаған үстіне тыңдай бергім келді.
Ағамыздың жасы жетпістің тоғызын алқымдаса да, денесін тік ұстап, жүрісі ширақ, ойы сергек, еңсесі биік, жүзінен нұры таймаған ажарына қарап отырып, «ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші, кезінде талай нәзік жанды арудың жүрегін оттай жандырған боларсыз деген ойымның да болғаны анық.
Осыншалықты әсер қалдырған кім болды екен деп тағатсыздана күтіп отырған боларсыздар. Ол – елімізге кеңінен танымал болған, ішкі істер органдарының аса қадірлі ардагері, өкінішке қарай, 2010 жылы 80 жасқа қараған шағында қайтыс болған Іргебаев Әлихан Іргебайұлы.

Жетілген жас қыран
Әлихан Іргебайұлы 1930 жылдың қақаған қыс айында Ақмола облысы, Астрахан ауданы, Толқынкөл ауылында дүниеге келген. Бала Әлихан үшін бақытты балалық шақ бұлдыраған сағымдай еді. 11 жасында әкесі Іргебай соғысқа аттанып, содан хабарсыз кетеді. «Әкесіз жетім – шерлі жетім, анасыз жетім – нағыз жетім» деп дана халқымыз бекерге айтпаса керек, әкесінің орнын жоқтатпай, жоқтан бар құрап жалғыз баласын адам қатарына қосуға талпынған анасы Әлиханның 14 жасында дүниеден мезгілсіз көшіп кете барады. Жастайынан өмірдің тауқыметін көріп, балалықтың бал дәмін тата алмаған бала Әлихан үшін нағыз сүреңсіз күндер басталады. Жетім қалған баланы Қапар ағасы Алғабас деген ауылға алып кетіп, қанатының астына алып, тәрбиелейді.
Әлихан Іргебайұлы 7 сыныптық білім алып, әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы әскери міндетін орындап, елге оралған ол ұзамай Атбасар қаласында ішкі істер органдары қатарына жұмысқа қабылданады. «Органда жұмыс істегенімді анам марқұм қатты армандап кеткен еді», – деп еске алады ағамыз, тұлдыр жетімдіктің дәмін көп тартқан анасы да маңдайына біткен жалғыз ұлының көпшілікпен араласып, ел азаматы болғанын аса қалаған екен. Ана арманы орындалды да, тек орындалып қана қойған жоқ, баласының ел сыйлар азамат болғанын ана әруағы сезген де болар.
Аз уақыттың ішінде алғырлығымен, өжеттігімен, қырағылығымен көзге түскен жас қызметкердің болашағынан көп үміт күткен басшылық оны учаскелік инспектор қылып Покровка ауылына жібереді. Міне, осы кезден бастап жас жігіттің тағдыры мүлде өзгеріп, қиын да қызыққа толы нағыз өмір жолы басталады. Алматыда бір жыл, Павлодарда төрт ай оқыған Әлихан Іргебайұлы 11 жылдық білімін толықтырып, офицер дәрежесіне көтеріледі.
Покровка учаскесіне қарасты алты елді мекеннің қауіпсіздігі мен тыныштығын жауапкершілігіне алған Әлихан аға қызметтік машинаның тапшы кезі, жаяулап елді аралап қызметтік міндетін мінсіз атқарады. Халықтың тілін тауып, ел тыныштығын бірлікте ұстау аса жауапты іс және ол кез келгеннің қолынан келе бермес шаруа. Жас жігіт облысты дүр еткізер үлкен жаңалық ашады. Ол өзіне қарасты төрт ауылдан учаскелік бөлім ашты. Бұл орасан еңбегі еленіп, Ішкі істер министрлігінен «Милицияның үлгілі қызметкері» деген лауазым беріліп, орденмен марапатталады. Портреті Ішкі істер министрлігінің Құрмет тақтасына ілінеді. Ағамыздың еңбегін үлгі ету мақсатында тоғыз аудан әкімі келіп, жас жігіттің еңбегімен бөлісіп, таңдай қағысады. Сөйтіп, әр ауылда учаскелік бөлімдер ашыла бастайды. Ол бөлімдерге хатшылық есебінде жас қыз балалар тартылып, учаскелік инспектор әр ауылды аралап кеткен кезінде елден түскен арыз-шағымдарды қабылдап, материалдарды дайындап, учаскелік инспектордың жұмысын әжептәуір жеңілдетеді әрі елдегі болған оқиғалар көзден таса қалмайды.

Елдің ақтап сенімін…
Әлихан Іргебайұлы өзіне көрсетілген мадақтауларға мастанбай, халықтың өзіне артқан сенімін ақтап, облыс бойынша жоғары көрсеткіш көрсетуден бір тынбай, қызметін одан әрі арттыра берді. Сол адал атқарған еңбегінің жемісі болар, күні бүгінге дейін еліміздің әр түкпірінен хабарласып, ағамыздың амандығын сұраудан бір тынған емес, тіпті ағамыздың ел алдындағы беделін, сөзінің өтімділігін бағалап, көмек сұрап келуші азаматтар қаншама. «Алдыма келіп көмек сұраған адамға қол ұшын созып, көмектескім кеп тұрады», – дейді ағамыз ағынан жарылып. «Әлихан аға неше жыл ішкі істер органдарында қызмет атқардыңыз, есіңізде қалған оқиғалар бар ма?», – деген сауалыма ұзақ ойға шомып отырып, былай деп жауап қатты.
«Әр учаскелік инспектордың міндеті – болған қылмысты ашып қана қою емес, сол қылмыстың алдын алу. Мен қызмет атқарған жылдары жан түршіктірерлік аса ауыр қылмыстың болуына жол бермедім, әрине, ел болғаннан кейін халықтың арасында да бес саусақтың бәрі бірдей еместігі сияқты. Кішігірім қылмыстардың болып тұратыны шындық, алайда сол қылмыстарды одан әрі өршітпей, сол ауылдан «жолдастық сот» деген ақсақалдардың қатысуымен тәрбиелік орталық ашып, тәрбиеге көнбеген жүгенсіздерді ортаға алып, халық болып тәрбиесін талқылап жөнге салып алатынбыз. Сондай бір оқиғаны келтіре кетейін. Павлодарда оқып елге оралсам, Борисовка ауылының 42 бас жылқысы осыдан бір жыл бұрын қолды болыпты. Басшылық малдан күдерін үзіп отырған кез, әр қаладағы таныс учаскелік инспекторларға үлкен өтініш білдірдім. Сөйтіп хабар берген жолдастарымнан Жезқазған – Қарсақбай жерінде бөтен малдардың ізі бар екені жөнінде хабар келіп түсті. Жезқазғанда бір ай жатып, бір малды шығын қылмастан 42 бас жылқыны елге айдап алып келіп, басшылыққа тапсырдым». Міне, сөйтіп Әлихан Іргебайұлының ел алдындағы мәртебесі одан әрі арта түседі. Мұндай оқиғаларды ағамыздың өмір жолындағы тарих беттерінен көптеп кездестіруге болады.
Әлихан ағаның өмірінде қызметіне қатысты қызықты оқиғалар да белең алған екен. Тұрмысқа шықпақшы болған ару сырттан келген жас жігіт жөнінде толық деректер жинап беруді өтініпті, ағамыз жігіттің келген отанынан деректер жинап, «отбасын құруға лайықты жақсы жігіт» деп қорытынды жасағаннан кейін ғана қыз жігітке тұрмысқа шығуға келісімін берген көрінеді. Сол ару бүгінде екі баланың анасы, әлі күнге дейін хабарласып, ағамызға бақытты отбасы үшін шексіз алғысын білдіреді екен.

Еңбек кітапшасындағы екі жол
Ішкі істер органдарында 32 жылға жуық еңбек еткеннен кейін зейнеткерлікке шыққан Әлихан аға Покровка ауылында ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін бірнеше жыл ыждағаттылықпен атқарады. 150 ардагердің жағдайын ойлап, түйіні шешілмеген көп мәселенің жібін тарқатты. Сол жылдары еліміздің әл-ауқаты нашарлап, қызметкерлер еңбекақысын, зейнеткерлер зейнетақы ала алмай, ел қиналып жатқан шақ еді. Ағамыз да оның орайын тапқан. Басшылармен келісім тауып, зейнеткерлерге ақша бергізіп, кейін зейнетақысынан ұстатқан.
Ағамыздың еңбек кітапшасын ашып, таңғалып тұрып қалдым. Кітапшада екі-ақ ауыз сөз жазылған екен: ішкі істер органдары қатарына 10.10.1950 жылы қабылданып, 24.05.1984 жылы орган қатарынан босатылғаны жөніндегі бұйрық. Бар өмірін учаскелік инспектор қызметіне арнаған ағамызға қалай бас имеске!? Осындай ел мүддесін биік қойып қояр, ғұмырын қажырлы қызметке арнаған азаматтар санаулы десем, артық айтқандығым болмас. Бүгінде жұмыс көзін жеке басының пайдасына асырып, қызметіне жауапсыз қарайтын азаматтар қатары көбеймесе азаймай отырғандығы баршамызға мәлім ғой. Сондықтан жанымызда жүрген асыл ағаларымыздың көп жылғы тәжірибелік ісін үлгі етсек, олардың берген ақылын кәдеге асырсақ, одан тек ұтар едік. Ішкі істер қызметінде құрметке бөленген Әлихан Іргебайұлының полицияның жас қызметкерлеріне айтар кеңесі де көңілге қонымды.
– Балаларым құрылыптас жастарға тілерім: жауапты қызметке адал бол, қиындыққа қайыспа. Көлденең сөзге ерме. Шеніңнің өскеніне масайма. Орынсыз дауысыңды көтерме. Шаруамен келген жанды жылы қабылда. Сабырлық пен кішіпейілдіктен танба. Әйтпесе халыққа жақпайсың, – деп ақ тілегін тәмамдаған еді сонда қария.

Мәуелі бәйтерек еді
Менің сұрауымнан кейін ағамыз ордендері мен медальдарын, ішкі істер органдарында атқарған қызметі үшін берілген марапаттары мен алғыс хаттарын көрсетті. Ұзақ жылғы еңбегінің жемісі – «Еңбек қызыл ту» ордені, «3-дәрежелі мінсіз атқарған қызметі үшін», «2-дәрежелі мінсіз атқарған қызметі үшін» «1-дәрежелі мінсіз атқарған қызметі үшін» берілген медальдары, одан тыс марапат қағаздардан көз сүрінерлік. Халық алдындағы еңбегің жанды деген осы болар.
Ұлағатты отбасында төрт қыз, бір ұл дүниеге келген. Үлкен қызы Ырысалды бірнеше жыл ішкі істер органдарында қызмет атқарып, подполковник дәрежесіне дейін көтеріліп, бүгінде зейнеткерлік демалыста. Ұлы Марат полиция қызметкері болса, қызы Сәуле Астана қаласында 33 жыл халық сотында аға маман қызметін атқаруда, ал қызы Гүлмира жолдасымен бірге полиция қызметкерлері, кенже қызы Гүлнәр темір жол саласында еңбек етуде. Ал ағамыздың немерелерінің барлығы дерлік ішкі істер органдарының қызметкерлері.
Отыз жылдан астам өмірінде ел тыныштығын қызғыштай қорыған Әлихан Іргебайұлының ғұмыры ғибратқа толы. «Иығында жұлдыздары бар әулеттің көшбасшысы» атануы да содан.
Міне, бақытты ұл-қыз тәрбиелеп, олардан немере, шөбере сүйіп, тамырын тереңге жайып, биік асуларды бағындырған, өмірдің ыстық-суығына төтеп берер үлкен бәйтерекке айналған Әлихан ағамыздың жүріп өткен жолы осындай. Сөзге шешен, ойға зерек, ақыл мен даналықтың асыл кені, әр сөзін тыңдаушының көңіл көзін тауып дөп басып айта алатын, әзіл-қалжыңның өзін орын-орнымен, құрдастық-жолдастығына қарай жарастыра білетін сүйегі асыл ақсақалдарымыз атадан қалған асыл сөз бен өнегелі өсиеттердің аманатшылары екенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз .
Осы сұхбатты атамыздан сегіз жыл бұрын алған болатынбыз. Қазақстан полициясының 25 жылдығында бұл өмірден өтіп фәни болған атамызды есімізге алып, өмірі шежіре жанның кейінгілер үшін жолы – үлгі, ісі – өнеге болса дейміз.

Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметі

Сондай-ақ, оқыңыз

Ардагерге құрмет көрсетті

Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің жеке құрамы полиция генерал-майоры Асқар Оспановпен кездесті.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған