Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Ор қазам деп опық жеді

Ор қазам деп опық жеді

1979 жылдың тамыз айында мені Тың темір жол милициясының бұйырығымен Целиноград қаласының шығыс бағытында он төрт шақырым жерде орналасқан «Қырқыншы» стансасындағы желілік милиция пунктіне жасөспірімдер инспекциясының инспекторы қылып тағайындады.

Милиция пунктінің бастығы Александр Ерсак деген милиция капитаны болатын. Бойы ортадан төмен, мінезі жұмсақ кісі еді, ұлты чех болғандықтан оны жолдастары «Чех» деп атайтын.
«Қырқыншы» шамамен 2000-ға жуық тұрғыны бар шағын елді мекен. Тұрғындарының көпшілігі темір жол бойында жұмыс істейді. Ауылдық кеңес болғанымен жер телімі бойынша Целиноград қаласының «Совет» ауданына кіретін. Ал елді мекендегі орта мектеп темір жол басқармасына бекітілгендіктен, оның тәртібін темір жол милициясының жасөспірімдер инспекциясы қадағалайтын.
Сондықтан қалашықтағы мектеп ұжымымен танысып, оқушылардың ішінде тәрбиеге бой бермейтін, бұзық балалар жөнінде мәлімет алып, ауылдық кеңестің жасөспірімдер комиссиясының деректерімен салыстырып, жол бойындағы тәртіп бұзу фактілеріне жүгіне отырып сараптама жасадым. Жасаған сараптамам бойынша жасөспірімдер ішінде 3-сынып оқушысы Альберт деген баланың жиі тәртіп бұзатыны байқалды. Бұл жөнінде Целиноград стансасының бас бөліміндегі Жасөспірімдер инспекциясының бастығы капитан Жанадилов Хамит деген жігітке баяндап, жаңағы балаға бақылау ісін қозғауға рұқсат алдым. Мектеп басшысының берген мінездемесі бойынша Альберттің оқу қабілеті нашар, тәрбиеге мойынсұнбайды, темекі шегіп, арақ ішетін көрінеді. Бірге оқитын балалардың да берген мінездемесі мардымсыз болды. Отбасын тексерген кезімде Альберт үш жасар қарындасы екеуі жалғыз анасының табысымен күн көретіндігі анықталды. Анасы темір жолда жұмыскер болып істейді екен. Күні бойы екі бала өз беттерімен қараусыз болатын көрінеді. Әкелері жоқ. «Қырқыншы» стансасындағы «околоток» басшысының Альберттің анасына берген мінездемесі бойынша, ол әйел ішімдікке жақын, жеңіл мінезділеу, тек жұмысты бар ынтасымен істейтіні мәлім болды.
Жиналған материалдарды сараптай келе бұл балаға біреу ықпал етуі мүмкін деген тоқтамға келдім де, осы бағытта жұмыс істей бастадым. Анасының аралас-құралас дос-жарандарын тексеріске алдым. Көп ұзамай бағытымның дұрыс екендігіне көзім жетті. Тексеріс кезінде сұралған достарының ішінде Виктор деген отыздар шамасындағы жігіт Альберттің шешесімен жақын қатынаста екендігі анықталды. Ол болса тиянақты жұмысы жоқ, бірнеше рет милиция бөліміне әкелінген, маскүнем екендігін Целиноград қаласындағы Совет ауданының милициясына жіберген сұрауыма алған жауаптан белгілі болды.
Ал Альберт сондай бұзақы бала емес екен, ол анасының ісіне наза болып, Виктордың айтуымен «бәрін ұмытпақ» ниетпен арақ ішіп, шылым тартуды үйреніпті. Осы жиналған деректі материалдарды Целиноград темір жол прокуратурасының бастығы, әділет аға кеңесшісі В. Карповтың бекітуімен Совет аудандық сотына 1 ай 10 күн мерізімі ішінде жібердім. Целиноград темір жол милиция бөлімі бойынша бұл сотқа жіберілген алғашқы «Бақылау ісі» болатын. Виктор екі жылға бас бостандығынан айырылды, ал Альберт болса шылым тартып, арақ ішкенін қойып, оқуы жөнделе бастады.
Алғашқы ісімнің осылай жемісті аяқталғанына көтеріңкі көңілмен келесі күні жұмысқа келсем, пункт басшысының бөлмесінде айғай-шу болып жатыр екен.
Кезекші милиционерден: «Бұл не шу?», – деп сұрасам, ол: «Түнде стансада тұрған вагоннан бидай ұрланыпты. Қаптары тесік болса керек, шашылған бидай ауылдық кеңес төрағасының үйіне дейін із болып жатыр. Төрағаның күйеуін күдікті ретінде ұстап әкеліп едік, соңынан әйелі келіп айғай шығарып жатыр», – деді.
Мен өз бөлмеме кіріп, жұмыс жоспарымды қарап шығып, бас бөлімге телефон шалып жоспар бойынша жұмыс істейтіндігімді баяндадым. Сол кезде кезекші милиционер бастық шақырып жатқанын айтты. Басшының бөлмесіне кірсем, бас бөлім бастығы, милиция подполковнигі Н. Борабков Ерсакқа ұрысып жатыр екен. Мен кірген соң, маған да ұрса бастады.
– Менің не жазығым бар? – дедім.
– Сен не білмегенсіп тұрсың? Ауылдық кеңес төрағасының үйін тінтіп, күйеуінен сұрақ алуға қандай құқығың бар?
– Кешіріңіз, мен шынында да істің мән-жайын білмеймін. Жұмысқа келгенім жаңа, ешкімді тінткен жоқпын.
– Сен боссың.
Шығып кеттім. Біршама уақыттан соң Борабков та кетті. Артынша Ерсакқа кіріп, мән-жайды сұрадым. Ол түнде станса паркінде жоспарлы рейд жасап жүрген кезде түнгі сағат үштер шамасында паркте тұрған бір вагонның сырт жағын тесіп екі теміржолшы қаптап алған бидайларын ауылдық кеңес төрағасының үйіне алып барғандығын және қаптарының бірі тесік болып, содан шашылған бидай стансадан үйіне дейін шашылып жатқандығын баяндады. Төрағаның күйеуінің ұрлық істегенінде күмән жоқ, бірақ әйелі кедергі істеп тұрғандығын айтты. Шындығында, бұл жерде заңсыздықтың орын алғандығын мойындау керек. Себебі, ауылдық кеңес төрағасының үйін тексеруге партиялық органнан және прокурордан арнайы келісім алу керек еді. Осы қателіктің кесірінен қылмыскерді біле тұра, қылмыс ашылмай қалды. Ерсакқа сөгіс беріліп, іс тоқтады.
Төраға болса, өз кезегінде Ерсактың ізін аңдып, шамалы қателіктері үшін барлық басшы органдарға арыз түсіре бастады.
Қараша айының орта кезінде Қарағанды бағытындағы 101-разъездегі Целиноград облысының партия комитетінің шаруашылық базасынан қой ұрланғаны жөнінде арыз түсті. Қой бағушы Зайділдинов «ЗИЛ» маркалы машинаның қалаға қарай асығыс кеткенін, бірақ өң-түсін, нөмірін қараңғы түнде байқай алмағандығын айтты.
Жедел қолға алынған іздестіру әрекеті мәнді ештеңе берген жоқ. Екі жұмадай уақыт ішінде қылмыстың ашылар түрі болмады. Күнде бір жағынан бастықтар, бір жағынан обком, бір жағынан ауылдық кеңес төрағасы Ерсактың мазасын алды.
Күндердің бір күнінде әдеттегідей жұмысқа ертерек келсем, мені баяғы Альберт «досым» күтіп отыр екен.
– Иә, бала, қалің қалай? Аманбысың?
– Ағай, мен сізге бір мәселемен келіп тұрмын.
«Тағы да бірдеңе бүлдірді ме екен» деген оймен жылдамдатып есігімді аштым да, кіріп отыр дедім.
– Ағай, қалашықтың шетінде тұратын Ваня ағайдың қорасынан қойдың дауысы шығады. Ол кісі бұрын-соңды қой ұстаған емес. Сіздер жоғалған қой іздеп жүр дегенді естіген соң, мүмкін сол шығар деп сізге айтуға келдім.
– Ваня ағайың қайда істейді?
– Ол машина айдайды.Үлкен «ЗИЛ» машинасы бар, көк түсті.
– Жарайды, Альберт, сен бара бер, бірақ ешкімге айтпа.
Өзім обком шаруашылық бөлімінің меңгерушісіне телефон соғып, жедел келуін сұрадым. Өз бастықтарым телефонға жауап бермеген соң, темір жол прокуратурасының басшысы Карповқа хабарласып, мән-жайды айтып, тексеруге рұқсат сұрадым. Ерсак пен обком меңгерушісінің келгенінше түс мезгілі болып қалды. Обком меңгерушісі келген соң, екі куәгер алып Ваняның үйіне бардық. Өзі үйінде жоқ екен. Әйеліне мән-жайды түсіндіріп, қораларында қой тұрғандығын және оны көрсетуін өтіндік. Бөтен сөзге келмей әйелі қораны ашып, қойды көрсетті.
Обком меңгерушісі қойды танып, жоғалған мал осы екендігін айтты. Бірақ, қойдың екі қозысы барлығы шамалы күдік тудырды. Үй иесінің әйелі қой келгеннен кейін үш күннен соң қоздағанын айтты. Мен тиісті қағаздарды толтырып, үй иесінің әйелінен түсініктеме алып бола бергенімде ауылдық кеңес төрағасы үйге айғайлап кіріп: «Бұл нендей заңсыздық?», – деп маған дауыс көтере бастады. Орнымнан тұрып амандастым да, мән-жайды түсіндірдім. Қойды қорада тұрғандығын, оны обком меңгерушісінің танығандығын, үй иесінің әйелінің қойды күйеуінің әкелгендігі жайында айтқандығын баян еттім де: «Қандай заңсыздық көріп тұрсыз?», – дедім. Ол үндемей тұрды да, бұл мәселені өзіне айтуым керектігін жеткізді.
– Кешіріңіз, мен өз іс-әрекеттерімді заң орындарымен ғана сәйкестендіремін, ал сізбен келісім жасауға міндетті емеспін, – дедім оған. Ол сыртқа шығып кетті. Үй иесіне: «Ол не себепті келді?», – десем, күйеуінің апасы екен.
Милиция пунктіне келіп жаңағы куәгерлерден және обком меңгерушісінен қосымша түсініктеме алып, төрағаның қылмыс ашуға кедергі жасамақ болғаны туралы бас бөлім бастығының орынбасары В. Бармаға телефон соғып баяндадым. Ол материалды жедел жеткіз деп пәрмен берді.
Сағат 17:00 шамасында бас бөлімге келіп, Бармаға жинаған материалдарымды көрсеттім. Екеуміз бөлім бастығы Боробковқа кіріп, болған жағдайды баяндадық. Ол материалдармен әбден танысқаннан кейін, төрағаның ауызын жапқаныма өте риза болды.
Іс сотта қаралған соң, соттың қосымша шешімімен төраға қызметінен босатылды. Осылайша біреуге ор қазам деп жүріп, өзі түсті.

Амангелді АРЫСТАНБЕКОВ

 

Сондай-ақ, оқыңыз

1000 полицей дайындықтан өтті

Бір жылдан астам уақыттан бері полиция майоры Мадияр Құсайынов басқарып отырған Арнайы дайындық басқармасы (АДБ) …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған