Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Алаяқтарға алданғандар қатары көп

Алаяқтарға алданғандар қатары көп

Бостандық аудандық ІІБ тергеу бөлімінің өндірісінде қайтарымсыз несие алып беремін деп азаматтарды алдап келген ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Қарағанды облысының тумасы, 1954 жылғы А. есімді азамат бұрын да осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болған. Зейнет жасына қарамастан, байырғы әдетіне басқан ол бұрынғы танысы, Шығыс Қазақстан облысының тумасы, 1962 жылы туған Б. есімді азаматшамен өзара келісіп, адамдарға ірі сомада несие алдыртып алдаған. Сонымен, азамат А. азаматша Б.-мен алдын ала сөз байласу арқылы екінші деңгейдегі банктерден қарыз алуға ниет білдірушілерді тапқан. Сосын оларды өздерінің қайтарымсыз несие алуға көмектесе алатындарын, банктерге ақшаны қайтарудың керек емес екенін айтып сендірген. Алынатын ақшаның мөлшері он үш миллион теңгені құраған. Ірі көлемдегі несиені алу үшін олар кейбір алдын ала ұсталатын шығындарды желеу етіп, алдымен бастапқы аз сомаға несие тіркету керек, содан кейін ғана негізгі несие тіркеледі деп түсіндіреді және өздерінің қызметі үшін жалпы соманың біраз бөлігін бөліп берген жағдайда несиені толықтай есептен шығарып тастауға мүмкіндік бар екенін айтып сендірген.
Осылайша олар банктен ірі көлемде несие алуға өздерінің сенгіш алымшыларын көндірген. Нәтижесінде қарыздың барлық сомасын, ал бұл 1 миллион 400 мың теңгеден бастап 3 миллион 300 мың теңгеге дейін, күдіктілер алдау жолымен өздері алып отырған», – деді Бостандық аудандық ІІБ бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Өтебаев.
Полиция қызметкерлері алаяқтардың елді сендіргіш қасиеті барын еске салады. Олар Бостандық ауданының өзінде ғана осындай 4 қылмыстық оқиға жасаған.
«Қазіргі таңда олардың басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Осыған орай, полицейлер аталмыш адамдардың заңға қайшы әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар болса, мына телефондар арқылы хабарласуларын сұрайды: 254-47-04; 254-47-13; 254-47-55 немесе 102», – деді полиция подполковнигі Өтебаев.

Гүлнар ЖАМАНҚҰЛОВА, Алматы қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

1000 полицей дайындықтан өтті

Бір жылдан астам уақыттан бері полиция майоры Мадияр Құсайынов басқарып отырған Арнайы дайындық басқармасы (АДБ) …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған