Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Әр полицей әскери жекпе-жек өнерін жете меңгеруі қажет

Әр полицей әскери жекпе-жек өнерін жете меңгеруі қажет

DSC_0336Жуырда Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің және Қазақстан Республикасы Әскери жекпе-жек федерациясы оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен жеке және командалық біріншілікте түзеу мекемелерінің жеке құрамы арасында полицейлік арнайы кедергілер алқабынан өту жарысы өтті.
Бұл жарыс түрі Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Сайысты өткізудің негізгі мақсаты – ҚАЖ органдары қызметкерлерінің кәсіби дайындығын арттыру, ҚР Президентінің Жолдауында атап көрсетілгендей қызметкерлердің арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру.
– Түзеу мекемелерінде қызмет өткеру әрбір қызметкерден қырағылық пен жоғары кәсіби шеберлікті талап етеді. Әр түрлі қылмыс жасап сотталғандардың тәртібін бақылайтындарда мұндай қасиет болмаса, қиын. Мысалы, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе өңірлеріндегі түзеу мекемелерінде болып жатқан топтанып қашу, режим талаптарына бағынбау, өз үстемдіктерін орнату, кепілге алу сияқты оқиғалар күтпеген жерден орын алуы мүмкін. Біздің мақсатымыз осындай оқыс оқиғалар кезінде жеке құрамның әр түрлі тәсілмен қарсы тұру шеберлігін арттыру. Бұл орайда Ішкі істер министрлігі ішкі істер органдары қызметкерлерінің әскери және қызметтік дайындығын арттыратын нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мақсатында 2013 жылғы 6 наурызда «Ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби, қызметтік және дене шынықтыру даярлығын ұйымдастыру жөнінде» Нұсқаулық шығарған болатын. Онда жеке құрамның жалпы дайындық әдістеріне баса назар аударылып, қызметкерлердің қызметтік, құқықтық, психологиялық, атыс қаруын меңгеру деңгейлерін арттыру көзделген. Бүгінгі жарыстың да мақсаты осы, – дейді Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Ернат Ақылжанов. Жарысқа қатысушылар – спорт шеберлері емес, қарапайым қызметкерлер. Бірақ олардың шалт қимылдары мен ұтымды әдістері әскери жекпе-жек өнерін біраз меңгергендерін дәлелдеді. Бұл шараның басы-қасында жүрген самбодан Қазақстан Республикасының және КСРО спорт шебері, каратэден қара белбеу иегері, Қазақстан Республикасындағы әскери жекпе-жектің негізін қалаушы Рустам Абдалиевпен әңгімелескенде осы жекпе-жектің полиция қызметкерлері үшін өте қажет спорт түрі екеніне тағы да көз жеткіздік. Егер көрші мемлекеттердегі түрмелерде болып жатқан бас көтерулердің біздің елге де келіп жеткенін ескерсек, біз елдің, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін қашанда дайын тұруымыз керек.
– «Бейбітшілікті сақтағың келсе – соғысқа дайындал» деген шығыс ғұламаларының сөзі бар. Біздің Қазақстан азаматтарының құқығы мен бостандығын қорғау жауапкершілігі жүктелген қызметкерлеріміз қылмысқа қарсы күреске қаншалықты дайын деген мәселеге келсек, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби дайындығын әлі де көтеру керек. Соңғы кездегі оқиғаларды саралайтын болсақ, қаншама полиция қызметкері қылмыскерлердің қолынан қаза тапты. Оқыс оқиғалар кезінде қару қолдануға да асқан шеберлік керек екені даусыз. Қару қолданған жағдайда да артынан атылған әрбір оқ үшін есеп беру керек. Ал әскери жекпе-жек DSC_0329қызметкерлердің қылмыскерлерді қарусыз-ақ алып ұруына мүмкіндік береді. Бұл жекпе-жекті тез әрі оңай меңгеріп алуға болады, – дейді Рустам Хакімұлы. – Кезінде «Динамо» спорт қоғамының базасында құрылған мамандандырылған институттар, оқу орталықтары КСРО бойынша ең үздік деп танылатын. Біздің тәжірибемізді зерттеу үшін одақтас республикалардың денешынықтыру дайындығы жөніндегі нұсқаушылары үшін Бүкілодақтық семинарлар өткізілетін. Ішкі істер министрлігі саласының өзінде ғана жылына екі мыңнан аса қарусыз қорғану жөніндегі нұсқаушылар дайындықтан және қайта дайындықтан өтетін. Бұл үрдіс жылдар өте келе бәсеңдеп кетті. Біз ең алдымен қылмыскерлермен бетпе-бет келетін қызметкерлеріміздің кәсіби шеберлігін жетілдіруге баса мән беруіміз керек. Сонда ғана полиция қызметкерлерінің қылмыскерлердің қолынан қаза табуын азайта аламыз. Әскери жекпе-жек өнерін жете меңгеру полиция қызметкерлерінің халық алдындағы беделін де көтереді. Жіті қимылмен-ақ қылмыскерлерді құрықтағанын көрген адамдардың сақшыларға сүйсінетіні кәміл. Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде өткен әскери жекпе-жек өнерінің бүкіл тәсілдері қолданылатын полицейлік арнайы кедергілер алқабынан өту жарысында С.Курилов, А.Әбділдин, А.Ахметжанов, Б.Смак, Р.Абдалимов марапатталса, Н.Астапова, А.Нұрланов, Г.Нұржанова командаларын жарысқа үздік дайындағаны үшін қошеметке бөленді. Б.Аделкерім, Е.Жұмағожаев, Т.Мейранов, Қ.Мырзахметов, А.Сәрсенбаев, Қ.Сапиев, Д.Құныпиянов, А.Мұқашев жарыста белсенділік танытқаны үшін марапатталды. Командалық жарыста 1-орынға Ақтастағы түзеу мекемесінің Күзет және қадағалау бөлімі, 2-орынға ЛА-155/6 мекемесі, 3-орынға ЛА-155/18 мекемесінің қызметкерлері ие болды. Әскери жекпе-жектің негізін қалаушы Рустам Абдалиевтің ұстанған бір принципі – спорттың осы бір тәсіліне ұлттық нақыштарды ендіру екен. Мысалы, қызметкерлер қамшымен небір тәсілдер көрсеткенде көз алдымызға өткен ғасырдағы қамшыгер қазақтар елестеді. Әскери жекпе-жекті кәсіби спорт түріне айналдырып, арнайы белдіктер тағайындаса, ол белдіктерді ұлттық нақышта безендірсе, біздің спорттағы мәртебеміз бір сүйем болса да көтеріліп қалар еді.

Гүлнәр ТАЗАБЕКОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Спорт та – түзеу құралы

  Сотталғандарды түзеу жолында саламатты өмір салтына ынталандыру және моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру мақсатында Атырау облысы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған