Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Қаһармандарға құрмет

Қаһармандарға құрмет

Жыл сайын дəстүрге айналған Республикалық «Қазіргі заман қаһармандары» акциясы биыл 21-25 қараша күндері Атырау облысында ұйымдастырылды. Бұған дейінгі жылдары тəлімі терең шара Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан жəне Павлодар облыстарында өткен болатын.
Ауқымды акция облыстың Махамбет, Жылыой, Мақат аудандарын жəне Атырау қаласын қамтыды. Махамбет ауданына барған сапарында акцияға қатысушылар Алтын орда мемлекетінің астанасы болған ежелгі Сарайшық қаласына барып, оның тарихына қанықты.
Акция барысында ерлік жасаған 15 ішкі істер саласы қызметкерімен облыстың белсенділері, құрметті азаматтары, ардагерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, жастар мен ІІД жеке құрамы кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізді. Аудандар мен облыс орталағындағы мəдениет ордаларында өткен кездесулер кезінде Алматы қалалық ІІД-нің ансамблі батыр əріптестерінің құрметіне кең көлемді концерт берді. Əр концерт барысында сахнадағы үлкен экраннан ұлықталып отырған 15 қызметкердің ерлік істері сол уақыттарда телеарналардан көрсетілген бейнесюжеттер арқылы көрермен назарына ұсынылды. Əр сюжет сайын сахнаға көтерілген ерлік иесіне көпшілік қол соғып, ыстық қошеметтерін білдіріп отырды. Олардың арасында адамдарды өрттен, судан, қарақшылық шабуылдан, жол-көлік апаттарынан, өзіне-өзі қол жұмсаудан құтқарған, одан да өзге сындарлы сəтте қауіпке қарсы ұмтылып, тайсалып қалмаған қайсар қызметкерлеріміз бар. Ал қаза болған қызметкерлер туралы əн орындалып, экраннан олардың дидары көрсетілген шақта көрермендер орындарынан тұрып, құрмет көрсетті.
Шараның қорытындысы 24 қараша күні Атырау қаласында өтті. Дәстүр бойынша акцияға қатысушылар қызмет бабында қаза болған әріптестеріне тағзым етіп, департамент ауласында орналасқан ескерткіш монументке гүл шоқтарын қойды. Оған ІІМ Кадр жұмысы департаментінің бастығы, полиция полковнигі Алтынғали Əбдіғалиев, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков қатысты.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін облыстық драма театр алдында ІІД-не қызметтік автокөліктер табыс етілді. Енді «Рено Дастер» және «Ниссан» маркалы 37 автокөлік Атырау көшелеріндегі тәртіптің сақталуын қамтамасыз етпек.
Осыдан соң «Қазіргі заман қаһармандары» республикалық акциясының қорытынды концерті Махамбет Өтемісұлы атындағы Қазақ драма театрында өтті. Онда ІІМ Кадр жұмысы департаментінің бастығы Алтынғали Әбдіғалиев акция қонақтарына алғысын білдіріп, полицейлердің ерліктерін атап өтті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде: «Аталған шара Тәуелсіздік жылдарында қиын жолдарды өткеріп, елімізде тиісті құқықтық тәртіпті сақтаған Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай өткізіліп отыр», – деді. Алтынғали Үсенұлы іс-шараны Атырау өңірінде ұйымдастыруға атсалысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың алғыс хатын табыс етті.
Осылайша, атыраулықтар төрт күн бойы ішкі істер органдарының батырларын ұлықтады. Шара кезінде батыр полицейлер және қаза болған қызметкерлердің туыстары полицейлердің ерлігі туралы әңгімеледі. 2011 жылы Тараз қаласында лаңкесті құрықтау кезінде қаза тапқан «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың қазіргі кезде Атырау қаласында тұратын қарындасы Құндызай Байтасова кездесудің құрметті қонағы болды.
Айта кетейік, «Қазіргі заман қаһармандары» акциясы полицейлер арасында алғаш рет полиция капитаны Ғазиз Байтасов ерлігінің құрметіне оның туған жері Жамбыл облысында 2013 жылы өткен болатын.
Тәуелсіздік жылдары ішінде қызметтік міндетін өтеу кезінде 772 қызметкер қаза болып, 2 мыңдайы жарақат алды. 1186 полицей мен әскерилер мемлекеттік наградамен марапатталды, оның ішінде 127 адам қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған. ІІМ қатарында «Халық қаһарманы» атағының 2 иегері бар және 200-ге жуық тәртіп сақшысы мен әскери қызметкер «Айбын» орденімен марапатталды, 369 полицей «Ерлігі үшін» медалін иеленді.
Атырау облысында өткен тəлімі терең, тəрбиесі зор республикалық акцияда ұлықталған он бес оғланымызды оқырмандарға таныстыра кетудің жөні келіп тұрғандай. Олар – Жамбыл облыстық ІІД-нен полиция аға лейтенанты Дәуітбаев Мұрат Нышанұлы, полиция старшинасы Төлегенов Ғабит Орынбетұлы; Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нен полиция лейтенанты Қабиев Азамат Какенұлы, полиция лейтенанты Ақпаров Саят Егізұлы; Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нен полиция сержанты Айтмұхамедов Ерлан Алмаханұлы; Астана қалалық ІІД-нен полиция сержанты Тілемісов Əділғазы Алайдарұлы; Маңғыстау облыстық ІІД-нен полиция капитаны Ысқақов Ерғали Жамбылұлы, полиция сержанты Əкімбаев Ерболат Кеңесұлы; Қарағанды облыстық ІІД-нен полиция подполковнигі Байзақов Қайрат Ақылбекұлы; Ақтөбе облыстық ІІД-нен полиция аға лейтенанты Абдулин Ануар Əлішерұлы; Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД-нен əділет майоры Жидеханов Нұрлан Қосаманұлы; Павлодар облыстық ІІД-нен полиция старшинасы Нұрсейітов Мұрат Қасенғалиұлы, полиция сержанты Жүнісов Баянбек Сəрсенбайұлы; Алматы қаласы ТЖД-нен азаматтық қорғау старшинасы Құлназаров Мейрамбек Кемелбекұлы; ІІМ Ұлттық ұланнан ефрейтор Үсенбаев Нағашыбек Серікұлы.
Осы батыр әріптестеріміздің бірқатар жасаған ерліктерін назарларыңызға ұсынамыз.
Жамбыл облыстық ІІД-нен полиция аға лейтенанты Дәуітбаев Мұрат Нышанұлы, полиция старшинасы Төлегенов Ғабит Орынбетұлы.
Жамбыл облыстық ІІД-нің жедел желі қызметіне 2017 жылдың 3 ақпанында Алматы-Екатеринбург тас жолының 105 шақырымында аса ауыр қылмыстың орын алғандығы туралы хабарлама келіп түскен. Бетпердемен бүркемеленген қарулы үш белгісіз азамат Фольксваген Гольф ІІ маркалы автокөлігімен «Мерке-Шу-Буырылбайтал» республкиалық маңыздағы тас жолының бойында атыс қаруын қолдана отырып, үлкен көлемді жүк тамысалдаушы бірнеше көлікке қарақшылық шабуыл жасаған. Осыған сәйкес, дабыл белгісі бойынша Мойынқұм аудандық ІІБ мен Жамбыл облыстық ІІД-нің Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция батальонының барлық жеке құрамына бағдар берілді. Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстарының барлық тас жолдары бақылауға алынды. Берілген бағдар негізінде полиция қызметкерлері Мұрат Дәуітбаев, Ержан Бұралқиев және Ғабит Төлегеновтың назарына Алматы-Екатеринбург тас жолының 260 шақырымында Фольксваген Гольф ІІ автокөлігі іліккен. Қарулы қылмыскерлер полиция қызметкерлерінің автокөлікті тоқтату туралы заңды талабы мен қарумен жасалған ескертуіне құлақ аспай, қудалаудан сытылып кетуді көздеп, жылдамдығын арттырып, қашуды жалғастырған. Полиция қызметкерлері өз өмірлерін қатерге тігіп, қылмыскерлердің автокөлігіне жанай зақым келтіре отырып, оларды мәжбүрлеп тоқтатқан. Нәтижесінде аса қауіпті қылмыскерлерді құрықтаған. Қайсар полиция қызметкерлерінің жедел және кәсіби әрекетінің нәтижесінде республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында бейбіт жүргізушілерге бірнеше қарақшылық шабуыл жасаған қауіпті қылмыскерлер Балқаш өзенінің жағалауында қолға түсірілді. Оқиға орнын қарау барысында қылмыскерлердің автокөлігінен қара бетперде, алты атылған гильза және ақшалар табылып, тәркіленді. ҚР Президентінің 2017 жылғы 2 мамырындағы Жарлығымен Әскери және қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін полиция инспекторлары Мұрат Дәуітбаев, Ержан Бұралқиев және Ғабит Төлегенов «Ерлігі үшін» медальімен марапатталды.
«Біздің тоқта деген талабымызға тоқтамай әлгі қызметкерлер жолсыз далалық жерлермен бой тасалауға тырысты. Сонда да болса соңдарынан қуып жүріп, ауызша ескертуімізге құлақ аспағандықтан табельдік қаруды қолдана отырып алдыңғы дөңгелектеріне зақым келтірдік. Сонда да болса тоқтамастан олар Балқаш көлінің үстіне шығып кетті. Осы аралықта олардың машиналарын соғып тоқтатуға шешім қабылдап, екінші экипаж шақырып, жолын бөгей отырып тоқтаттық», – дейді полиция старшинасы Ғабит Орынбетұлы.
Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нен полиция лейтенанты Қабиев Азамат Какенұлы, полиция лейтенанты Ақпаров Саят Егізұлы.
Петропавл қаласында бір отбасы маңдай тер, табан ақысымен тірнектеп салған үйінен айырылып қалды. Олардың баспанасын және дүние-мүліктерін қызыл жалын жалмаған. Отбасы мүшелеріне үйден шығуға тәртіп сақшылары көмекке келген.
Өрт шыққан кезде Әйкеновтер отбасы шырт ұйқыда жатқан. Абырой болғанда отағасы Руслан түнгі сағат бірлерде оянып кеткен. Сол кезде қызыл жалын көрші бөлмеге жайыла бастаған екен. Үйден шығып жатқан от ұшқынын жақын маңда жүрген тәртіп сақшылары көріп қалады. Учаскелік инспектор Саят Ақпаров пен ЖПП батальоны қызметкері Азамат Қабиев көп кідірместен көмекке ұмтылады.
«Мен шарбақты сындырып кіріп, терезенің жанына жеткенімде үйдегі әйел балаларын терезеден далаға шығарып жатыр екен. Біз балғындарды көтеріп алып, тоңып қалмасын деп көлікке апарып жайғастырдық. Отағасы редуктордан газ балонын ажыратып бізге берді. Біз оны үйден алыстау жерге қойдық. Одан кейін олардың өздеріне де үйден шығуға көмектесіп, жедел жәрдем және өрт сөндіру көліктері келгенше қызметтік көлікке апарып жайғастырдық. Олардың мезгілінде оянып кетіп, түтінге уланып қалмай тұрғанда осындай сауатты қимылдар жасағаны да біз үшін үлкен көмек болды», – дейді полиция лейтенанты Саят Егізұлы.
Әйкеновтар отбасының полиция қызметкеріне, ішкі істер саласына айтар алғысы шексіз. Қазіргі таңда олар тосыннан келген төтенше жағдайдың салдарынан жақындарының үйлерін паналауда. Ішкі істер министрлігі азаматтардың өз өмірлері мен жақындарына, денсаулықтары мен дүние-мүліктеріне жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздік талаптарына мұқият болуға шақырады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нен полиция сержанты Айтмұхамедов Ерлан Алмаханұлы.
2017 жылдың 27 шілдесі күні кешкі уақытта Шымкент қаласындағы Бадам өзенінің бойында орналасқан қалалық Ішкі істер басқармасы Жергілікті полиция қызметіне қарасты жол-патрульдік полиция полкінің стационарлы бекетінің қызметкерлері адамдардың көмекке шақырған дауысын естиді. Бекеттегі полицейлер дереу оқиға орнына жетеді. Сол кезде көшедегі азаматтар оларды өзенге қарай бағыттап, 13-15 жасар жасөспірімнің суға батып бара жатқанын көрсетеді.
Тәртіп сақшылары сол сәтте-ақ оны құтқаруға ұмтылады. Шымкент қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметіне қарасты ЖПП полкінің полицейі, полиция сержанты Ерлан Айтмұхамедов суға сүңгіп, батып бара жатқан жасөспірімді өзеннен аман алып шығады. Оған алғашқы көмек көрсетеді. Полицейлердің анықтағанындай, сөйлеу мүмкіндігі шектеулі 2004 жылы туған жасөспірім Шымкент қаласы Қаратал ауданына қарасты Сайрам елді мекенінде тұратын Шаймидинов Шурустам Шуақбарұлы болып шықты. Жасөспірім өзенге аяқ киімі түсіп кеткен соң, соны алмақ болған кезінде суға құлап кеткен. Өзеннің ағысы қатты болғандықтан өз күшімен жағаға шыға алмаған.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Астана-Атырау-Астана, Суреттер автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Әлеуметтік мәселе әсер етпей қоймайды

7 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған