Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Әнші, продюсер Қыдырәлі БОЛМАНОВ: Полиция – халықтың қорғаны

Әнші, продюсер Қыдырәлі БОЛМАНОВ: Полиция – халықтың қорғаны

Қыдырәлі Болманов – қазақ шоу-бизнесіндегі таныстыруды қажет етпейтін бірегей тұлға. Оның ән әлеміндегі әрбір жобасы ұлттық бояуымен, қазақы нақышымен ерекшеленіп тұрады. Әншілік, продюсерлік жұмыстарынан бөлек, бүгінде шоу-бизнес өкілі бала тәрбиесі саласында да бастамаларымен көрініп жүр. Бізбен сұхбатында Қыдырәлі Нұртайұлы осы және өзге де жобалары және полиция қызметіне қатысты ойларымен бөлісті.

– Қыдырәлі Нұртайұлы, сіз өткен жылы Ресей Ғылым академиясының профессоры атағын алып қайттыңыз. Бұл сіздің ғылымға бет бұрғаныңызды білдіре ме?
– Ғылым – кез келген істің бастауы. Абай атамыз: «Үйрен де жирен», – деп айтқандай, ғылымнан аз да болсын хабарың болмаса, ешбір шаруаны қолға алу мүмкін емес. Мен, әрине, ғалым емеспін және ешуақытта профессор боламын деп ұмтылғаным жоқ. Дегенмен, бүгінде өзім айналысып жүрген бала тәрбиесі, этнопедагогика, этнопсихология салаларын ғылымсыз игеру қиын. Өздеріңіз білетіндей, мен бала тәрбиесін ұлттық сипатта дамыту, балабақшалар қызметіне қатысты салада жұмыс істеп жатырмын. Осы бағыттағы балалар тәрбиесі жөніндегі жұмысым Ресей ғалымдарына ұнағаны соншалық, олар бірауыздан құптап, маған профессор атағын берді.
Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, өнер мен ғылым бір-бірімен тығыз байланысты екенін көреміз. Бұл бұрыннан бар дүние. Ал бізде, өкінішке орай, өнер болса, ғылым жоқ, ғылым болса, өнер жоқ. Көбінесе бірімен-бірі қабыспай жатады. Осы жағы елімізде кенже дамуда. Содан да болса керек, Қазақстанда өзіндік өнім жоқтың қасы. Ал бала тәрбиесі, баланың таным-түсінігін ұлттық сипатта дамыту үшін алдымен оны ғылыми тұрғыда таразылау керек. Егер біз бүгін бүлдіршіндерімізді спанч-боб, наруто секілді шетелдік тәрбиенің, жат психологияның жетегінде кетірсек, ертең олардың сырты бізге ұқсағанымен, іші бөтен болып шыға келеді. Шындығында, балаға ұлттық тәрбие беру, ана тілінде оқыту, ұлттық сана қалыптастыруда жағдайымыз мәз емес. Шыбықты отырғызып, өсуі үшін күтім керек болғаны секілді, баланы да тәрбиелеудің өзіндік машақаты мен жолдары көп. Қазіргі күні біздің қаракөз бүлдіршіндеріміз айдалада ешкімнің қарауынсыз өсіп жатқан шыбық сияқты елестейді. Оларды жат идеологияның ықпалына беріп қойғанбыз. Теледидардан да, ұялы телефоннан да көретіндері – шетелдік мультфильмдер. Ал, бұлар жай ғана мультфильм емес, оның ар жағында адамды өзіне баурайтын терең идеология жатқандығын біз көбіне түсіне бермейміз. Сондықтан өзімнің бұл салаға бет бұруымды ұлтымның, Отанымның, Алланың алдындағы азаматтық борышым деп есептеймін.
Кәсіп пен өнерді бірге алып жүру қиын емес пе?
– Өмірде оңай ештеңе жоқ. Балаға да сабаққа бару қиын, бірақ, бару парыз. Сол сияқты өнерді, шоу-бизнесті, басқа да толып жатқан шаруаны қатар алып жүру жеңіл жүк емес. Сондықтан да өнер адамдарының ішінде қосалқы бизнеспен айналысатындар жоқтың қасы. Бұған жан-жақты білім, талап, ерік-жігер қажет.
Жуырда мен қазіргі заманғы бала тәрбиесі саласындағы ірі ғалымдардың бірі, белгілі педагог әрі психолог Шалва Амонашвилимен кездесіп, сұхбаттасып қайттым. Оның бала тәрбиесі саласындағы әдіс-тәсілдері, тәжірибесі өте керемет. Соларды біз де үйреніп, іске асырып жатсақ, пайдасы зор болар еді.
Бұл салада сіз қандай әдістемемен жұмыс істеуді көздейсіз?
– Біз негізінен балалар ойыншығын шығарумен айналысып келеміз. Менің әдістемем – сол ойыншықты құрал қылып пайдаланып, балаға ұлттық тәрбие беру. Солардың бірі – сөйлейтін кітаптар. Түймесін басып қалса, ол ата-ананы сыйлау, отаншылдық, адамгершілік, т.б. тәлім-тәрбие берерлік жанға жайлы дүниелерді сайрай жөнеледі. Сол сияқты ұлттық музыка туындыларын да ойнайды. Мұның бәрі баланың өз ұлтына, дәстүріне, мәдениетіне жақын болып өсуіне ықпал етері сөзсіз.
Сонымен қатар, қазақша боямақтар (раскраска) шығарамыз. Бірақ, бүгінде осы жұмыстарымызға көңіл аударып жатқандар шамалы. Шындығын айтқанда, біздің елімізде ұлттық мәселені қолға алғандарды қолдау, демеушілік білдіру жағы кемшін екенін айтқым келеді. Бұл бүлдіршіндердің ертеңіне алаңдаушылық туғызатыны рас.
Сіз бір сұхбатыңызда Астанада «Балалар әлемі» атты саябақ ашуды жоспарлап отырмын депсіз. Оны қай уақытта жүзеге асырасыз?
– Мен ол саябақты биыл жазда аштым. Онда әлемде баламасы жоқ киіз үй-батут жасадым. Сондай-ақ, ол жерге этнотир қойылды. Балалар мылтықпен атқан кезде ойыншықтың астындағы темірге дәл тисе, ойыншық қозғалып, қазақша өлең айта бастайды. Бұл да осы бала тәрбиесі саласында атқарып жатқан жұмыстарымыздың бірі. Әрине, оның бәрін кең ауқымда дамыту үшін қаражат керек екені белгілі.
Сіздің көпке танымал «Бал-бала» ойыншықтарыңыз шетелге де шығарыла ма?
– Жаппай шығарылмаса да, шетелге сұранысқа байланысты жіберіп отырамыз. Бұл ойыншықтар ең бастапқыда шетелге экспорттау үшін емес, өзіміздің қара домалақ балалар, балабақшалар үшін қолға алынған дүние ғой. Бұл – коммерциялық емес, идеологиялық жоба. Енді осыны коммерциялық жобаға айналдырамын деп әрекет жасап жатырмын. Өйткені, қаражат түспеген жерде кез келген іс дамып кетпейді.
«Бал-баланы» қолға алғанымызға 8 жылдай болыпты. Содан бері талай асу еңсерілді. Білім және ғылым министрлігінің тізіміне енгізілдік, аттестациясынан өттік, енді кейбір орта оқу орындарына сабақ ретінде кіргіземіз бе деген ұсыныстар бар.
Шоу-бизнес саласына келсек. Кезінде сіздер «АБК» триосын құрғаннан кейін елімізде дуэт, трио, квартет секілді өнер ұжымдары қаптап кетті. Олардың бүгінгі беталысына, өнеріне, туындыларына қандай баға бересіз?
– Негізі, шоу-бизнес – табыс табудың көзі болғандықтан, оған тек бизнес деп баға беріледі. Ол жерде идеологияға орын жоқ. Дегенмен, «АБК» тобы құрылғаннан кейін елімізде көптеген үштіктер пайда болды, Қыдырәлі мен Қарақат дуэтінен кейін көп дуэт қазақ сахнасына келді. Сондай-ақ, «Ұлытау» тобы Голливудтан бас жүлде алып келгесін домбыра ұстаған 100-ден астам топ шықты. Құдайға шүкір, мұның бәрі біздің шоу-бизнесті идеологиядан алыстатпай, ара-жігін байланыстырып отырғанымыздың белгісі. Шоу-бизнес – ол коммерция, ал домбыра – идеология. Қазір біздің сахнамызда осы екеуі де бар. Домбыра – қазақтың тарихы, жан-дүниесі, мәдениеті, өнері. Бірақ, біз оны жаңа заман талаптарына сай басқа да аспаптармен сүйемелдеп, халықтың талғамына сай ұсынуымыз керек.
Қазіргі қазақ шоу-бизнесіне келсек, «Мұзарт», «Алашұлы», «Ұлытау» сынды патриоттық әндерді шырқап, стадион толы көрермен жинап жүрген талантты топтар бар. Міне, осыларды мен бүгінгі күннің батырлары, ұлттық идеологияны арқалап жүргендердің көшбасшысы деп айтар едім.
Голливудтан гран-при әкелген «Ұлытау» тобының алдағы жоспарлары қандай? Басқа да шетелдерді таңғалдыру ойда бар ма?
– «Ұлытаудың» қазақ сахнасында жүргеніне, міне, 17 жылдан асты. Бұл шоу-бизнесте жүрген басқа топтар секілді пайда табу емес, ұлттық идеологияны насихаттау және оны жастардың бойына сіңіру үшін құрылған ұжым.
Өкінішке қарай, «Ұлытау» тобы әншісіз, тек аспапта ойнайтын болғандықтан, әншілер бақ сынайтын әлемдік ірі бәйгелерге қатыса алмайды. Ал барып жүрген бәйгелерінен әрқашан бас жүлде алып келіп жатыр. Сондықтан біздің алдағы мақсатымыз – осы топқа бір әнші алу.
Өзіңіз көлік жүргізесіз бе?
– Жиі жүргізбеймін.
Жолда тәртіп сақшылары тоқтатқанда сізді танып жататын шығар? Жол бойында қандай да бір қызықты оқиға болды ма?
– Жолда талай қызық оқиға болды, әрине. Біз көбіне асығып жүретін адамдармыз ғой. Әуежайға жиі барамыз, бір концерттен екінші концертке жету үшін уақыт тығыз боп жатады. Несін жасырайық, жол тәртібін бұзып қоятын кездеріміз болып тұрады. Жол-патрульдік полицейлері ондай жағдайларда көбіне бізді танып, жылы шырай білдіріп жататындары да рас. Біз де олардың алдында кердеңдемей: «Бауырым, менен бір айып болды, кешірім өтінемін», – деп кішіпейілдік танытамыз. Сондықтан жол сақшыларымен әрдайым сәлеміміз түзу. Полиция қызметкерлері көбінесе асығыс жүретін өнер адамдарына түсіністікпен қарайтынын да айта кеткім келеді. Өйткені, бізді концертте халық күтіп отырғанын олар сезіне біледі.
Жалпы айтарым: жол ережесі – еліміздің барлық азаматына ортақ заң, сондықтан оны бұлжытпай сақтау әркімге парыз. Ол өзіміздің ғана қауіпсіздігіміз емес, басқа адамдардың да өмірі үшін қажет нәрсе.
Полиция қызметіне қандай баға берер едіңіз?
– Полиция қызметкерлері – халықтың ең басты қорғаны. Өкінішке қарай, бізде сақшыларды көбіне күлкіге айналдырып жатады. Мен өзім мұндай үрдісті құптамаймын. Қоғам қауіпсіздігі мен адамдардың құқықтарын қорғайтын ішкі істер саласы қызметкерлерінің жұмыстары оңай деп айтуға еш болмайды. Олар болмаса, көшеден тәртіп кетер еді. Бұзақылар ойына келгенін істер еді. Мен полицейлердің жұмыстарына табыс, жетістік тілей отырып, өнер адамдарына түсіністікпен қарағандары үшін алғысымды білдіргім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ескендір ТАСБОЛАТ, Раушан НАРБЕК

Сондай-ақ, оқыңыз

Алаяқтарға алданғандар қатары көп

Бостандық аудандық ІІБ тергеу бөлімінің өндірісінде қайтарымсыз несие алып беремін деп азаматтарды алдап келген ер …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған