«Рухани жаңғырудың» жарқын көрінісі

Орталық коммуникациялар қызметінде Бас прокуратураның бастамасымен және Президент Әкімшілігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қолдауымен өтетін «Рухани жаңғыру – патриотизм негізі» ведомствоаралық байқауы жайлы брифинг өтті.
Жиынға Бас прокурордың кеңесшісі – аға көмекшісі Нұргүл Қарағойшина, Қарулы Күштер Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы Қайсар Мұғалов, Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Әкімшілік құқық департаментінің басқарма бастығы Қуаныш Мырзағали қатысты.
Брифингте бірінші болып сөз алған Бас прокурордың кеңесшісі Нұргүл Қарағойшина байқаудың өткізілу тәртібіне тоқталды. Бұл жолы байқауға Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Мемлекеттік күзет қызметі өкілдерінен құрылған 6 команда екі айналым бойынша сайысқа түседі. Кеңесшінің айуынша, бірінші айналым мемлекеттік органның қызметі және рухани жаңғыру аясындағы атқарылып жатқан нақты істерге негізделген таныстыру мен бейнебаян сынды екі бөлімнен, ал екіншісі – «Рухани жаңғыру – патриотизм негізі» атты сахналандырылған көріністен тұрады. Жеңімпаздарды қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бастаған қазылар алқасы анықтайды. «Байқаудың мақсаты – патриоттық рухты күшейту, мемлекеттік тілді насихаттау, органдарда қызмет етіп жатқан азаматтардың ел мен жерін, Отанын сүйетінін халыққа көрсету. 2014 жылдан бері байқау «Тіл – татулық тірегі», «Тіл – тұтастық кепілі» тақырыбында өткен болатын. Биыл тақырып аясы да кеңейді», – дей келе Нұргүл Ерболатқызы шара рухани жаңғыруға байланысты болған соң, баспасөз мәслихатын да бастан-аяқ мемлекеттік тілде жүргізу туралы ұсыныс жасады. Тіпті орыс тіліндегі сауалдарға да қазақ тілінде жауап берілетінін, себебі, рухани жаңғырудың артында мемлекеттік тілдің мүддесі мен ұлттық мүдде жайлы тақырыптың тұрғанын тәмпіштеп түсіндірді. Өйткені, байқаудың ұйымдастырылуына Елбасының мемлекеттік тілдің рөлін арттыру, дамыту, қызметкерлердің күнделікті өмірде және қызметте қазақ тілін белсенді қолдануы үшін уәждемелеуді күшейтуге қажетті жағдай жасау саясаты түрткі болған. Тіпті байқау шартында да өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде жетік меңгергенін көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, бұл жолғы байқауда командалар екі айналымда барын салып қалмаса болмайды. Себебі, жылдағыдай емес, бұл жолы уақыт шектеулі.
Осыдан кейін баяндама жасаған әрбір спикер рухани жаңғыру бойынша өз мекемелерінде атқарылып жатқан жұмыстарға, соның ішінде мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған шараларға тоқталды.
Халықтың тыныш ұйқысын қамтамасыз етіп, құқығын қорғауда қызмет етіп жатқан құрылымның жүз мыңдаған қызметкері де жауапкершілік жүгін жақсы түсінеді. «Қазір рухани жаңғыруда айтылғандар кез келген ішкі істер органдары қабырғаларында күн сайын талқыланып, сараланып жатыр. Бұл бойынша бізде көптеген іс-шара өткізілуде. Күні кеше Атырау облысында «Қазіргі заман қаһармандары» байқауы болды. Байқаудың мақсаты – бейбіт күннің батырларын ұлықтау, танып-білу. Мәселен, тәуелсіздік жылдары ішкі істер органдарының 1026 қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталды, оның ішінде 108-і қаза болған соң. Осы жылдар ішінде 2232 қызметкер жарақат алса, 820 полицей қызмет бабында қаза тапқан. Оның артында үлкен ерлік жатыр. Әрбір ана мен сәбидің алаңсыз ұйқысы үшін сақшылардың атқаратын міндеті ауыр. Сондықтан олардың қызметіне құрметпен қарауымыз керек. Қызметте қырағы сақшылар сайысқа да сақадай сай. Осындай байқаулар арқылы қызметкерлердің бойындағы патриоттық рухты оятып, бірлігімізді бүтіндей аламыз», – деді Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев.
Брифингтен бір күн өткенде «Қазақстан» концерт залында жанкүйерлер көптеп жиналды. Үшінші жыл дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Рухани жаңғыру – патриотизм негізі» байқауына Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова бастаған бір топ депутаттар, зиялы қауым және Президент Әкімшілігінің өкілдері, Конституциялық Кеңес мүшелері келді.
Шараның шымылдығын ашқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова байқаудың маңыздылығына тоқтала келе барлық командаларға сәттілік тіледі.
Сайысқа сөзсіз сайыпқырандар жиналған екен. Әрбір ведомствоның өкілдері мемлекеттік тілді жетік білетінін, оны кәсіби қызметте қолдану дағдыларын әрі шеберліктерін өзара сынға салуда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар екендіктерін көрсетті.
ІІМ Ұлттық ұланның «Қырандар» тобы ішкі істер органдарының намысын қорғады. Бірінші айналымда құқықтық тәртіп әскерінің қызметі мен рухани жаңғыру аясындағы атқарылып жатқан істер таныстырылды. Өздерін таныстыру барысында сахнада орнатылған Led-экраннан Ұлттық ұланның күнделікті жауынгерлік қызметі, ел тарихымен сабақтасқан ерлік дәстүрі, батырлықтың белгісі – «Күрең берет» тапсыру рәсімі туралы хабар беретін бейнебаян көрсетілді. Ұландықтардың мемлекеттік тілдегі жалынды өлеңдері, әртістік өнері жиналған қауымды өзіне баурап алды. Ал екінші айналым «Рухани жаңғыру – патриотизм негізі» атты сахналандырылған көріністен тұрды. «Қырандықтар» Тәукехан заманында «Жеті жарғы» заңдар жинағын қабылданғанға дейінгі бытыраңқылыққа түскен ұлтымыздың ахуалын көрсетті. «Жеті жарғы» заңдар жинағы қабылданып, заң үстемдігі дәстүрі бүгінгі Ата Заңымызға дейін жалғасып келе жатқаны, Ұлттық ұланның жауынгерлері құқықтық тәртіпті, жеке адам мен тұлға, қоғам мен мемлекеттің тыныштығын қорғаудағы қырағы қызметі тамаша көрсетіле білді. Кейін қазылар құрамының төрағасы, профессор Мырзатай Жолдасбеков осы сахналық көрініс туралы оң пікірін білдірді.
Осындай елжандылық пен ұлттық рухты насихаттау аламанында тұлпар емес, қыран мінез танытқан Ұлттық ұлан жауынгерлері жүлделі ІІІ орынды иеленді. «Қырандар» тобына 40 мың теңге көлемінде сертификат және диплом, команда өкілдеріне Бас прокурор Жақып Асановтың атынан грамота табыс етілді.
– Менің ойымша, осындай жарыстардың маңызы зор. Әртүрлі командалар, түрлі ұлт өкілдері бір тудың астына жиналып, мемлекеттік тілде ел болашағы туралы толғадық. Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының басты идеясын жеткізе білдік. Баршамызды біріктіретін бір ғана мүдде, ол – тәуелсіз Қазақстан Республикасына қызмет ету, – деп ойымен бөлісті ұландық жауынгер Денис Яковлев.
Тартысты өткен байқауда бас жүлдені – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ал бірінші орынды Қорғаныс министрлігі жеңіп алды. Екінші орынды Бас прокуратура және Мемлекеттік күзет қызметі, үшінші орынды Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы және Ұлттық қауіпсіздік комитеті командалары бөліске салды.
Байқау соңында жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, жекелеген айналымдарда жеке дара көзге түскен қатысушылар түрлі номинациялар бойынша алғыс хатпен ынталандырылды.

Жадыра МҮСІЛІМ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*