Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Апталық шеңберіндегі айтулы шаралар

Апталық шеңберіндегі айтулы шаралар

Оңтүстік Қазақстан облысында республикалық «Қауіпсіз жол қозғалысы апталығы» жоғары деңгейде өтті.
Облыстық ІІД-нің жергілікті полиция қызметкерлері 13-19 қараша аралығында облыстық білім беру басқармасы және азаматтық ұйымдармен бірігіп, «Қауіпсіз жол қозғалысы апталығы» жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан құрбандарды еске алуға арналған іс-шара өткізді. Акцияның мақсаты – жолдарда қаза болу және жарақаттану оқиғаларына, олардың қауіп-қатеріне назар аудару; өзара сыйластық, жолда қауіпсіздік ережесін сақтау, жүргізушілердің жолда жүру мәдениетін арттыру, т.б. болып табылады.
Акция аясында ІІД Жергілікті полиция қызметінің 200 қызметкері облыстық қан тапсыру орталығына барып, жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақаттанғандарға қан тапсырды. Жалпы, полиция қызметкерлері 90 литрге жуық қан берді. Олар донор болып, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге көмек көрсетті. Полиция қызметкерлері осы акциямен көпшіліктің назарын жол апатынан жарақаттанған адамдарға көмек көрсету керектігіне аударып, жүргізушілерді жол тәртібін сақтауға шақырды.
Бұдан бөлек, жергілікті полиция қызметкерлерінің ұйытқы болуымен «Қауіпсіз жол қозғалысы апталығы» республикалық акция шеңберінде «Белгілі бол», «Сіздің жолаушыңыз – бала», «Жол ережесін сақтаймыз, жол-көлік оқиғасының алдын аламыз», «Үздік автомектеп», «Жүргізуші, менің өмірімді сақта!» атты басқа да байқаулар өтті.
«Қауіпсіз жол қозғалысы апталығының» бірінші күні полиция қызметкерлері облыс мектептеріне барып, жол-көлік ережелерін сақтау туралы оқушылар мен ата-аналарға үгіт-насихат жүргізді. Шымкент қаласының 95 мектебінде тәртіп сақшылары «Қамқор ана» атты науқан өткізіп, балаларға арналған жарық шағылыстыратын киімдерді кигізіп көрсетті. Акцияға қатысқан ең үздік анаға ұйымдастырушылар алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс етті.
«Қауіпсіз жол қозғалысы апталығы» аудандарда да қолға алынып, полицейлер жол жүру ережелерін сақтау бойынша профилактикалық іс-шара өткізді. Мысалы, тәртіп сақшылары Ордабасы ауданының №25 орта мектебі оқушыларымен бірігіп, «Өзара түсіністік күні» атты акция ұйымдастырды. Шара қатысушылары жүргізушілерге жол жүру ережелерін түсіндіріп, сауалнамалар таратып, жол жүру ережелерін бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын атап өтті. Төле би ауданында «Сіздің жолаушыңыз – бала» атты акция өтіп, балалар қауіпсіздігі мәселесі түсіндірілді.
ОҚО ІІД-нің жергілікті полиция қызметкерлері «Қауіпсіз жол қозғалысы апталығы» атты науқаның соңғы күні «Біз өмірге сенеміз» атты науқанға мектеп оқушылары мен Шымкенттің байкерлері қатысып, үгіт-насихат кітапшалар таратып, мотоциклмен шеру жасады.
Сонымен қатар, бір апта ішінде Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД ЖПҚ қызметкерлері автокөлікте балаларды арнайы ұстап тұратын құрылғы бар-жоғын анықтау мақсатында рейд жүргізді. Нәтижесінде полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзушыларға 74 әкімшілік хаттама толтырды.
«Қауіпсіз жол қозғалысы апталығы» акциясының соңғы күні Шымкент қаласының жасөспірімдер орталығында жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан құрбандарды еске алу мақсатында полиция қызметкерлері мен мектеп оқушылары жүз шақты шырақ жақты.

Ақмаржан МЫРЗАХМЕТОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Ардагер құтқарушы марапат алды

5 желтоқсанда Петропавл қаласында «Қызыл жарты айдың» облыстық филиалы Халықаралық волонтер күнін атап өтті.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған