Парламент Мәжілісінің депутаты Асылбек СМАҒҰЛОВ: Полиция қызметіне құрметпен қарау керек

Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында заңның үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударып, қылмыстық процесте азаматтарды қорғау деңгейін арттыру, тергеу жүргізу тәртібін оңтайландыру, сотқа дейінгі сатыда сот бақылауын одан әрі күшейту, қылмыстық қудалауды болдырмау жүйесін жетілдіруді тапсырған болатын. Парламент Мәжілісінің қабырғасында заңнамаларға енгізіліп жатқан өзгертулер мен жаңашылдықтарға жаңаша көзқарас танытып жүрген депутат, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Асылбек Смағұловпен осы тақырып төңірегінде сұхбаттасқан едік.

– Асылбек Айжарықұлы, Парламент Мәжілісінде Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерді жетілдіру үшін заңға бірқатар өзгерістер енгізу ұсынылған еді. Осы өзгерістер негізінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету үшін қылмыстық істерді сандық форматқа көшіру, күдіктіні санкциясыз ұстау мерзімін қысқарту жаңашылдықтарын енгізу қарастырылды. Бұл заңдарды әлі де жетілдіре түсу үшін қандай өзгерістер енгізу қажет деп ойлайсыз?
– Енгізілетін жаңашылдықтардың тиімділігі құқық қорғау және сот органдары азаматтар мен кәсіпкерлердің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуінде болмақ. Сондықтан адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктерін күшейту, әкімшілік заңнаманы жетілдіру мақсатында 2014 жылы жаңа Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстері, сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс қабылданды. Бүгінгі таңда ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдірудің бағыттарын айқындау мемлекеттің стратегиялық міндеттерін іске асырудағы басты бағыттардың бірі болып табылады. Бүгінде Қазақстан Республикасының Президенті бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламент қабырғасында қаралып жатыр. Бұл заң жобасы Қылмыстық іс жүргізу кодексіне, «Жедел-іздестіру қызметі туралы» және «Прокуратура туралы» заңдарға қылмыстық сот ісін жүргізу және тұтас құқық қорғау қызметін жаңғыртуға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Заң жобасы адам құқықтарының қорғалу деңгейін күшейтуге, тараптардың жарыспалылығын арттыруға, сот бақылауын кеңейтуге, тергеп-тексеру рәсімдерін оңайлатуға, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары, прокуратура мен сот арасында өкілеттіктердің қайталануын болғызбауға және оларды нақты бөлуге бағытталған. Сонымен қатар, заң жобасымен күдіктіні қамауда ұстау мерзімдерін қысқарту, санкцияларды сотқа беру, қылмыстық сот ісін жүргізу рәсімдерін оңтайландыруға мүмкіндік беретін қылмыстық істі цифрландыру жөнінде нормалар көзделіп отыр. Тәжірибе көрсеткендей, көптеген дамыған елдерде қылмыстық істер электронды түрде жүргізіледі.
Қылмыстық істерді цифрлық форматқа көшірудің алғашқы қадамы ретінде «Е-қылмыстық іс» бағдарламасының жобасын айтуға болады. Қылмыстарды тіркеу, сотқа дейінгі тергеу және қылмыстық жазаны орындау кезеңдерін қамтитын бұл жоба істің бұрмалануына жол бермейді, қағазбастылықты азайтады, істерді тіркеу мен оны рәсімдеу уақытын қысқарады, соттан санкцияны электронды түрде алу, істің қалай қаралып жатқанын онлайн режимде көру мүмкіндігін береді, сонымен қатар, электронды шағымдар модулі жұмыс істей бастайды.
– Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі баптарды қайта-қайта ауыстыру қалыпты үрдіске айналып кетті. Бұған не себеп?
– Мемлекет басшысы өзінің осы жылғы Жолдауында әкімшілік-деликтік заңнаманы ізгілендіру жөніндегі шараларды қабылдау бойынша тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау үшін Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп осы заң жобасын әзірледі. Заң жобасында мынадай үш бағыт қамтылған: ізгілендіру (барлық түзетулердің 61 пайызын құрайды); әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша іс жүргізудің жекелеген институттарын жетілдіру (барлық түзетулердің 8 пайызын құрайды); ӘҚБтК-нің рәсімдік және процестік нормаларын жүйеге келтіру (барлық түзетулердің 31 пайызын құрайды).
Әрине, заң аз уақытта дайындалып, қабылданатындықтан заң шығару ісі ақсайды. Бұл мәселеге қатысты Елбасы парламентарийлердің назарын елімізде заң шығару процесін еуропалық стандарттарға сәйкестендіріп, оның сапасын арттыру қажеттілігіне аударған болатын. Бұл заңнамаға өзгерістер енгізу, оны жетілдіру, мониторинг жүргізу, одан әрі жүзеге асырудың тетіктерін айқындауды қажет етеді.
Бір жағынан, біз жас мемлекетпіз. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылы тарихи өлшем бойынша өте қысқа мерзім. Бірақ, еліміз күн сайын конституционализм мен азаматтық қоғам мұраттарына қадам басуда. Бәрімізге мәлім, мінсіздіктің шегі жоқ. Біз сапасыз заң жобаларын қабылдауды болдырмау, ел Конституциясы мен заңдарының талаптарына сай келетін құқық қолдану және сот төрелігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеуіміз керек. Ортақ ісіміз – конституциялық заңдылықты қамтамасыз етуде әрқайсымыздың да үлесіміз бар.
– Жақында Парламент Мәжілісінде жол жүру ережесін өрескел бұзатын көрші елдерден келген көліктерге миллиондап айыппұл салынғанымен, олар жазадан құтылып кетіп жатқанын айтып, құзырлы орган басшыларына сауал тастағаныңызды білеміз. Сіздің ойыңызша, еліміздің аумағында ережені өрескел бұзатын шетелдік автокөліктерді жауапкершілікке тартудың альтернативті нұсқасы қандай?
– Біздің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті биыл қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысында көшпелі отырыс өткізген еді. Сол кезде жол-патрульдік полициясының өкілі бізге осы проблеманы жеткізді. Еліміздің аумағында сырт елдердің мемлекеттік нөмірімен жүрген автокөлік жүргізушілері жол ережелерін бұзып, жылдамдық өлшеу құралдарына жүз қайтара түсіп жатса да, жазаға тартылмайтындарын айтқан болатын. Оның сөзінше, осындай бір автокөлік жылдамдық өлшеу құралдарына 22 рет түсіп, салынған айыппұл көлемі жарты миллионнан асып кетсе де, оған ешқандай жаза қолданылмаған. Елімізде шетелдік нөмірмен жүрген автокөліктердің Ішкі істер министрлігінің базасында тіркелмеуі осындай бассыздыққа жол беріп отыр. Осыған орай, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс пен басқа заңдарға шетелдік автокөліктерді айыппұл төлемейінше Қазақстанның шекарасынан шығармау, яғни мұндай жүргізушілерге айыппұл төлеуді міндеттейтін өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Біздің елімізде құқық бұзушылықтар жасап, айыппұлын төлемегендерді жауапқа тарту үшін, шекара қызметіне тиісті өкілеттіктерді беріп, құқық бұзушылық жасаған адамдарды, соның ішінде шетелдіктерді ел шекарасынан өткен кезде хабардар ету мәселесін заңнамалық түрде реттеуді қарастыру қажет.
Жалпы ІІМ-нің Шекара қызметінің ақпараттық жүйесімен интеграциялануға техникалық мүмкіндігі бар. ІІМ-нің құқық бұзушылықтар бойынша бүкіл ақпараттық базасы мен Шекара қызметінің ақпараттық жүйесі біріктірілсе, шекарашылардың да құқық бұзушыларға қарсы жұмысты күшейтуге көп көмегі тиер еді. Бұл мәселеге келгенде Ресей Федерациясының тәжірибесіне сүйенгеніміз дұрыс деп ойлаймын. Олардың Федералдық заңы бойынша сырттан келетіндерден елдеріне кіріп-шыққанда айыппұл өндіру бір жолға қойылған. Біздің елде де әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл төлемегендерге ел аумағынан кетуге заңнамалық түрде тыйым салу керек.
– Біз сіздің еңбек жолыңызбен таныспыз, еліміздің құқық қорғау саласына сіңірген еңбегіңіз зор екенін де білеміз. Ішкі істер саласында бірталай жыл еңбек етіп, бір кездері ІІМ Қарағанды жоғары мектебінде оқытушы болып жұмыс істепсіз. Кезінде қатардағы милиционер болған депутат ретінде полицияның бүгінгі қызметін қалай бағалайсыз?!
– Үкімет жанындағы Заңнама институтының директоры лауазымына тағайындалғанға дейін мен 20 жылдан астам құқық қорғау органдарында жұмыс істедім, ал өз кәсіби жолымды патрульдік-бекеттік қызметтің қызметкерінен бастадым. Қоғам мен мемлекеттің мүддесіне қызмет етіп, азаматтардың конституциялық құқығын қорғау, заңдылықты сақтап, қоғам тыныштығы мен құқықтық тәртіпке бекітілген құқық қорғау органдарының мемлекеттік басқару жүйесіндегі айрықша рөлін атап өткім келеді. Біз полиция қызметіне құрметпен қарауға тиіспіз. Қоғамда сүрінгенге – сүйеу, құлағанға – тіреу, деміккенге – тыныс болатын осы тәртіп сақшылары екені баршаға мәлім. Ішкі істер органдары – халықтық орган деген осыдан шығады.
Қазіргі заманғы полиция қызметкерлері тек кәсіби маман болып қана қоймай, жоғары адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген жеке тұлға ретінде қалыптасуы қоғам үшін аса маңызды. Қоғамға тісқаққан маманнан бұрын, алдымен өресі биік адам керек. Бұл – бірінсіз бірі жоқ, бүтіндікті құрайтын бір заттың екі жағындай нәрсе. Сондықтан бүгінгі күні ішкі істер органдары болашақ қызметкерлерінің бойында азаматтық, адамгершілік, рухани және басқа да тұлғалық кәсіби маңызды қасиеттерді қалыптастыру, олардың құқықтық мәдениетін көтеру, қызметтік тәртіпті, заңдылықты және қызметтік кәсіби-этикалық нормаларды сақтауды нығайтуға басымдық берілуі тиіс.
Бүгінгі күні Парламент қабырғасында ішкі істер органдарының жүйесін жетілдіруге қатысты заң жобасы қаралып жатыр. Бұл заң жобасы ішкі істер органдарының жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ, құқық бұзушылықтар профилактикасы мен тұрмыстық және рецидивтік қылмысқа қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған. Оның негізгі ережелеріне сәйкес, жаңадан құрылған бөліністі полиция департаменттері деп қайта атай отырып, ішкі істер департаменттері мен жергілікті полиция қызметін біріктіру, сонымен қатар, әкімдерге жергілікті полиция қызметінің құзыретіне жататын міндеттерді қою құқығын беру қарастырылған.
– Парламент Мәжілісінде еңбек мигранттарын бақылауды бір жүйеге келтіру мәселесін көтердіңіз. Олардың ішінде үй шаруасы деген жалған желеумен, құрылыс саласында, жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүргендер де жоқ емес дегенді айтқан болатынсыз. Тапқан табыстарын сыртқа таситын еңбек мигранттарынан салық ұстау механизмін жетілдіру керек деп санайсыз ба?
– Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарында салықтық және кедендік саясат пен рәсімдерді оңтайландыру мен жетілдіру мәселелері жөніндегі қадамдар айқындалған.
Кез келген мемлекеттің салық саясатының, салық жүйесінің бірыңғай әрі тиімді қызмет етуі салық тетігіне тікелей байланысты болып келеді. Салық жүйесімен тікелей байланысты ұтымды ұйымдастырылған салық тетігінің бюджетке тигізер әсері мол. Салық салуға қатысты қолданыстағы құқықтық актілер, сонымен қатар, салық кодексі, барлық қызмет көрсету саласындағы заңды және жеке тұлғаларға біркелкі салық саясатын жүргізуге бағытталған.
Салық тетігінің тиімсіз аспектілерінің бірі – салық жинау проблемалары. Осы проблемаларды шешу мемлекеттің салық саясатының басты мәселелерінің бірі. Мемлекет салықтарды экономиканы дамыту, тұрақтандыруда қуатты экономикалық тетік ретінде пайдаланады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 35-бабында: «Заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады», – деп жазылған. Салық заңнамасына сәйкес бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің біріне Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алымдар жатады.
Бәрімізге белгілі, Елбасымыздың көреген саясатының арқасында біздің ел Орталық Азия аймағында еңбек мигранттарын тартатын жағымды орталыққа айналды. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, соңғы 5 жылда біздің елімізге 6 миллионнан астам адам келген. Көп жағдайда ТМД-ға мүше мемлекеттерден келетін мигранттардың келудегі мақсаттары «үй шаруасына» жалдану деп көрсетеді. Алайда, «үй шаруасына» деп келушілердің арасында тапқан табыстарының бір тиынын қалдырмай елдеріне таситын құрылысшылар да, кәсіпкерлер де, басқа мақсатпен жүргендер де бар. Тіпті, «үй шаруасына» жалдану деп келгендердің арасында бес қабатты зәулім үй тұрғызып тастап, қымбат көлік мініп жүргендері жоқ емес. Сол себепті де оларға дифференция жасай отырып, сыртқа алып кетіп жатқан табыстарынан салық алу тетігін жетілдіруге байланысты жұмыстар жүргізілу керек.
Осы еңбек мигранттарын қадағалауды бір жүйеге келтіру үшін мемлекеттік органдар тарапынан тиісті іс-шаралар қолға алыну тиіс. Расында, тапқан табыстарын сыртқа таситын еңбек мигранттарынан салық ұстау механизмін жетілдіру – уақыт күттірмейтін мәселе. Негізі, мигранттар көп баратын елдердің көш басында – АҚШ, Сауд Арабиясы, Германия, Ресей және Біріккен Араб Әмірлігі тұрған болса, ал ақша аударымдары ең көп түсетін елдерге – Үндістан, Қытай, Филиппин, Мексика және Нигерия жатады екен. Экономикасы осындай табыс түрлерімен ғана өмір сүріп жүрген елдер де бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*