Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Жігітте де жігіт бар, жол сақшысы бір бөлек

Жігітте де жігіт бар, жол сақшысы бір бөлек

Бірнеше күнге созылған «Үздік маман» республикалық байқауы өткен жұмада өз мәресіне жетті. Шығыс Қазақстан облыстық ІІД Жол-патрульдік полициясының инспекторы, полиция аға лейтенанты Ержан Нұрахметов сала үздігі атанды.
Жол-патрульдік полициясының қызметкерлерінің үздігін анықтау мақсатында өткізілген байқаудың жабылу салтанатында ІІМ Әкімшілік полиция төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Мұсаханов тартыста үздік танылған тәртіп сақшыларын құттықтап, марапаттады. «Үш күнге созылған байқау достық рәуіште қызықты әрі тартысты өтті. Республикалық байқауға еліміздің барлық облыстарынан қатаң іріктеуден өткен үздік жол-патрульдік полицейлер қатысты. Он алты қатысушы салаға қатысты түрлі сынақтан сүрінбей өтіп, жақсы нәтиже көрсетті.
Жол-патрульдік полициясы қызметкерлеріне жүктелген негізгі міндет – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу, қызмет аумақтарының тыныштығын күзету және т.б. Қызмет көрсету барысында Сіздер азаматтардың конституциялық құқығын сақтай отырып, қызметтік міндеттеріңізді мінсіз орындауға тиіссіздер. Полицияның қоғамдағы имиджін қалыптастыратын өздеріңіз. Бүгін, міне, кәсібиліктеріңіз сыналған байқаудың мәреге жетуімен құттықтаймын. Бар күш- жігерлеріңізді салып, біліктілік пен кәсібиліктеріңізді көрсеткендеріңіз үшін алғыс айта отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға береке, қызметте толағай табыс тілеймін», – деді өз құттықтау сөзінде Талғат Мұсаханов.
Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес, өз кәсіби саласының үздіктерін анықтауға бағытталған байқауда оқ бойы озық шығып, жүлделі орындардан көрінген Жол-патрульдік полициясы қызметкерлері ІІМ-нің Құрмет грамотасымен және «Қоғам тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» және «Қазақстан полициясына – 25 жыл» медалімен марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облыстық ІІД Жол-патрульдік полициясы инспекторы, полиция аға лейтенанты Ержан Нұрахметов жүлделі бірінші орынға ие болып, «Үздік маман» атанды. Екінші орынды Павлодар облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі Жол-патрульдік полиция ротасының инспекторы, полиция аға сержанты Айдын Нұрымов еншілесе, Қостанай облыстық ІІД Рудный қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметі Жол-патрульдік полиция рота полицейі, полиция сержанты Денис Анучин үшінші орынға лайық деп танылды.
Марапаттау рәсімінің салтанатты бөлімінен кейін ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мұсаханов шығысқазақстандық жол-патрульдік полицейлер осымен екінші жыл қатарынан «Үздік маман» байқауында бас жүлдені иеленгенін айтып, биылғы жеңімпаз Ержанның қалған қатысушылардан 300 ұпай алға шығып, қарсыластарын шаң қаптырып кеткенін жеткізді. Сонымен қатар, ол еліміздің 5 облысының әкімдері Жол-патрульдік полициясын офицерлік құрамнан жасақтау туралы ұсынысты қолдап отырғанын айтты. Айтуынша, бұл олардың жалақыларының өсуіне, лауазым дәрежесінің көтерілуіне, жол-патрульдік полициясының имиджіне ықпал етпек.
Жүзден жүйрік шыққан ЖПП инспекторы, полиция аға лейтенанты Ержан Маратұлы мамандығына деген құштарлығы осындай марапатқа жеткізіп отырғанын айтты. Оны бұл байқауда жеңімпаз болу жолындағы талпынысы мен табандылығы үздіктердің үздігі еткен. Ол үшін кәсібиліктері сыналған байқау кезеңдерінің сынақтары аса қиын болмапты. Тек автоматпен дәлдеп ату кезінде ауа-райының құбылмалығы кедергі келтіргенін айтады. Жеңімпаздың ішкі істер органдарында 2012 жылдан бері қызмет етіп келе жатқанын айта кетейік. Ал жүлделі екінші орынды иеленген Павлодар облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі Жол-патрульдік полиция ротасының инспекторы, полиция аға сержанты Айдын Нұрымов байқаудың берері мол болғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, кіл мықтының ішінен суырылып шығу оңайға түспеген екен. Әйтсе де, ащы термен келген жеңістің дәмі тәтті болғанын тілге тиек етті.
Жеті кезең бойынша бақ сынаған қатысушылар осы үш күнде құқықтық білімдерін, күш-қуаттарын, арнайы жауынгерлік дайындықтарын, көлік жүргізудегі шеберліктерін, медициналық қабілеттерін, атыс-даярлықтарын көрсетті. Айталық, бірінші күні физикалық дайындықтары бойынша сыналған болса, байқаудың екінші және үшінші күндері полигонда автоматпен ату, көлік қозғалысын реттеу, жүк және жеңіл көліктерді жүргізу бойынша сынақтар тапсырды. Мәселен, көлік жүргізу сынағында олар жүргізу куәлігіне тәжірибелік сынақ тапсырғанмен бірдей болды. Жеңіл көлікпен жол қозғалысы ережелерін сақтай отырып, белгіленген арақашықтықты жүріп өтті. Ал жүк көлігі ЗИЛ-ді олар тұрақтан шығарып, қайта тұраққа қойды. Сонымен қатар, осы күні Жол- патрульдік полициясы қызметкерлері Тәуелсіздік пен Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысында көше бойындағы жағдайды бақылап, бағдаршам істен шыққан жағдайда жаяу жүргіншілер мен жол-көлік қозғалысын реттеудің үлгісін көрсетті. Айта кетсек, бұл байқау екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, Ақжан ИБРАГИМОВА,
суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Теңдесі жоқ миграциялық орталық

Бірінші рет елімізде шетелдіктерге ешбір кедергісіз қызмет көрсететін миграциялық ХҚО ашылды. Өткен аптада оның ресми …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған