Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Антқа адал, міндетке мінсіз ардагер

Антқа адал, міндетке мінсіз ардагер

Бүгінгі күні ішкі істер органдары саласында қызметіне қалтқысыз берілгендердің қатары көп. Тәуелсіз елдің осындай тарландарын тәрбиелеуде тау тұлғалардың да еңбегін тасада қалдыруға болмайды. Сондай жетістіктерге жетуде өз ісінің жоғары білікті маманы, барлық күш-қуатын Отанды қорғауға, елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге арнаған тұлға Болат Баекеновті еңбектің зейнетін көріп отырған елеулі азаматтардың бірегейі деп зор мақтанышпен айтамыз.
Өткен аптаның соңында Ішкі істер министрлігінде құрметті ардагер, генерал-лейтенант Болат Баекеновтің 75 жылдығына арналған салтанатты шарада қызметтес жолдастары мен қарамағында еңбек еткен әріптестері осындай жылы лебіздерін білдіріп қана қоймай, өткен жылдардың естен кетпес естеліктерімен бөлісті.
Іс-шараға Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов, Генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров, Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков және министрліктің жеке құрамы мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Тәлімгердің тәжірибесі талайларға үлгі екенін айтқан Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Ал өз сөзінде Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қысылтаяң кезеңде де қызметіне қалтқысыз берілген Болат Баекеновтің жоғары адамгершілік қасиетін де тілге тиек етті.
Шындығында ардақты ардагердің жүріп өткен жолына қарасақ, бейнеттің қатты болғанымен, татқанның тәтті болатынын байқайсың. 1942 жылы Гурьев қаласындағы әскери қызметшінің отбасында дүниеге келген Болат Баекенов әке жолын жалғастыруды арман еткен екен. Алайда, әскерден келген соң, мектепаралық оқу-өндірістік шеберхананың меңгерушісі, Сарань қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, сонан соң Сарань қалалық партиясының ұйымдастырушылық бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етіп, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті органдарының басшылық құрамына даярлайтын арнайы курсқа партиялық жолдама алады. Осылайша, Болат Абдрахманұлының өмірбаянында ұлттық қауіпсіздік органдарындағы қызметке жол ашқан парақ басталады. Өткенге көз жүгірткен Болат Абдрахманұлы Отан алдындағы парызын өтеуде әке тәрбиесі әрқашан алдыңғы қатарда жүргенін жеткізіп, өмірін осы мамандыққа арнаған жеке құрам қызметкерлеріне антқа адал, міндетке мінсіз болу керектігін айтты.
Органдардағы адал қызметінің арқасында 80-ші жылдары КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің аға инспекторынан Қазақ КСР МҚК төрағасының орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. 1991 жылдың қазанында Елбасы Жарлығымен Болат Абдрахманұлы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің, кейіннен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалады.
Ұзақ жылғы еңбек жолында Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Ішкі істер министрі, Президенттік күзет қызметінің бастығы секілді жоғары деңгейдегі қызметтерді абыроймен атқарады. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде Болат Баекенов Ішкі істер министрі қызметіне келіп, министрліктің жұмысын қалпына келтіру, ішкі істер органдарының ұйымдастырушылық құрылымын, міндеттері мен функцияларын нығайту және реттеу үшін маңызды іс-шаралар жүргізді.
Еңбегіне қарай құрметі бағаланған Болат Абдрахманұлының мүлтіксіз қызметі мен өз ісінің шебері екенін шарада сөз алғандардың барлығы үлгі етті. Бүгінде бірге қызметтес болғандар Болат Баекеновті құқық қорғау, арнайы және күш құрылымдары төл тарихының бөлшегі ретінде бағалайды. Халық – қазы, еңбек – таразы деген осы болса керек.
Салтанатты іс-шараның соңы ардагер туралы арнайы дайындалған деректі фильмді тамашалап, Ішкі істер министрлігінің Мәдениет орталығы әзірлеген концерттік бағдарламамен тамашалаумен аяқталды.

Жадыра МҮСІЛІМ, сурет Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Ардагер құтқарушы марапат алды

5 желтоқсанда Петропавл қаласында «Қызыл жарты айдың» облыстық филиалы Халықаралық волонтер күнін атап өтті.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған