Мамандығын мақтан ететін жан

«Тіршілікте адам екі нәрседе қателеспеу керек: бірі – жартыңды, екіншісі – мамандық таңдағанда» деп жатамыз. Таңдау жасауда қателеспеген Астана қалалық ІІД Кадр жұмысы басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Жазира Дүйсетаева Алла қосқан арқа сүйер азаматы мен мақсат еткен мамандығын мақтан ететін жан.
«Мамандықтың оңайы жоқ. Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүруді іздеген адам мақсат-мұратына жете алмайды. Әр мамандықтың қызығы мен шыжығы болады. Тек соны жүрек қалауымен таңдап, болашақтағы өміріңе айнымас серік ете білсең, сенен асқан бақытты жан жоқ», – деп бастады әңгімесін Жазира Саятқызы.
Саналы ғұмырын сақшы қызметіне арнауға кез келген адамның бүйрегі бұра бермейді. Әсіресе, табиғатынан әсемдік пен нәзіктікке бөленген әйелдердің темірдей тәртіпке бағындырып, жоғары жауапкершілік жүктейтін қызметке келе бермейтіні белгілі. Алайда, антқа адалдық танытып, Отанға қызмет етуді отбасылық міндет еткен Жазира Дүйсетаева әке қызметіне бала күннен қызығып өскенін айтады.
«Әкем Саят Дүйсетаев өмірін құқық қорғау саласымен байланыстырған жан. Қазір зейнеткер. Үш баласы, он немересі бар. Соңғы қызметі ІІМ ӘПК басқарма бастығы, полиция полковнигі болды. Әкем балалары десе жанын беруге әзір, қызметі десе кез келген уақытта саптың алдыңғы шебінде тұратын адам. Біздің бала күніміз көшіп-қонумен өтті. Себебі, әкемді қызмет бабымен қай жаққа жібереді, сол жақа көшіп баратынбыз. Дала мен қала, ауыл немесе аудан деп бөлмей міндетін мінсіз атқаруға дайын тұратын. Әкеміздің өз қызметіне адалдығын көріп, інім екеуміз де бала күннен болашағымызды осы мамандықпен байланыстырдық.
Әкем «алған беттеріңнен қайтпаңдар, ешқашан біреудің ала жібін аттамаңдар, қызметте алал болыңдар» деген сөзді жиі айтады. Кейде әйел болған соң жұмыста басшылықтан сұранғаныңды білсе, «бала ауырып қалды деген сылтау құқық қорғау органында жүрмеуі тиіс» деп отырады. «Құқық қорғау қызметінде әйел немесе ер адам деп бөлінбейді, тәртіп ортақ, қызмет бір» деп ескертіп жүретіні, кезінде өзінің де жеке құрамы болды. Сол кезде әйел адамдар отбасылық жағдайларға байланысты сұранатын болса керек. Сондықтан болар, «қызметтен қалма, егер бір күн қалсаң барыңнан қалып қоясың» деп отырады. Екіншіден, әкеміз достықты қатты бағалайды. «Туыстықтарыңды үзбеңдер» деп үлкен үйге аптасына бір рет барлығымызды жинап, басымызды қосады. «Ешқашан қарыздар болмаңдар!» деп ерекше айтады.
«Әке сөзі біз үшін басты сөз, ол бізге заң» деген Жазира Саятқызы да бүгінгі күні қызметіне бейжай қарауға болмайтынын бір кісідей біледі. Бір өзі ғана емес, бауыры Бекдар Смағанбет те әке жолын қуып, құқық қорғау саласында қалтқысыз қызмет етіп жүр. ІІМ Бәрібек Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясында тыңдаушы болған Бекдар Саятұлы еңбек жолын жедел уәкілдіктен бастап, қазіргі күні Астана қалалық ІІД Жедел басқару орталығының аға инспекторы міндетін мінсіз атқаруда.
Бала күнінде қиялшыл бала кім болғысы келмейді, сиқыршы болу да бір сәт арманымызға айналып кететін еді ғой. Бала Жазира да үлкендерге қарап ұстаздық етуді қалаған кездері болғанын жасырмайды. Тіпті, қазіргі қызметі де сол бала арманынан алыстап кетпеген екен. «Қазіргі жұмысым – балаларды мектептен кейін біздің академияларға жасақтау, тарту, насихаттау. Балалармен жұмыс істеп жүргенде байқағаным, жасөспірімдердің құқық қорғау органдары қызметкерлеріне деген көзқарасы оң, қызметтерін түсінеді. Екіншіден, алға қойған мақсаттары айқын, жоспарлары бар. Полицейлердің қызметі құрметті, айлығы тұрақты екенін жақсы біледі. Мысалы, қазіргі күні жұмыс орындарында айлықтарын ала алмай, тұрақты жұмыс таппай, дипломмен далада қалып жатқандар өте көп. Сондай-ақ, басқа университеттерде оқу ақысы қымбат, ал біздің төрт академияда оқу тегін. Барлығы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Тек тәртіпке бағынған құл болмайтынын түсінсе болды», – дейді Жазира Саятқызы.
Қазір «құқық қорғау органдарында істейтіндердің көкесі бар» деген жиі айтылатын сөзге де өз пікірін айтты. «Көкесінің арқасында креслода отырғандар туралы білмеймін. Бір білерім, біздің отбасында ондай әңгімеге орын жоқ. Інім де, өзім де: «Әке, мына жерден қиналып тұрмын немесе бос орын бар екен, барып көрші», – деген әңгіме айтқан емеспіз. Өйткені, біз бұл мамандықты әкеміз үшін таңдаған жоқпыз. Алғашқы жұмысым Қарағанды облыстық ІІД-де инспекторлықтан бастадым, кейін аға инспектор болдым. «Еңбекпен келген нан тәтті» болады дегендей, өз күшіңмен шыққан қызметтің қызығы көп болады. Дегенмен, әкемнің ақыл-кеңесіне жүгінетін кездеріміз аз емес. Көргені мен түйгенін айтып, жөн сілтегеннің өзі біз үшін демеу», – дейді Жазира Дүйсетаева.
«Мен үшін жетістік дегеннің өзі адал еңбек ету деп білемін. Айналамдағы адамдардан «жақсы тәрбие көргенсің» деген сөзді жиі естимін. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп өстік. Қазіргі күні қызметім мен отбасымдағы төрт баламды екінші анам – марқұм жолдасымның анасы екеуміз жетелеп келеміз, – деген біздің кейіпкер әңгімесін әрі қарай жалғастырды. – Қызым қазір он бес жаста. Қазірден Қарағанды Академиясына түсуге дайындалып жүр. Ұлымның да арманы сол – сақшы болу. Өйткені, марқұм әкесі де ішкі істер органдарының қызметкері еді. Кішкентай қызымның кім болғысы келетінін уақытында сұраймын».
«Бізде жас маман қызметке келген кезде қасына тәлімгер беріледі. Қызметкердің жұмысты алып кетуі көп жағдайда сол тәлімгерге байланысты. Менің де тәлімгерім Гүлзира Қаликенқызы сондай жақсы кісі болды. Қазір зейнеткер. Адамгершілік қасиеті жоғары кісі, әлі күнге дейін хабарласып тұрамын. Кеңес сұрайтын да кездерім болады. Дұрыс жол көрсетті, бағыт-бағдар берді.
Қазір өзімнен кейінгі органға келуді мақсат еткендерге айтарым, мамандық таңдағанда үлкен қызығушылық болу керек. Егер өзіңде ешқандай қызығушылық болмай, ата-анаңның айтқанымен келсең, кез келген мамандық жақсылық әкелмейді. Бастапқы бір-екі жыл әрең дегенде шыдап жүретін шығар, сосын жұмыс істегісі келмей тұрады. Біз әңгімелесу барысында баланың бойындағы белсенділікті байқаймыз. Сондықтан қалауың – құқық қорғау саласына келу болмаса, қалғаны бекер екенін ерекше айтамын», – деп аяқтады сөзінің соңын Жазира Дүйсетаева.
Айтқанының жаны бар, жан-жүрегің қаламаса жар таңдауда жаңылысып, кәсіпке келгенде кері кетіп жүргендер көп-ақ. Дегенмен, біз әңгімеге арқау еткен отбасындағы өнегелі сөздер өзгелерге үлгі болса, құқық қорғау саласында қалтқысыз қызмет ететіндер қатары көбейе түсері хақ.

Жадыра МҮСІЛІМ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*