Ұлттың рухани бейнесі – телеарнасында

«Мәскеу көз жасына сенбейді» деген Владимир Меньшовтың атақты фильмін көрмеген адам жоқ шығар. Сондағы «Телевизия уақыт өте келе барлық адамзат өмірін төңкереді. 20 жылдан кейін қара да тұр: кино да, театр да, кітап та, газет-журнал да болмайды. Тек телевизия қалады» деген Останкиноның телеоператорының асқақ сөзі көптің есінде.

Өзіне телмірткен көкжәшік
Одан бері талай су ағып, тас тұнды. Фильм 70-ші жылдары түсірілген десек, одан бері жігіт жасындай екі 20 жыл артта қалды ғой. Бірақ, газет газет болып, журнал журнал болып, кітап кітап болып шығып жатыр. Олардың электронды нұсқаларының өмірге келгені рас. Ол баспасөздің өтімділігін қамтамасыз ететіні шүбәсіз. Өйткені, мәселе мынадай ақпараттық бәсеке кезінде оқырман күткен ақпараттың елден бұрын жетуінде. Ал қазір газет жеткенше оның электронды нұсқасын сайттан көріп аласың. Міне, осылайша заман өз өрнегін салып өте бермек. Кешегі «алыстан хабар алғызған» деп әспеттеген шойындай қара телефонымызды оның «ұялы телефон» деген ұрпағы басты. Өрнек дегенің осы. Алмасып жататын өмір.
Телевизия – насихаттың мықты «бес қаруының» бірі. Кейінгі буын – интернет қаулай көтеріліп жатқан кездің өзінде телевизия тұғырынан тайған жоқ. Останкино операторы айтқандай, өзгені ығыстырып орнын да алған жоқ. Өз міндетін орындап жатыр. Бүгінде Қазақстанның өзінде ғана спутниктік желі арқылы жүзден астам арна көрерменге өнімін ұсынып отыр. Талғампаз көрермен үшін бұл жетіп артылатын-ақ ақпарат көзі. Біз сонда әлемдегі оқиғаларға толыққанды сарапшы болуға мүмкіндігіміз бар адамдармыз ғой.
Телевизия міндеттелген өз жүгін арқалай алса, бас жібін әзір ешкімге бере қоймас. Бұл жерде мәселе оның әдемі атында тұрған жоқ. Оның ішкі мазмұнында жатыр. Айталық, жүзден астам арнаның жиырмасына жуығы қазақстандық. Ал енді осыларға өкпе неге жиі артыла береді? Өйткені, сұранысқа лайықты жауап жоқ. Би-Би-Си, Рейдер, Си-Эн-Эн, Дискавери, Еуронюьс сияқты әлемге аты мәшһұр телекомпаниялар мен агенттіктерді айтпағанда, көрші Ресей телеарналарының хабарларының өзі жұтынып-ақ тұр. Рас, олардың «ұлыорыстық мүддені» әспеттеп кететін тұстары көп. Өйтпегенде, сол ел азаматтарының салығынан жиналған ақшамен қоректеніп отырса… Әлем елдері телекомпаниялары да өз үкіметінің жыртысын жыртатын болар. Оны да сөге алмайсың. Бірақ, анығы – не көрсетсе де, әсерлі етіп ұсынатындығы. Ал, анау белгілі бір арнайы тақырыптарды шиырлайтын арналарының көрсетілімдері тіптен «тәтті». Өзіне жіпсіз байлап қояды. Саясат, спорт, жануарлар дүниесі, танымдық-білім беру, жастар мен жасөспірімдер, балалар, тағы басқа да арналардың көрермендерінің көңілі көншитініне дауымыз жоқ.
Саяси хабарлардың өзін қарайықшы. Өкінішке қарай, біздің студияларда жиі ұшырасатын монотондық ырғақты әңгімеден ада, жан алып, жан беріп таласып жатқан студия қонақтарын көргенде, сенің де делебең қозатынын несіне жасырасың. В. Соловьевтің студиясындағы соңғы кездің тұрақты тақырыбы – Ресей мен Украина арақатынасы соның мысалы. Жүргізушінің бұра тартатыны көпе-көрнеу аңғарылып-ақ тұрады. Алайда, украиндық саясаттанушылардың тойтарыстары эфирдегі шынайы майданды бүкпесіз көрсетеді. Бәлкім, бәзбіреу «сонда біз де қырқыстырып қоюымыз керек пе?» деуі мүмкін-ау. «Сонда өзі ұйықтаған студия көрерменді де ұйықтатуы керек пе?», – деген қарсы сұрақ қойғың келеді. Телевизияның насихат құралы ретіндегі негізгі міндеті – мәселенің мән-жайын ашу болса, осындай қызықты тәсілдер арқылы көрерменді экранға тартуы маңызды.

Парасатты хабар – талғампаз көрермен үшін
Біз де ауызды қу шөппен сүртпейік. Өсу-өркендеу жолында бірқатар арнамыздың түрлі оралымдармен көрермен көңілінен шығып жүргені бар. Арнаның магистралды өз ұстаным, өз жолы болса, ішкі жүргізушілік шеберлікке көп жүк те артылған. Мысал. «Qazaqstan» ұлттық арнасындағы бұрын болған «Айтуға оңай» хабары. Көрерменнің жүрегінен ойып орын алды. Құпия – жүргізушіде. Кәсіби журналист Бейсен Құрамбек жүрекке жол табу үшін мүмкіндігін сарқа пайдаланады. Зорланбайды. Зарланбайды. Байыпты сөзімен әр мұңды жанның басынан сипай отырып жанының кілтін табады. Жарамды хабарлар бұрын да болған. Нұртілеу Иманғалиұлының «Бетпе-беті», Бибігүл Дәулетбекқызының «Аялы алақаны», Бейбіт Құсанбектің «Тілі», Қасым Аманжолдың «Шынның жүзі», Сәуле Әбединованың «Ақжүнісі», Иманбай Жұбайдың «Бар мен жоғы», Әйгерім Сейфолланың «Сырласуы», Жадыра Сейдештің «Жүрекжардысы» көрерменін көкжәшік алдына омалтып отырғызып қоятын дүниелер болғанын кібіртіксіз айтуға болады. Бері де сәтті хабарлар, көзге ілінгенін ілтипатпен айтуға тиіспіз. Мұнда алдымен ауызға ілінетіні – Дана Нұржігіттің «Дара жолы», Жайна Сламбектің «Біздің уақыты», т.б.
Мен бұл жерде отандық телеарналардың орыстілді хабарларына тоқталмай отырмын. Оның ешқандай түрлі-түсті астары жоқ. Оны термелеп кетсек, біраз жерге барарымыз анық. Сондықтан бұл бәсірені осы тақырып талқанын түйетін орыс тілді көршілерімізге қалдырайық. Қазақ телевидениесінің шығармашылық тұлғалары жетерлік. Басшылық қызметтерін айтпағанда, өзі экранның көркіне айналған жандарды ауызға алсақ та болар. Әйтпесе, маңдайға басқан жалғыз Қазақ телевизиясын өгіздей өрге сүйреген Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев, Ғалым Доскендер қай мақтауға болса да лайық қой. Солардың ішіндегі Камал мен Шерхан ағалардың пәрменімен ашылған көптеген хабарлар мен бағдарламалар өміршең. Ұлттық қанық бояуы – олардың құпиясы. Ал «Парыз бен қарыз» атты парасатты хабарды үлкен көркемдік биікте жүргізген Сағат ағаның орны, әрине, бөлек. Бұл мақалада оның ішкі иірімдеріне бойлау міндет болып табылмағандықтан, сылай-сипай өтіп жатқан жайымыз бар. Анығы – басты жүргізушіден қапияда айырылған сол парасатты хабар көпке дейін көрерменнің есінен кетпей жүрді. Ал, оны одан әрі жалғастырып кетуге ешкімнің жүрегі дауаламады. Сонымен ол телевизия тарихында Сағаттың «Парызы мен қарызы» болып қалды.

Эфирге төленген ақша босқа кетпесін
Мен өзім радио-телевизия маманы болғандықтан, телехабарлардың берілу техникасына көбірек көңіл бөлемін. Әйтпесе, ақпараттардың бәрі – шыққан тегі бір күн тәртібіндегі басқа да БАҚ-тар дайындап отырған дүниелер ғой. Телевизия хабарларын ұжым болып әзірлейтіндіктен оның әр адамның пайым-түйсігіне көбірек жығылатындығын ескерген жөн. Яғни, ол – синтетикалық жанр. Телекөрініс деп айтылатындықтан оның басты жанры – оқиға орнынан репортаж болып табылады. Өздеріңіз байқасаңыздар, шетел телевизиясы хабарларының 80-90 пайызы оқиға орнынан репортаж болып келеді. Соңғы кезде телеарналар мәтінсіз бейнекадрлар арқылы «Комментсіз» деген айдармен беріліп жүр. Бұл тәсіл Еуроньюстан келген сияқты. Ол арнаның сәтті бейнелермен көрерменді тартып жүргеніне көп болған. Осы жерде телевизияның нағыз маманы Нұртілеу Иманғалиұлының: «Телевизия енді сөзден бейнеге көшу керек. Жұмыстың тілшіден режиссерге аууы қажет. Біздің міндетіміз – бейнені сөйлету ғой. Газет болса, оқиғаны баяндаумен қоса суретпен түсіндіре алады. Біздің айырмашылығымыз да, артықшылығымыз да – оқиғаны қимылға келтіріп бейне арқылы баяндау» деген сөзі ойыма оралып отыр. Көкейге әбден қонатын пікір. Тілшіге қалатын жұмыс – оқиғаның қай жерде, қашан, неден болғаны, оған қатысқан адамдардың аты-жөні, қызмет-лауазымдарын қатесіз атау ғана.
Телевизиялық көпір де осы саланың өтімді тәсілдерінің бірі. Оны кезінде америкалық Филь Донохью мен ресейлік Владислав Листьев өте сәтті пайдаланды. Олардың көпірді бірлесіп жүргізуі – арадағы тоң жібіп, АҚШ пен КСРО-ның қабағы ашылған алғашқы жылдардағы шетелмен байланысқа шыққан тұңғыш қарлығаш болатын. Оны Кеңес телевизиясы, оның ішінде (Қазақ телевизиясы бар) бұрыннан қолданып келген болса ол тек ғарыш кемесі көкке көтерілген сәттер мен хоккей чемпионаттарында ғана пайдаланылды. Кейін тиімді тәсіл ретінде ол кең етек алып, өмірдің барлық саласы бойынша жүзеге асырылып жүр. Бүгінде ресейліктер оны саяси бағдарламаларға көп қолданады. Қазақстан телеарналары да оқта-текте оған жүгініп қояды.
Қазақ тележурналистерінің бүгінде шеберленген әдісі – тікелей эфир болып тұр. Саясатың да, спортың да, мәдениет пен өнерің де, әлеумет-тіршілігің де тікелей эфир әдісіне көшіп кеткен. Бұл журналист үшін өте оңай. Жазып алған сұрақтарыңды қойып, студия меймандарының мәселені талқылау барысында ауа жайылуына жол бермей, бетін бері қаратып тұрсаң болғаны. Оған аса шығармашылық дарыныңның да қажеті жоқ. Солай екен деп ретті-ретсіз килігіп, сөйлеушіні мезі қылатын әріптестеріміз де аз емес. Мұндайларды одақтық орталық телевизия төрағасының орынбасары А. Лысенконың «бұзық журналистер» деп атағаны есімізде. Бұл дәл теңеу ме, жоқ па білмедім, әйтеуір шырқ бұзушы екені рас. Содан ол не ұтты? Бітпеген әңгіме, аяқталмаған жауап. Түптің түбінде мыңдап саналған қаржы зая кеткені. Өйткені, эфирдің, әсіресе, оның тікелей түрінің әр минутының өзі қыруар қаржы тұратынын бір кездері телевизияның бел ортасында болған мен жақсы білемін. Басшыларымыз: «Айтатын сөзді ықшамдаңдар, аз уақытқа көп мағына сыйғызыңдар, эфирге төленген ақша босқа кетпесін», – деп құлағымызға қорғасындай құйып, санамызға шегелеп беретін. Сондай аса қымбат эфир бос сөзбен созылса, сойылдың көкесінің келгені. Ал, мұның осындай ережесін әліппенің әр әрпіндей жаттап алған шетелдік журналистер, жалпы телевизия мамандары бұған сақ болғанда өте сақ.

Сырттан үйренудің айыбы жоқ
Бүгінде шетелден үйренетініміз жетіп артылады. Дәлел үшін бір ғана спорт комментаторлығын ауызға алсақ жеткілікті. Жергілікті тележурналистердің күңкілінен жылда жаңа эфир маусымы басталғанда шеберлік сабағын өткізу мен жергілікті журналистерді кәсіби мамандандыруға үйрету үшін көп қаржы жұмсап, Ресейден мамандар шақырып, әбігерге түсіп жататын телеарналар басшылығының назын аңғарамыз. Олар: «Ресей Америкадан, Еуропадан көшіреді, біз олардан көшіреміз, одан да атаңның құнын сұраса да, Америка мен Еуропадан тікелей неге көшірмейміз?», – дегенді айтады. Әңгімеде дән бар. Біз сияқты отарлықтан енді босап, идеологиялық қыспақтан жаңа шыққан елдің сырттан үйренуінің айыбы жоқ. Мәселе соны сәнімен игеруде. Алды жүз жылдан астам тарихы бар елдерден шыққан «Бүкіләлемдік телевизия күні» деп аталатын датаны белгілеу бастамасы телеиндустрияны дамытуды көздейтін болуы керек. Оған тәуелсіз Қазақстанның телеөндірісі де мүдделі болуы тиіс. Сонда ғана Останкино телеоператорының асыл арманы түгел орындалмаса да, идеологияның басты қаруының бірі ретіндегі телевизияның биік тұғыры сақталып қалар…

Айткен ШӘМШІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*