Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаршы / Тыңдаушының бір күні

Тыңдаушының бір күні

Студент. Осы статусты иеленген әрбір талапкер өмірдің жаңа парақтарын ашады. Бозбала мен бойжеткендерді үлкен өмірге дайындап, кәсіпке бейімдейтін мектеп – университет болса, студенттік жылдар – білімнің соңына түсіп, бір күн аш, бір күн тоқ өткен күндерің. Құқық қорғау органдарына қызметкерлер дайындайтын ведомстволық оқу орындарында тәлім алушыларды студенттер санатына толықтай жатқызуға болмайтын шығар. Себебі, сабаққа кешігіп келу, дәріс үстінде ұйықтау, еркелікке салып ырғалып-жырғалып жүру, сабақтан қашу, жатақханаға балконнан кіру, коменданттан сөгіс есту – оларға мұның барлығы жат. Бұған біз халықаралық студенттер күні қарсаңында Ішкі істер министрлігінің Астана қаласындағы Оқу орталығына барғанда көз жеткіздік.

Оқ бойы озық оқу орталығы
Ішкі істер министрлігінің Астана қаласындағы Оқу орталығы 1992 жылы құрылған. Бастапқыда оқу орны орта мектеп болған, ішкі істер органдарына жаңадан алынған қызметкерлерді даярлау мақсатында ашылған екен. Одан кейін училище болып, тек бертін келе Оқу орталығы болып қайта өзгертілген. ІІМ Оқу орталығында орта басшы (офицерлік) құрам мен қатардағы және кіші басшы лауазымдарына тағылымдамашылар дайындалады. Яғни, орта басшы құрам – бұл жоғары білімі бар тыңдаушылар, олар небары екі ай оқытылады. Ал орта білімі бар азаматтар үшін алғашқы арнайы дайындық курсы үш айға созылады. Бүгінде мұнда түлеп ұшқан орта басшы лауазымдарының тағылымдамашыларын есептемегенде 77 тыңдаушы арнайы алғашқы дайындық курсынан өтіп жүр. Екі ай бұрын оқуға қабылданғанда курсанттардың саны 115 болған, оның 38-і офицерлік лауазым тыңдаушылары дайындық курсын тәмамдапты. ІІМ Оқу орталығының бастығы Мұрат Исмағамбетовтің айтуынша, Қазақстанның әр түкпірінен келген тыңдаушыларды біріктіретін – бір мақсат пен бір мүдде.
«Бүгінгі курсант – ертеңгі құқық қорғау органдарының қызметкері. Шыбықты қалай исең солай өсетініндей, ертең полиция қызметкерлерінің қатарын толықтыратын тындаушылардың маман ретінде қалыптасуына қалай күш жұмсасаң, оның нәтижесі де сондай болмақ. Сол үшін де тағылымдамашыларды тәрбиелеу ісіне асқан жауапкершілікпен қараймыз. Оқу орталығында жалпы саны 60 қызметкер болса, оның 38-і офицерлік лауазымдағылар, оның 21-і тәлімгер тәрбиелеп, оларды құқық қорғау органдарына кәнігі маман етіп шығаратын оқытушылар. Әрине, заңгерлік білімі жоқ азаматтарды ішкі істер органдарына дап-дайын маман етіп шығару оңайға соқпайды. Оқытушылар қатарында заң ғылымдарының кандидаттары, магистрлер, спорт шеберлері бар», – деді өзі басшылық етіп отырған Оқу орталығының жұмысын баяндаған Мұрат Әшкенұлы.
Оның өзіне қарағанда, жыл өткен сайын Оқу орталығының базасы жаңартылып, техникалық жабдықтау жақсарып келеді. Сонымен қатар, сабақ беруде тек теориямен шектелмей, оларды тәжірибе жүзінде қызметпен таныстыру үшін ІІМ-нің құрылымдық бөлімшелеріне апаруды дәстүрге айналдырыпты. Бұдан бөлек, тыңдаушыларға сабақ беріп, мол тәжірибелерімен бөлісу үшін саланың жілігін шағып, майын ішкен оқытушылар шақыртылады екен. «Бұл жерде тыңдаушылар таңдаған қызметтеріне қарай оқытылады. Айталық, болашақ жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне жолға қатысты заңдар тереңдетіп оқытылса, криминалдық полиция қызметкерлеріне қылмыстық істі жүргізудің қыр-сыры, ал болашақ тергеушілерге тергеу тәсілдері тереңдетіліп үйретіледі. Үш айда курсанттардың білімдерін жетілдіріп, білмегендерін үйретіп, құқық қорғау органдарына «жолдама» береміз. Үш жылдан кейін олар қайтадан осы Оқу орталығында біліктіліктерін арттыру курстарынан өтеді. Үш жылда заң басқа, заман басқа дегендей…», – деп түйді сөзін Оқу орталығының бастығы.

Тәртіпке бағынған тіршілік
Астана қаласының Қырқыншы стансасында орналасқан ІІМ Оқу орталығына таңғы сағат 7-лер шамасында асығып-аптығып жеткенімізде арнайы алғашқы дайындық курсының тыңдаушылары плацта сап түзеп тұр екен. Күнделікті таңғы алтыда аяқтарынан тік тұратын курсанттар бұл кезде дене жаттығуларын жасап болып, таңертеңгі астарын ішудің қамына кіріскелі тұр. Тыңдаушылар таңғы асқа дейін талай тірліктің басын қайырады екен. Таңмен таласып ұйқыдан тұратын олардың күн тәртіптері тығыз, содан кеш батқанша аяқтарынан тік тұрып, тәртіп пен талап үдесінен шыға білуге бар күштерін жұмсайды.
Қару асынып құқық қорғау органдарында қызмет ету үшін де ерік-жігер, қайсар мінез керек екені сөзсіз. Оқу орталығында жігіттермен тең дәрежеде білім алып, осал емес екендерін дәлелдеп жүрген қыздардың бойларынан осы қасиеттерді көре алдық. Кең жауырында, иықтары қақпақтай ер жігіттермен бірге сапта тұрып, қаруды еш қиналмастан оп-оңай шашып-жинайтын, физикалық жаттығуларды орындауда алдына жан салмайтын қыздардың жігітке бергісіз жігерлеріне шынымен тәнті болдық. Мұнда ең жас курсант қыз бар болғаны 18 жаста. Біз барған күні ол асханаға кезекшілікке түскен екен, бізбен емен-жарқын әңгімелесуге уақыт таппағасын, түскі ас кезінде бір ауыз сөзге тарттық.
Асханада үстел жайып жүрген күлімкөз қыз Карина Қайыржанова бізбен әңгімесінде: «Бүгінгі кезекшілікке үш адам болып түстік, біздің міндетімізге аспаздарға ас ауқатын дайындауға көмектесу, тындаушылар тамақтанып болғаннан кейін олардың артынан жинау кіреді. Қыздар кезекшілікке асханаға бекітіледі. Мен сырттай оқып жүрмін, мектеп бітірісімен ішкі істер органдарына қызметке тұратын болып шештім. Арнайы алғашқы дайындық курсын тәмамдаған соң, Көкшетау қаласындағы уақытша ұстау изоляторында қызмет ететін боламын», – деді. Тындаушылардың ортасында жүріп Оқу орталығындағы студенттік өмір жайлы өздерінен сұрап білдік.
«Оқу оралығындағы күндеріміз студенттік өмірден өзгешелеу. Мұнда тиіп-қашып сабаққа бару, ілініп-салынып жүру деген атымен жоқ. Бұл жерде сен бекітілген ішкі тәртіпке бағынасың, қалай жүріп-тұрып, өзіңді қалай ұстау керектігі жазылып қойған. Күнделікті алтыда тұру, асханаға саппен бару, үсті-басымызды тазалау – мұның барлығы тәртіптің бастауы деп білемін. Меніңше, бұл қысқа мерзімді әскер сияқты», – деді жиырма екі жастағы көкшетаулық курсант Мархан Шамшиден. Ол Төтенше жағдайдар комитетінің Көкшетаудағы колледжін бітірген екен. Арнайы алғашқы курсын тәмамдағасын Көкшетау қаласындағы уақытша ұстау изоляторына жұмысқа тұрмақшы. Бір кездері әскери борышын түрмеде өтегені ішкі істер органдарына келуіне түрткі болыпты.

Спорт – тыңдаушының серігі
Тыңдаушылар бірауыздан бұл жерді әскерге теліді. Шынымен, Оқу орталығында әскери тәртіп орнаған. Олардың күнделікті тіршілігімен танысу барысында біз де соны байқадық. Айталық, мұнда тындаушыларға телефон ұстауға рұқсат етілмейді, Оқу орталығының кәдімгі казармасы бар. Казармада тек ер балалар ғана жатып оқиды, қыздар үйден қатынайды екен. Аптаның сенбі-жекснбі күндерінде ғана олар демалысқа жіберіледі.
Ал басқа күндері олар таңнан кешке дейін осында. Бекітілген кестеге сәйкес күнделікті сағат 9-дан түске дейін сабақ өткізіледі. Жалпықұқық, криминалистика негіздері, жауынгерлік күрес әдіс-тәсілдері, психологиялық дайындық және адам құқығы пәндерінде погон таққан әрбір қызметкер білуі тиіс заңдар оқытылып, құқықтық білімдері нығайтылады. Мәселен, адам құқығы пәнінде олар ішкі істер органдарының қызметкерлері азаматтардың құқығын қорғауға қатысты заңға енгізілген соңғы өзгертулермен таныс болу керектігі қаншалықты маңызды екені айтылды. Ал қару қолдану бойынша өткен сабақта тыңдаушылар Макаров тапаншасының бөлшектерін, барлық құрылысымен таныс болады. Айталық, Калашников автоматы мен Макаров тапаншасын бөлшектеуді үйретеді. Бұл сабақта қыздар да Макаров тапаншасын уақытқа бұзып-жинап, қаруды ұстауда ептіліктерін көрсетті. Сабақтан кейін саппен түскі асқа барды. Біз оларға дайындалатын астан дәм татып көрмесек те, оның хош иісінен-ақ дәмі тіл үйіретінін сезіндік.
Түстен кейін оларға өз-өзін дамытумен шұғылдануға уақыт беріледі. Олар бұл уақытта келесі күнгі сабақтарды орындап, дайындықтарын жетілдіріледі. «Үш айлық курстың екі айы өтті. Үйренгеніміз көп. Біз бұл жерде сабақтан тыс жауынгерлік күреспен шұғылданып, дене дайындығымызды жетілдіреміз. Ол үшін арнайы спорт кешені де бар. Көп уақытымыз сол жерде өтеді», – деді 4-взвод командирі Нариман Акенов. Полицей болу оның бала күнгі арманы екен. «Бала күнімнен полицияның әдемі формасын киіп, тыныштық күзетінде тұруды армандадым. Осы салаға саналы ғұмырын арнаған ағамды үлгі тұтып өстім, қырын шығарып киген шалбары, қайқайтып басына киген фуражкасына қызығатынмын. Полиция қатарына отыз беске дейін қызметкерлер қабылданатынын білгенде ойланбастан құжатымды тапсырдым. Қуанышыма орай қабылдандым. Қазір осында 4-взвод командирімін. Жасақта 17 адам бар, оның 4-і қыз. Көбі Мемлекеттік күзет қызметі басқармасына баратындар. Менің міндетім – жасаққа бас-көз болу, олардың тазалықтары мен тәртіптеріне жауап беру. Мұнда өзімді студент сезінбеймін, әскерде жүргендей боламын», – деді бізге тағылымдамашы.
Ертеңгі күні қазіргі курсанттар қылмыскерге қасқайып қарсы тұрып, олардан қорғану үшін жауынгерлік тәсілдер үйретіледі. ІІМ Оқу орталығының спорт сауықтыру кешенінде физикалық дайындықтарын шыңдау үшін барлық жағдай жасалған. Жауынгерлік-физикалық әдістерді үйреткен оқытушы Қайрат Орынбасарұлы: «Тыңдаушыларға қылмыскерлердің шабуылынан қорғануды үйретеміз. Қылмыскер пышақ, дубинка, күрек, таяқ, суық қарумен шабуылдауы мүмкін, сондай жағдайда қарсы тұру техникаларын білулері керек. Жаңа ғана өздеріңіз көргендей, біз қарсыласты тырп еткізбейтін әдістерді көрсеттік. Қылмыскер қарсылық таныта алмас үшін оны көлікке дейін апару кезінде қолын қайырып, қимылдауына «құлып» салатын әдіс қолданылуы тиіс», – деді.
Бұдан бөлек, тыңдаушылар дене дайындығы сабағында жүгіреді, түрлі жаттығулар жасайды, физикалық дайындықтары бойынша жұмыс істейді. Олардың арасында спорт шеберлері, спорт шеберлігіне кандидаттар да бар.
Біз спорт кешенінен кейін тағылымдамашылармен қоштасып, шаршап-шалдығып үйімізге қайттық. Мұндай күн тәртібіне үйренбегеніміз бірден білініп қалды. Түсінгеніміз – тыңдаушылардың бір күнін қалыпты студенттік өмірмен салыстыруға келмейді. Олар ес тоқтатқан, еліне ақ адал қызмет етуге бел буған азаматтар!

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суреттер Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Сондай-ақ, оқыңыз

«Күзет аруы – 2018»

Атырау облысы Мамандандырылған күзет кызметі басқармасының ұйымдастыруымен Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында басқарманың қыздары арасында …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған