Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Қазақстандық полицияның жаңа моделі

Қазақстандық полицияның жаңа моделі

Болашақта полиция қандай болуы тиіс? Полицияның жаңа моделін құруда нендей кедергілер бар? Олардың шешімі бар ма? Халықтың полицияға сенімін арттыра түсу үшін не істеу керек? «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде полицияның жаңа моделін қалыптастыру мақсатында құрылған арнайы топтың мүшелері осы сұрақтарды отырыс тақырыбына шығарды.
Айта кететіні, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Өзіңнен баста» жобасы мемлекеттік орган, оның ішінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің халықпен қарым-қатынасын, қоғамның оларға деген көзқарасын өзгертуге бағытталып отыр. Жобаны қолға алған ұйым – EUCJ Еуропа одағының Қазақстандағы қылмыстық әділ сотты жетілдір жобасы аясында «Полиция жаңа форматта» түсінігін қалыптастыру үшін ішкі істер органдары қызметкерлерінен тұратын арнайы топ құрылды. Жұмыс тобының құрамына Ішкі істер министрлігінің әртүрлі қызмет бөліністерінің өкілдері біріктірілді. Он екі адамнан тұратын топ өткен апта бойы EUCJ-ның мұрындық болуымен полицияның жаңа моделін құрудың алғашқы қадамдарын талқылап, ұсыныстар енгізді. Бір апта ішінде жұмыс тобы жемісін берген сәтті жобаларды негізге ала отырып жаңа моделге кезең-кезеңмен көшудің жобасын жасады.
«Жобаға тоқтала кетсек, ең әуелі полиция ет пен сүйектен жаратылған адам баласы. Полиция – қорғаушымыз, біз сол қорғаушыларымыздың қоғамға қажет екенін білдіруіміз керек. Қоғам тыныштығы күзетінде тұрған сақшылардың мәртебесі бір-біріне деген сыйластықтан басталады, сонда ғана айбындары асқақ, қоғамдағы беделдері арта түседі. Ал біз өз кезегінде осындай жауапты қызметте жүрген азаматтарымызды қараламай, керісінше оларға бас июіміз керек», – деді EUCJ Еуропа одағының Қазақстандағы қылмыстық әділ соты жетілдіру жобасының аға сарапшысы Сәуле Мектепбаева.
Бұл жобаға шетелдік сарапшылардың да тартылғанын айта кету керек, олар полицияның жаңа моделін қалыптастырудағы өз елдерінің тәжірибелерімен бөлісті. Алайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық кеңсесінің өкілдері, EUCJ Еуропа одағының Қазақстандағы қылмыстық әділ соты жетілдіру жобасының аға сарапшысы Сәуле Мектепбаеваның айтуынша өзге елдердің тәжірибесіне сүйену – оны айна-қатесіз көшіріп алу деген өз емес. Ол полицияның қазақстандық жаңа үлгісін құру ісі толығымен шетелдік сарапшыларға тапсырылмауы керек деген пікірде. Себебі, шетелдік сарапшылар елдегі қылмыстық ахуалмен таныс болмағандықтан жағдайды сараптай алмайды. Сондықтан да бұл жобаға отандық сарапшылар көптеп тартылуда.
Полицияның жаңа моделіне көшу жобасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуовке таныстырылды. Үш айға созылатын жоба шеңберінде жұмыс тобы апта сайын бас қосып, осы уақытта жобаның сызбанұсқасын жасап шығарулары тиіс. Бекітілген мерзім аяқталғанда жоба Ішкі істер министріне таныстырылады.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Отанына адал оғлан

20 қарашада Атырау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшылығының ұйымдастыруымен Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған