Басқы бет / «Сақшы» газеті / Тұлға / Қалтқысыз қызметтің қыраны еді

Қалтқысыз қызметтің қыраны еді

Ішкі істер органдарының аңызға айналған тұлғасы Сләм Мұхамеджанұлы қылмыспен күреске өз өмірінің 32 жылын арнады. Ол қатардағы офицер-тергеушіден құрметті милиция генерал-майоры, Алматы қалалық ІІБ басшысы әрі Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасарына дейінгі жолдан өтті.
С. Исабаевпен қоштасу рәсімі Алматы қаласында өтті. Офицерлер үйіндегі қаралы шараға оның жақындары мен туыстары, дос-жарандары, әріптестері, полиция қызметкерлері жиналды. Олардың басым көпшілігі үшін Сләм Мұхамеджанұлы сенімді жолдас, ақылды ұстаз әрі тәлімгер бола білген еді. Қазақстан полициясының ардагерлері, Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамы мен қатардағы тәртіп сақшылары ардақты әріптестерін соңғы сапарға шығарып салу үшін жиналды.
Қаралы митингті ҚР Генералдар кеңесінің төрағасы Р. Хайдаров ашып, С. Исабаевтың даңқты кәсіби қызметі жолы туралы әңгімеледі.
Ішкі істер министрлігінің және полиция қызметкерлерінің атынан Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-лейтенанты М. Демеуов Исабаевтар отбасына қайғыра көңіл айтты.
– Бүгін біз өзіміз құрмет тұтқан Сләм Мұхамеджановты – еліміздегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің негізін қалаған ардақты азаматты ақтық сапарға шығарып салып тұрмыз. Ол 1937 жылы дүниеге келген еді. Соғыс жылдарындағы балалық шағы оны ерте есейтті. Сол кезде бойында қалыптасқан ерік-жігері кейін ішкі істер органдарында қызмет еткенде айрықша көрінді. 1960 жылдан бастап ол милиция қатарында еңбек етсе, оның 19 жылын тергеушілік қызметке арнапты. Сләм Мұхамеджанұлы 11 жылдан астам Алматы қалалық ІІБ-да екі облысты басқарды. Айрықша кәсіби қабілеті үшін кейін оған генерал-майор шені беріліп, Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Тергеу органдарында еңбек ете жүріп, Сләм Мұхамеджанұлы өзінің ерекше талантын көрсете білді. Қазіргі күні Ішкі істер министрлігінде және аймақтық департаменттерде еңбек етіп жатқан көптеген тәжірибелі тәртіп сақшыларын тәрбиелеп шығарды. Ол айрықша ақкөңіл, тәртіпті, адал адам еді, кейінгі буынға тәлімгер, балалары мен немерелеріне мейірімді әке және ата болды. Оның немересі де Сләм Мұхамеджанұлының ісін әрі қарай жалғап, құқық қорғау органдарында жұмыс істеуде.
Сләм Мұхамеджанұлының есімі біздің жүрегімізде мәңгіге сақталмақ, – деді Марат Ғанұлы.
Қаралы жиында қызметтестер атынан С. Исабаевтың бұрынғы орынбасары, милиция генерал-лейтенанты В. Симачёв:
– Бүгін біз тек өз ісінің жоғары кәсіби білгірі ғана емес, парасаттылығымен, сонымен бірге, әділдігімен, жаны жайсаңдығымен бізге әрқашан үлгі бола білген адамды шығарып салып тұрмыз. Сләм Мұхамеджанұлы біз үшін көшбасшы, сергек, принципшіл және қызмет барысында талапшыл басшы болды. Оның адамдарға деген пейілі мен қарым-қатынасын ешқандай билік баспалдағы да, жоғары атақтар да өзгерте алған жоқ. Оны Алматы қаласындағы бүкіл милиционерлердің атасы деп атау бекер емес, өйткені талапшылдығымен қоса ол айналасына әруақытта қамқор болатын. Өзінің Алматы қалалық Ішкі істер басқармасы басшылығындағы қиын жұмыстарына қарамастан, ол әділеттілік танытып, әруақытта өз көзқарасын қорғап, қажет жерде өзімен-өзі болып, қиындықтарға төтеп бере білді, – деді.
С. Исабаевтың туыстары мен жақындарына көңіл айтқан Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры С. Күдебаев ІІД ұжымында оның құрметті адам, жасы үлкен дос-жолдас, кейінгіге үйретері мол тәлімгер болғанын атап өтті. «Биыл ғана алматылық полицейлер түгел жеке құраммен оның 80 жылдық мерейтойын атап өткен болатын. Сләм Мұхамеджанұлы қашанда оқиғалардан хабардар болып, осы саланың мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, қолдап, орынды кеңес беруден жалықпаған адам. Ол кәсіби мамандарды қалыптастыруда, полиция қызметкерлеріне патриоттық тәрбие беруде үлкен жұмыстар жүргізді. Сләм Мұхамеджанұлын танитын және жақсы көретін адамдар үшін оның өмірден озуы – орны толмас ауыр қайғы, – деп аяқтады сөзін Серік Мырзақұлұлы.
Қоштасуға арналған қаралы рәсімде сөз сөйлегендердің барлығы полиция қызметкерлерінің С. Исабаев есімін, оның еңбегі мен ортақ іске қосқан үлесін әруақытта еске тұтып жүретініне сенім білдірді. Милиция генерал-майоры Сләм Исабаев мағыналы да парасатты ғұмыр кешті, ол үшін өз Отанына, өз ісіне адалдықпен қызмет етуден артық биік абырой болған емес.

Агия ҚУАНДЫҚ

Сондай-ақ, оқыңыз

Қош бол, қарулас дос!

Миллиондаған тұрғыны бар Алматы шаһарының халқы іскер, жұмысбасты десек те болады. Кептеліспен күрескен жұрттың әр …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған