Басқы бет / «Сақшы» газеті / Өзекті / Жылуы мол «Шарапат» қилы тағдырлы қарияларға пана болды

Жылуы мол «Шарапат» қилы тағдырлы қарияларға пана болды

«Ат қартайса – ұрыншақ, ер қартайса – жаңылшақ», «Қарт кісіні қадірле, өзің де қарт боларсың» деген нақыл сөздер тегін айтылмаған. Қазақ өз ұрпағын «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» қағидасымен тәрбиелеп өсірсе де, бүгінде қартайған ата-анасын қарттар үйіне апарып тастайтындар жиі кездесетін болды. Біз қарттарымыздың хал-жағдайы мен тұрмыс-тіршілігін білу мақсатында елордамыздағы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Шарапат» қызмет көрсету орталығының басшысы Кенжеболат Бәпішевпен сұхбаттасқан едік.

– Кенжеболат Сапарұлы, өзіңіз басқарып отырған мекеме тарихына қысқаша тоқтала кетсеңіз?
– Мен 2003 жылы осы қызметке келгенде қарттар үйі Тәшенов көшесіндегі 250 орындық ғимаратта орналасқан болатын. Кейін қаланың үлкеюіне байланысты бізге орналасуға сұраныс та арта бастады. Содан Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен сол кездегі Астана қаласының әкімі Өмірзақ Шөкеев қолға алып, 2005 жылы қарттарымызға қаланың ауасы таза шет жағынан ғимарат салу жобасы басталып кетті. Өзім осы істің басы-қасында жүрдім. Мұнда тек қараусыз қалған қарттар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі адамдар да бар болғандықтан, солардың тұрған үйіне жан-жақты қатынасуына жағдай жасадық. Жаңа ғимаратты салу барысында көп жұмыс атқарылды. Міне, сол уақыттан бері осында басшылық жасап, қарттарымыз бен мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет етіп келеміз.
Осы жұмысқа ауысарда анама барып ақыл сұрағаным бар. «Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мекемеге қызметке ұсынып отыр. Қалай қарайсыз?», – дедім. Анам біраз уақыт үнсіз отырды. Ол кісі 13 жасынан намаз оқыған, иманжүзді адам еді. 100-ден асқанда өмірден өтті. Сол бісмілләсі аузынан түспеген кісінің тәрбиесінде үйдің кенжесі болып өстім. Ойлана келе анам: «Балам, менің жағдайымды көріп тұрсың. Мені күтіп, бағып-қағып, қарайлап, аялап, бар жағдайымды жасап отырсыңдар. Сен өте ауыр, үлкен әрі жоғары жауапкершілікті талап ететін жұмысқа барасың. Мен саған бір аманат айтайын, жарығым. Егер де сол кісілерді мені күткендей күте алсаң, онда сол жұмысқа бар. Егер істей алмасаң доғар», – деді. Құдайға шүкір, анамның аманатын арқалап, 15 жылдан бері осы кісілерді бағып-қағып жүрміз. Алла қаласа, желтоқсан айында зейнетке шығамын.
– Қазір мұнда қанша қария бар?
– Біздің мекеме 400 орындық. Бүгінде бұл жерде 334 адам тұрып жатыр. Мекеменің атауын 2016 жылы «Шарапат» әлеуметтік-қызмет көрсету орталығы деп өзгерттік. Қоғамда «қарттар үйі», «мүгедектер үйі» деген пікір қалыптасып қалған ғой. Мұның өзі қоғамға басқаша әсер етеді. Балалары, жақындары бар кейбір қариялар ақылы тұрып жатыр. Ол кісілердің жалпы саны 43 адам.
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы болғаннан кейін екі ай бұрын мұнда келудің жаңа формасын аштық. Ол күндізгі жартылай стационар деп аталады. Мекемеге орналасқан қария таңертең келеді, кешкісін кетеді, үш мезгіл тамағы бар, осындағы бүкіл берілетін қызметтерді алады, мұндағы тұрғындармен араласады, тілдеседі, сырласады. Жалпы уақытын көңілді әрі қызықты етіп өткізеді.
– Түн ұйқысын төрт бөліп, тас емшегін идіріп, мейірлене сүт берген анасын, шаңырақтың бар ауыртпалығын көтерген асқар тауы, қамқоршы әкесін балалары қандай жағдайда мұнда әкеліп тастайды?
– Бұл жерде тұрып жатқан 334 қарияның 334 түрлі тағдыры бар. Кейбірінің мүлдем ешкімі жоқ болса, екіншілері мүмкіндігі шектеулі адамдар. Төсек тартып, арбада отырғандары тағы бар. Мұның өзі бір мұң, көңілің құлазиды, жүрегің ауырады. Бірақ, адамның тағдыры Құдайдың қолында екені баршамызға белгілі. Тағдырға қарсылық білдіре алмас. Бәріміз де маңдайға жазылғанға көнеміз.
Сол секілді бұл кісілерді де осы жерге тағдыр айдап келіп отыр. Мұнда ол кісілер әртүрлі жағдайда келеді. Көбінің балалары шетелде тұрады. Туған мекенді қимай, осында қалып қоятындары тағы бар.
– Қариялардың жас ерекшеліктері қандай? Қазақ ұлтының өкілдері көп пе?
– Көбісі зейнет жасында. 145 адам 1-2 топтағы мүгедектер, жас ерекшеліктері 20-дан 98-ге дейінгі адамдар. 16 адам 90 жастан асқан, 80-нен асқан 30 шақты адам бар. 334 адамның 80 шақтысы қазақ ұлтының өкілдері.
Осыдан 15 жыл бұрын мен қызметке келген кезде қазақ қарттарының саны 13-ақ адам болған. Бірақ, соңғы уақытта олар көбейіп келеді.
– Қарттардың зейнетақысы жайлы сөз қозғасақ.
– 2016 жылы 1 қаңтардан бастап Президент Н.Ә. Назарбаевтың жарғысымен бұл кісілер өз зейнетақыларының 70% арнайы есепшотқа ауыстырып отырады. Мемлекет тарапынан 100% қамту бізде ғана болған. 70 % зейнетақылары өздеріне кетеді. Киім-кешек, дәрі-дәрмек, басқа да қажеттіліктерін алып беріп отырамыз. Медициналық көмек немесе медициналық зерттеу қажет болса, орталыққа шотқа аударылған ақшадан пайдаланылады.
– Бұдан өзге, мекемеде қарияларға қандай жағдайлар жасалынған?
– Жалпы әлеуметтік салада жеті бағыт бар. Соның бәрін, тұрмыстық бағыт, медициналық бағыт, әлеуметтік бағыт, мәдени-тұрмыстық, тағы да басқа бағыттарда бұл кісілер көмек алады. Мұнда массаж, бассейн, физио, биллиард бар, үлкен кісілердің аяқ қолдары сырқырайды, соның барлығына жағдай жасалған. Келген кісілердің пікірі өте жақсы. Ендігі мақсатымыз – дәрі-дәрмекпен емдеу емес, оларды оңалту. Біздің басшылық осы бағытта аянбай еңбек етуде. Соғыс ардагерлеріне арналған аллея бар. Мұражайымыз жұмыс істейді. Жылда 9 мамыр күні мерекеге орай соғыс ардагерлері өздері ағаш отырғызады.
Одан бөлек, мектеп оқушыларын, жас ұланды, әскери адамдарды және студенттерді шақырамыз. Ол шараларды өткізудегі біздің мақсатымыз – сол соғысқа қатысқан адамдармен көзі тірі кезінде сұхбаттассын, аралассын, көріп кетсін, үлгі-өнеге алсын деген ниет. Жалпы айтқанда,барлық жағдайларын жасап отырмыз.
– Мекемеде қанша қызметкер жұмыс істейді?
– Бізде 334 адамға штат бойынша 220 адам қызмет істейді. Оның ішінде санитарлар, дәрігерлер, әлеуметтік жұмыскерлер, психологтар, медбикелер мен күтушілер бар. Мұнда 120 адам төсек тартып жатыр. Олар 1, 2 топтағы мүгедектер. Сол кісілерді бақылап, тәулік бойы қызмет етеді, үнемі бақылауда ұстайды. Қазіргі қайта жаңарту, модернизациямен кірісіп жасап жатырмыз.
Ғимараттың әлеуметтік жағдайы өте жақсы. Күнделікті барлық қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп, бақылап отырамын. Бізде 2 соғыс ардагері бар, 11 адам соғыс ардагерлеріне теңестірілген, 24 адам тылда еңбек еткен, 30 шақты адамның көбі тың игеруге келіп, осында қызмет істеп, кейбіреулерінің отбасылары, балалары о дүниелік болып кеткен. Балалары шетелге кеткен жалғыз басты адамдарға біз қызмет көрсетіп отырмыз. Арасында құрылысшы да, теміржолшы да, дәрігерлер де, мұғалімдер де бар.
– Ақын Мағжан Жұмабаев «Жастар – үміттің жанған шырағы» деп айтып кеткен. Бүгінгі жастарымызға айтарыңыз бар ма?
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, әке мен ананың тәрбиесі үлкенге деген сыйластық. Жапон, корей елдерінің адамдары аяқтары ауырып тұра алмай жатса да, иіліп сәлем береді. Бұл да бір тәрбие деп білемін. Онда төртінші сыныпқа дейін тапсырма бермейді ғой. Оларда ең маңыздысы – тәрбие. Адамдарды қалай сыйлау, бір-біріне кішіпейілділік көрсету, үлкенге деген құрмет – осының барлығына басты назар аударады. Содан кейін шығыс халқы осындай кішіпейіл. Үлкенді сыйласа, мұндай мекемелерге бар деп жібермес еді. Мектеп, қоғам, жастар тәрбиеге бейімделуі керек. Бәрі тек отбасындағы тәрбие. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық. Біз бала кезімізде ауылда тұрғанда, бір жетім болса, көмек көрсетіп, қолдап, қорғайтын едік. Ол Кеңес үкіметінің саясаты еді. Қазіргі уақытта орыстану саясаты басым болып кетті. Бұл енді қоғамның өзгеруі. Жастарға айтарым – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіңдер. Қазыналы қарияларымызды барында бағалаңдар, құрметтеңдер.
– Әңгімеңізге рахмет!
Төрт қабаттан тұратын мекемеге кірген бойда кішіпейіл қызметкерлер мен түрлі жағдайдағы қарияларды көзің шалады. Сол кісілермен тілдесуді, хал-жағдайларын сұрап, мекеме жайлы пікірін білуді жөн көрдік.

Әсемгүл ҚАБДЫҚАЛЫҚОВА, әлеуметтік жұмыс бойынша маман:
– Біздің мекемеге келетін қарттардың көбі қиын жағдайға тап болған. Содан кейін балалары шетелге кетіп қалған, жалғыз өздері қалып қойған өзге ұлттың өкілдері де тұрып жатыр. Өзім осында 2011 жылдан бері қызмет етіп келемін. Біздің мамандық жеке адамдардың, әлеуметтік жәбір-жапа шеккен жеке тұлғалар мен қоғамдық топтардың мәселелерін шешуге, құқықтары мен қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, әлеуметтік қызмет атқару қабілетін қалпына келтіруге бағытталған сала болғандықтан, осындай кісілерге көмегіміз тиіп отырғанына ризамын.
Дәмек МҰҚЫШЕВА, 89 жаста:
– Мен Ерементай ауданында туғанмын. Ата-бабамыз, ел-жұртымыз сол жақта. Мұнда келгеніме 5 жыл болды. Жарты жылдан бері қатты ауырып қалдым. Бірақ, шалым қайтыс болғалы біршама жыл болды. Содан осында түстім. Өзім бір әкенің жалғыз қызы болдым. Әкем бір ауылды аялап ұстаған жан. Құрсақ көтермедім. Мұндағы жағдайым жақсы.
Сендерге тілерім – ата-бабаның қасиеті сендерге жалғассын, бақытты болыңдар. Енді біз оқу оқыған жоқпыз, соғыс болды. Еңбектерің жемісті болсын, қазағымыздың қадір-қасиетін асқақтата беріңдер.

Маткерім ӘКІМЖАНОВ, Жазушылар одағының мүшесі:
– Осы үйдің құрылғанына бірнеше жыл болған. Мен қазіргі «Жас Алаш», бұрынғы «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істегенмін. Ол кезде бас редактор Шерхан Мұртаза болған. Мұхтар Әуезов бізге сабақ берген. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқып, білім алғанмын. Ұлылардың аяғын көріп өстік. Батырымыз Бауыржан Момышұлы туралы кітап жаздым. Мен мектеп баспасында да редактор болып қызмет еттім. Арнаулы, орта мектептерге, жоғары оқу орталығына кітаптар шығардық.
Бұл мекемеге келгеніме 2 ай болды. Ақылы түрде тұрып жатырмын. Мен келгелі директор Кенжеболат Бәпішевтен бастап, барлық қызметкер шетінен өз жұмыстарына тыңғылықты, тиянақты қарайтын жандар екендігіне көзім жетті. Мұнда неше түрлі адам бар. Мен секілді жасы ұлғайған адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандар дегендей. Солардың барлығына жағдай жасап, көңіліне қарап, жуындырып, киіндіріп, төсегін салып, турасын айтқанда, балаша күтеді. Бұл жерден ренжіп кетіп жатқан адам көрген жоқпын. Келгелі өзіме ермек таптым. Шахматтан бірінші разрядым бар. Мұнда сейілуге уақыт көп. Шахмат ойнап, кітапханаға барып, газет-кітап оқып, уақытты көңілді өткіземіз. Әртүрлі мекемелерге, атап айтатын болсам, Назарбаев университетіне, демалыс орындарына апарып, сый-сияпат жасап жатыр. Үйіңде де мұндай жағдай жасалмайды.
Мұнда жалғыз емессің, қоғамның мүшесісің, күн сайын мереке, кештер мен концерттер, жалғызсырамайсың. Мекеме өте жаңа. «Шарапат» деген атауы да сондай керемет. Басшылықтың, қызметкерлердің қамқорлығына өте ризамын. Қазақ қыздары мен ұлдарының сыпайылығына көңілім толады. Барлығы шетінен адамға рақымшыл, жүректері таза.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ,
суреттерді түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Ұлт құндылығы ұлықталған шара

ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы Академиясында тіл мамандарының қатысуымен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздігіміздің айғағы» атты …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған