Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Полиция майоры Ғабит САҚТАҒАНОВ: Мал ұрлығы бәсеңдеп келеді

Полиция майоры Ғабит САҚТАҒАНОВ: Мал ұрлығы бәсеңдеп келеді

«Бас аманда мал тәтті» дейтін қазақ үшін төрт түлік мал қай кезде де тіршілігінің тірегі мен сәні болған. Бүгінгі күні де ауыл халқының бар байлығы – қорадағы қой-ешкісі мен ірі қарасы, жайлаудағы жылқысы. Полиция қызметкерлерінің сөзінше, соңғы жылдары мал ұрлығы – ауылдық жерде ең көп тараған қылмыс түрі болып отыр. Оның алдын алу үшін жергілікті билік пен ішкі істер органдары тарапынан аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Біз сол іс-шаралар барысы туралы білу мақсатында ІІМ КПД Мүліктік қылмыстарды ашуды ұйымдастыру басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Ғабит Сақтағановты әңгімеге тарттық.

– Ғабит Нұрбергенұлы, біздің естуімізше, жылда соғым уақыты таяғанда ел ішінде мал ұрлығы белең алады екен. Бұл қауесет қаншалықты шындыққа жақын және қазір елдегі ахуал қалай?
– Соғым уақытында жылдың басқа мезгілдеріне қарағанда мал көбірек ұрланады деген сөз шындыққа жанаспайды. Бұл қылмыс түрі жылдың барлық кезеңінде біркелкі орын алады. Дегенмен, ауылдық жерде мал ұрлығы қылмыстық қол сұғушылықтың ең көп тараған түрі болып отырғаны жасырын емес. Мал шаруашылығы ауыл тұрғындарының басты табыс көзі болып табылатынын ескеріп, Ішкі істер министрлігі осы қылмыстарға қарсы жүргізіліп жатқан іс-қимылды мұқият қадағалап отыр.
Бүгінгі ахуалға келсек, бұл қылмыстардың саны 2010 жылдан 2013 жылға дейінгі кезеңде республика бойынша өскен болса, 2014 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін тұрақты төмендеп келеді. Атап айтқанда, ауыр санаттағы мал ұрлығы қылмысы 203-ден 177-ге, яғни 12,8 пайызға төмендеп, ашылу көрсеткіші 42,9 пайыздан 59,7 пайызға жоғарылады. Ал орташа ауыр санаттағы мал ұрлығының саны 5409-ден 4442-ге, яғни 17,9 пайызға азайып, олардың ашылу көрсеткіші 37,2-ден 45,6 пайызға өсті.
Мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу мақсатында Ішкі істер министрлігі бірқатар нақты шара қабылдады, оның ішінде полиция күштерінің сапалы бірлескен жұмысын ұйымдастырумен қатар мемлекеттік органдармен, жеке құрылымдармен, халықпен өзара әрекет етуді жандандыруға ерекше назар аударылып отыр.
Министрлік Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл бойынша 2015-2017 жылдарға арналған бағдарлама әзірлеп, бекіткенін білесіздер. Ол Бас прокуратурамен, Ауыл шаруашылығы, Экономика, Инвестициялар және даму министрліктерімен келісіліп, өзара іс-қимылды ұйымдастыру және ұрлықтарға қарсы күресте, іс-шараны орындауға қаражат бөлуде көмек көрсету үшін жергілікті атқарушы органдармен жұмыстар жүргізілуде.
– Нақты сандарға тоқтала кетсеңіз, биыл ел көлемінде қанша мал ұрланды және олардың қаншасы табылып, иелеріне қайтарылды? Негізінен қай облыстарда бұл қылмыс түрі кең тараған?
– Жыл басынан 13 мыңнан астам мал басы ұрланған, олардың жартысына жуығы (44,6%) табылып, иелеріне қайтарылды.
Мал ұрлығы қылмыстары көбінесе Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында жиі жасалады.
– Осы қылмыстардың орын алуына не себеп?
– Жүргізілген талдау бойынша мал ұрлығы қылмыстарының жасалуына ең алдымен малдың далада бақташысыз, қараусыз өз бетімен жайылуы, иелерінің өрістегі малына мұқият қарамауы себеп болатыны анықталып отыр.
Малшылармен келісімшарттық қатынастардың болмауы «еркін жайылу» практикасын қалыптастырады және ол малдың оңай ұрлануына немесе жоғалуына ықпал етеді. Ұрлықтың 65%-ы малдың қараусыз жайылатын жерлерден кешкі уақытта ұрланатыны осы сөзімізге анық дәлел бола алады.
Екінші себеп – малды ұстау орындарының көп жағдайда дұрыс жабдықталмауы. Бұл қылмыскерлердің мал қораға кедергісіз енуіне мүмкіндік береді. Үшіншіден, иелерінің өз малдарын таңбалау мен сырғалауды уақытылы жүргізбеуі, нәтижесінде ұрланған малды тану мүмкіндігінің аз болуы; Төртіншіден, малшылардың жетіспеуі, сондай-ақ елімізде бір малшыға тиесілі бағылатын мал саны нормасының заңмен бекітілмеуі.
Осы мәселелер оңтайлы шешімін табатын болса, ауылдық жердегі ахуал әлдеқайда жақсарады деп сеніммен айтуға болады.
– Ұрланған малдардың жартысына жуығы ғана табылып, иелеріне қайтарылды дедіңіз. Ал жартысынан көбі неге табылмай жатыр?
– Оған әртүрлі факторлар әсер етеді. Көбінесе адамдар малы жоғалып кетсе, алдымен өз бетінше іздей бастайды. Негізінен ауылдық жерде жылқы малы көп жоғалатынын айта кету керек. Неге десеңіз, жылқы көбінесе қорада ұсталмайды, жаз жайлауда, қыста тебінде жүреді. Иелері тарапынан да селқостық бар екенін айтпасқа болмайды. Олар жайлаудағы жылқыларын ұзақ уақыт көзден таса қылып, кейін жоқ екенін аңғарғанымен, олардың не басқа жаққа кетіп қалғанын, не қасқыр тартып кеткенін, әлде ұрылар қолды еткенін білмейді. Сосын бірден ішкі істер органдарына хабарласпай, 1-2 ай бойы өздері іздейді. Таба алмаған соң ғана, арада ұзақ уақыт өткеннен кейін ішкі істер органдарына жүгінеді. Міне, осылай уақыт жоғалту салдарынан жоғалған малды табу мүмкіндігі азаяды.
– Малға чип орнатып, GPS арқылы бақылап отыру туралы бастама көтерілгенін білеміз. Ол жүзеге асып жатыр ма?
– Жоғарыда айтылған Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл бойынша 2015-2017 жылдарға арналған бағдарламада малға чип орнату мәселесі көтерілді. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 12 тамыздағы «Ішкі істер мен ветеринарлық бақылау органдарының ауыл шаруашылығы жануарларын ұрлау мен жымқыруға қарсы әрекет ету жөніндегі өзара іс-қимылы туралы» №16-03/738 және ІІМ-нің 2015 жылғы 14 тамыздағы №696 бірлескен бұйрығы әзірленіп, қол қойылды.
Осы бірлескен бұйрықтың шеңберінде малды ұрлауға қарсы күресте «Ауыл шаруашылығындағы жануарларды сәйкестендіру» АШМ базасын пайдалану бойынша шаралар көзделген.
Кезең бойынша ветеринариялық қадағалау қызметтерінің және мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлерді тарта отырып «Мал ұрысы» жедел-алдын алу іс-шарасы малды заңсыз тасымалдаумен, соғыммен және сатып алумен айналысатын адамдарды анықтау үшін жүргізілуде. Әрбір осындай факт кезінде тиісті құжаттарсыз тасымалданатын мал «АШЖС» деректер базасы бойынша тексерілмек.
Малды электронды бақылаудың жаңа әдістерін енгізу мақсатында тайпалық және үлкен шаруа қожалықтары (мемлекеттік холдингтер, агроөнеркәсіптік корпорациялар) үшін GPS-сигнализаторларды орнату туралы ұсыныстар жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Осы бойынша біз мал иелері арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, чип қондырыңыздар деп айтып жатырмыз. Бүгінде Павлодар облысында үш үлкен шаруа және фермерлік қожалық иелері «StarLineV15 Глонасс/GPS» (бағасы 24,5 мың теңге) шағын іздеу көрсеткіштерін алып, 1250 бас табынның негізгі бастаушы айғырларына орнатты. Соның арқасында ағымдағы жылдың басынан осы қожалықтарда жылқы жоғалу оқиғалары болған жоқ.
Ал, малдарды таңбалау жұмыстарына келсек, былғы 9 айдың қорытындысы бойынша 1,6 млн бас жылқы, 5,7 млн бас ірі қара мал, 1,7 млн астам ұсақ мал және 163 мың түйеге ен салынды.
– Соңғы уақыттарда орын алған ірі мал ұрлығы оқиғасын айтып берсеңіз?
– Ішкі істер органдарының қызметкерлері ашып жатқан ірі ұрлық қылмыстары көп. Мәселен, жуырда орын алған бір ғана қылмысқа тоқталар болсам, қазан айының басында Қарағанды облысы, Нұра ауданының Ахметауыл атты елді мекенінің тұрғындарына тиесілі 93 бас жылқы ұрланған болатын. Оларды Рымбай қыстағынан 8 шақырым жерде жайылып жүрген жерінен барымташылар айдап әкеткен.
Нұра аудандық ІІБ қызметкерлері мен облыстық ІІД КПБ мал ұрлығына қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған топ бірлесіп жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында осы қылмысты жасаған Ақмола облысы мен Астана қаласының тұрғындары ұсталды. Олар кінәларын толық мойындап, заттай дәлел ретінде 73 жылқы тәркіленді. Қазіргі күні тергеу амалдары жалғасуда.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ескендір ТАСБОЛАТ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жасөспірім және құқықтық қауіпсіздік

Бүгінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс көз үйренген көрініске айналды. Бесіктен белі шықпай жатып бұзақылыққа бір табан …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған