Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Абыздар айтқан асыл сөз

Абыздар айтқан асыл сөз

«Серпін» бағдарламасымен оңтүстік өңірлерден білім алуға келген студенттер солтүстікқазақстандық полицияның және Солтүстік Қазақстан облысының тарихымен танысты.
Ведомстволық мұражайға Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенттері мен Петропавл қалалық ІІБ жас офицерлері ат басын тіреді. «Бұл танымдық іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілді. Ерекше кездесуді оңтүстік облыстардың балалары солтүстік өңірдің бай тарихымен, киелі және туристік көрікті жерлерімен таныссын деген оймен өткізіп отырмыз», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев.
Меймандар алдында Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының негізгі бағыттарын М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ибраева айтып берді. Ұлттық ғылым академиясының академигі «100 жаңа тұлға» жобасы, Қазақстанның заманауи мәдениеті, мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері туралы да кеңінен баяндады.
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сабыр Ыбыраев жаңа латын әліпбиінің маңыздылығын атап өтті. Ғылым қайраткерлерімен кездесуден соң полицейлер жас қызметкерлер мен колледж оқушыларына арнап ведомстволық мұражайдың 4 залының ішінде экскурсия ұйымдастырды. Әр залда қонақтарды тек фотосуреттер мен құжаттар, қарулар мен макеттер ғана емес, «тірі» экспонаттар да күтіп тұрды. Тарих залында оларды солтүстікқазақстандық ақын, батыр, қолбасшы Қожаберген жырау қарсы алды. Жыраудың образын айдауылдау қызметінің қызметкері Рауан Бимақанов сомдап, «Елім-ай» әнінен үзінді оқып берді.
Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген қазақ халқының ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев жастарды білім-ғылымға шақырды. Ақынның рөлінде Петропавл қалалық ІІБ қызметкері, полиция лейтенанты Әлішер Жармағамбетов болды.
Ұлы Отан соғысына арналған залда студенттерді батыр майдангерлер Бауыржан Момышұлы мен Әлия Молдағұлова қарсы алды. Жедел басқару орталығының қызметкері Айгүл Сәбитова мен Мемлекеттік тіл бөлімінің жетекші маманы Нұрбай Сәбитов оқыған монологтар балалардың бойында ерекше толғаныс тудырды. Кеше ғана оқушы болған студенттер көздеріне жас алды. Экскурсияны Тәуелсіз Қазақстан залында полиция қызметкерлері Сән Жұмағазина мен Ғалия Ибраева аяқтады.
Кездесу соңында сақшылар мен студенттер дастарқан басына жиылып, «Рухани жаңғыру» логотипі бейнеленген торттан дәм татты. «Мен солтүстікқазақстандық полиция қатарында қызмет атқарып жүргеніме мақтанамын. Бүгінгі кездесу барысында ғалымдармен көзбе-көз кездесіп, олардың өз аузынан еліміздің тарихы туралы мол танымдық әрі қызықты мәліметтер алдым. Ақын, жырау, батырлардың сөздері бізге үлкен ой салды», – дейді Петропавл қалалық ІІБ қызметкері, полиция лейтенанты Гүлден Құрсарина мұражай экскурсиясынан алған әсерімен бөлісіп.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Сондай-ақ, оқыңыз

Полиция капитаны Балжан ӘЛІПОВА: Құқықтық тәрбиенің маңызы зор

Тәрбие берудің бір көрінісі ретінде қалыптасып келе жатқан мектеп инспекторлары қызметінің бүгінгі қоғамда алатын орны …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған