Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Өңір намысын абыроймен қорғады

Өңір намысын абыроймен қорғады

Жуырда Тараз қаласында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» республикалық байқауы өткен болатын.
Байқаудың өтуіне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті ұйытқы болды. Конкурстың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді жетік меңгерген мемлекеттік қызметкерлерді ынталандыру және мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Аталған конкурсқа өңірлерден облыстық кезеңнің жеңімпаз командалары қатысты. Өңіріміздің намысын Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің «15-ші өңір» командасы қорғады. Команда мүшелері Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД айдауылдау қызметі взводының айдауылдаушысы, полиция аға сержанты Рауан Бимақанов, Петропавл қалалық ІІБ азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау жөніндегі бөлімшесінің инспекторы, полиция лейтенанты Әлішер Жармағамбетов, Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекші маманы Нұрбай Сәбитов байқауда белсенділік таныта білді.
Конкурсқа қатысушылардың шеберлігін 5 адамнан құралған кәсіби қазылар алқасы бағалады. Конкурсқа қатысушылар түрлі тапсырмалар бойынша өздерінің тапқырлығын, әртістік қабілеттерін, сондай-ақ, мемлекеттік тілде өз ойларын әсерлі және дұрыс жеткізе білетіндіктерін көрсетті.
Республикалық конкурс 4 кезең бойынша өтті. Алдымен сәлемдесіп, өздерін таныстырса, екінші кезең бойынша «Жер-судың аты – тарихтың хаты» деген аталымда лед-экранда әйгілі жерлердің бейнелері көрсетілген, кейін оның атауын атап, қысқаша тарихын баяндады. Келесі кезеңнің тапсырмасы мақал-мәтелдерді, «Қазақ сөзі» атты қанатты сөздерді жалғастыру бойынша білім деңгейін таразылауға арналды. Бұдан басқа, қатысушылар мемлекеттік тілді дамыту саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілер туралы қойылған сұрақтарға жауап берді. Ең қызықты әрі есте қаларлық тур – үштіктен құралған мемлекеттік қызметшілердің «Үй тапсырмасы» аясында «Мәңгілік ел – Мәртебелі тіл» тақырыбында музыкалық және театрландырылған қойылым көрсетуі болды.
Қазылар алқасы ұпай саны нәтижелері бойынша республикалық конкурстың жеңімпаздарын анықтады. Конкурс қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің «15-ші өңір» командасы жүлделі 3-орынға ие болды. Барлық жеңімпаздар арнайы дипломдар және ақшалай сыйақымен марапатталды.
«Осы байқауға қатысу Ішкі істер департаментіне екі есе жауапкершілікті жүктеді: біз үшін тек полиция ведомствосының ғана емес, Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғау маңызды болды. Погон таққан команда тілге деген құрмет пен дайындықтың арқасында лайықты өнер көрсетті», – дейді облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Виктор Букреев.

Мәдина БАЛҒАШОҚОВА, Солтүстік Қазақстан облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Полиция капитаны Балжан ӘЛІПОВА: Құқықтық тәрбиенің маңызы зор

Тәрбие берудің бір көрінісі ретінде қалыптасып келе жатқан мектеп инспекторлары қызметінің бүгінгі қоғамда алатын орны …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған