Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жаңалықтар / Әлеуметтік мәселе әсер етпей қоймайды

Әлеуметтік мәселе әсер етпей қоймайды

7 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Қоғамов кеңес жұмысы мен алда атқарылар істер жайлы айтып өтті.
Аумақтық органдардың қызметін жан-жақты зерделеу үшін өңірлерге шығу және құқықтық насихат жүргізу арқылы қоғамдық мониторинг жүзеге асуда. Мәселен, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстары, Алматы қалалық ІІД мен ЖПҚ-нің жұмыстары сараланған. Жалпы алғанда 2016-2017 жылдары 18 мониторинг жүргізіліп, кеңес мүшелері бөліністердің жұмысымен танысып шығыпты. «Жеке құрамның назарына кеңестің ағымдық жұмысы, криминалдық цикл саласында алда тұрған өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпарат берілді. Оның нәтижесі бойынша қызметтік жазбамен министрге және облыс әкімдеріне баяндалды», – деді Марат Шекішұлы. Сондай-ақ, өткен жылы Қоғамдық кеңеске азаматтардан 43 өтініш келіп түскен. Ал осы жылы 30 арыз-шағым қаралыпты. Азаматтардың өтініштері бойынша берілген ұсынымдар ІІМ жүйесіндегі тиісті деңгейдегі басшыларға жолданып, басым көпшілігі іске асырылған.
Ендігі жерде өтініштермен жұмыс істеу тәртібі ретке келтірілмек. Осылай деген Марат Қоғамов қызметтері бойынша арыз-шағымдар көбірек түсетін аумақтық ІІО-ны көрсете отырып, жылына екі рет жұмысты қорытындылау ұсынылды. Онда басшыларын тыңдау және олардың атқарып отырған лауазымдарына сәйкестілігі туралы мәселені ІІМ басшылығының алдына қою шаралары жүзеге асырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, 2016-2017 жылдары Қоғамдық кеңестің 12 отырысы өткізіліп, министрдің, кеңестің ұсынысы бойынша қызмет басшыларының есебі тыңдалған. Бұдан бөлек ІІО-да тәртіптің және заңның сақталуы, кадр даярлығы жөніндегі шаралар, сотқа дейінгі тергеу мәселелері, әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қылмыстық атқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа және қинауға қарсы іс-қимыл, ІІО жүйесіндегі медициналық көмек көрсету, қоғамдық кеңестерге жіберілетін нормативтік-құқықтық актілер жобалары үшін бірыңғай талаптарды пысықтау, азаматтық қорғаныс органдарының қызметі, пробация қызметінің жай-күйі мен кеңес жұмысының ағымдық және ұйымдастырушылық мәселелері қаралған. Сонымен бірге, өткен жылдан бері кеңес ҮЕҰ-ның қатысуымен қоғам мен мемлекет, халықаралық ұйымдар, мемлекеттік органдар, ғылым саласы, азаматтық қоғам институттарының өзекті мәселелері туралы өңірлерді қоса алғанда бейнеконференция режимінде 5 қоғамдық тыңдау өткізілді. Ол бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар жасалды.
БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Кеңес төрағасы аймақтардағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті өмірін тексеру бойынша қоғамдық бақылау жүзеге асырылғанын айтып өтті. «Биыл мұндай бақылау өткен жылға қарағанда көбірек болды. Бұл бос сөз емес, тікелей, нақты жұмыс. Атырауда балық қорларына қол сұғушылықпен күресу бөлімінде жұмыс істейтін қызметкерлерге барып, өзім үшін қорытынды жасадым – техника өте әлсіз», – деді мән-жайды түсіндірген Марат Қоғамов. Ал полицейлердің әлеуметтік жағдайы әлі де алаңдатып отырғанын айтқан Кеңес төрағасы: «Егер біз бұл мәселені біржақты шешпесек, әлеуметтік мәселе әрбір орган жұмысына әсер етпей қоймайды. Қызмет барысында жүргенде адам әлеуметтік мәселелерді емес, жұмысын ғана ойлауы керек. Қазақстандық полицейлердің айлығы отбасын асырауға жетпейтінін, әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілмегенін жасырмаймын. Тіпті, қызметкерлердің өздері отбасын асырауда ата-аналары көмектесетінін айтып жатады. Қазір балабақша жетіспейді, ал ақылы балабақша айына 40-50 мың сұрайды. Сақшылар тұрғын үймен қамтамасыз етілмек түгілі, қызметтік жатақхана мен пәтер жетіспейді», – деп алаңдаушылық білдірді.
Айтуынша, патрульдік-посттық қызметтегілердің 80 пайызы әскерден кейін келген ауылдың балалары. «Қазір олар бір бөлмеде бірнеше адам болып тұрып жатыр, бұл алаңдайтын мәселе. Тәуелсіздік алғаннан бері қазақстандық полиция жұмысында жаңашылдық еніп жатыр. Материалдық-техникалық базасы мен автопарк толықтай жаңарды, полицейлер заманауи жабдықталған, дене дайындықтары айтарлықтай артты. Алайда, егер қызметкерлердің жағдайын жасамасақ, осы ілгерілеушіліктің барлығы құрдымға кетуі мүмкін», – дейді Марат Шекішұлы.

Жадыра МҮСІЛІМ, сурет Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Ұландық сарбаздар көмекке келді

Қараша айынан бастап Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы үш іргелі елді мекенде Ұлттық ұланның жауынгерлері тұрақты …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған