Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Тапсырыс болса – табыс бар

Тапсырыс болса – табыс бар

Ақмола облысы, Атбасар қаласында орналасқан алпыс жылдық тарихы бар ЕЦ-166/4 мекемесі – еліміздегі көне колониялардың бірі. Кеңес уақытында мұнда еңбекпен түзеу мекемесі болған. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда өндірісі саябырсып қалса да, мұндағы еңбек дәстүрі сабақтастық ізін үзген емес. Соның бір айғағы – жазасын өтеушілердің жеке кәсіпкерлік ашу туралы жаңа бастаманы қолдап әкеткендігі.
Қауіпсіздігі барынша жоғары болып табылатын қатаң режимдегі мекемеде бүгінде үш бірдей жазасын өтеуші жеке кәсібін ашқан. Олардың бірі ат әбзелдері, ұлттық ыдыс-аяқтар сынды былғарыдан бұйым жасаса, енді бірі тігін ісін жолға қоя бастапты. Ал біз сөз еткелі отырған кәсіпкер – ағаштан түйін түйген шебер Талғат Рыспеков.
«Бұл жұмыстарды осы жылдың маусым айынан бастап қолға алдық. Мекеме басшылығының арқасында көптеген қиыншылықты жеңдік. Әуелгіде үш-төрт адамды ғана жұмыспен қамтыған болатынмын. Қазір қарауымда 8 адам бар. Дайындайтын өнімдеріміздің сан алуан екендігін көріп отырсыздар. Ағаштан өрнектелген, әшекей тастармен безендірілген кез келген бұйымдарды жасаймыз. Тапсырыс болса, өнім түрлерін де көбейтуге дайынбыз. Қазірдің өзінде бірнеше түрлі өнімдеріміз бар. Әдемі өрнектелген үй жиһаздарынан бастап, шахмат, нарды, сандықшалар, ас үй жинақтары, картина немесе айналардың рамкалары, киім ілгіштер және тағы да басқа бұйымдар жасаймыз. Мына өздеріңіз көріп отырған орындықтар мен шахматтың бедерлі үстелдері және өзге де бұйымдар біздің жігіттердің қолдарынан шыққан», – дейді №10 жасақтың мүшесі Талғат Рыспеков.
Бостандықта жүргенінде ауыл шаруашылығы саласында егін егумен айналысқан Талғат жаңа бастама туралы естігенде осындағы қолынан іс келетін жігіттердің басын қосып, ағаш бұйымдары цехын ашуды ұйғарыпты. Онысын өзі қызмет еткен шаруа қожалығының басшысы да құп алып, шаруа қожалығының құжатына қосымша қызмет түрі ретінде «Ағаштан бұйымдар дайындау» бағанын қосып, қаржылай қолдау, материалдар жеткізу, тапсырыстар қабылдау, дайын өнімдерді өткізу жағынан көмек көрсетіпті. Қазіргі дайын болып қалған бұйымдар сатуға шығарылғалы тұрған тауарлардың екінші партиясы екен. Мұндағы барлық қаржылай операциялар электронды есеп-шот бойынша ғана жүргізіледі.
«Бұрын ағаштан бұйым жасаумен көп айналыспағанмын. Тек ұйымдастырушылық қабілетімнің арқасында осында ағаштан түрлі дүниелер жасайтын жігіттердің басын қосып, пайдалы бір іс бастауды жөн көрдім. Айлық мәселесі әзірге кесімді ақы бойынша. Өйткені, «тапсырыс болса – табыс бар» демекші, жұмысты жолға қойғанымыз жаңа. Адам саны да көбейіп келеді. Жігіттер де өздерінің сот бойынша белгіленген талап-қарыздарын төлеп жатыр. Сырттағы сенімді өкілімізден бөлек, бізге ең көп көмек көрсетіп отырған мекеме басшылығы. Мына өздеріңіз көріп отырған ғимаратты тегін пайдалануға беріп, жөндеуіне көмектесіп, ішіне жылыту қазандығын, столярлық станоктар мен жабдықтар орнатуға көмектескені үшін мекеме басшылығына алғысымды білдіремін», – дейді жазасын өтеуші жеке кәсіпкер.
ЕЦ-166/4 республикалық мемлекеттік мекемесінің бастығы, әділет майоры Жанерке Қысатаевтың айтуынша, мекемеде жазасын өтеп жатқан 571 адамның 530-ы еңбекке жарамды. Сол еңбекке жарамдыларының 70%-ы, яғни 371 адам жұмыспен қамтылған. Соның ішінде «Еңбек-Атбасар» филиалында екі жүзден астам адам болса, қалғандары ішкі қызмет көрсету салаларында және осында жеке кәсіпкерлік ашқан азаматтық тұлғалардың қарамағында.
Ал жаңа бастама бойынша кәсіпкерлік ашуға тілек білдіріп отырғандардың да қатары аз емес екен. Бүгінде тағы да бес жазасын өтеуші құжаттарын рәсімдеу, жұмыс жоспарын құру, кіріс-шығыс есебін анықтау кезеңінен өтуде. Мекемеде кәсіпкерлік ашам деген жандарға ғимараттар сенімгерлік басқаруға, яғни, тегін пайдалануға беріледі. Олар тек тұтынған коммуналдық ресурстар үшін ғана қызметақы төлеуі тиіс. Жанерке Молдакәрімұлы мекемеде кәсіп ашуға тілек білдірген азаматтар үшін режимді нысанның есігі әрқашан ашық екендігін, сонымен қатар кәсібін бастаған жазасын өтеушілердің өнімдеріне тапсырыс беруге шақыратынын айтады.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Астана-Атбасар-Астана, Суреттер автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Жасөспірім тәрбиесі – жалпыға міндет

Жуырда Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жүйесінде Орал қаласы мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған