Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Сапалы тағам – азаматтардың құқығы

Сапалы тағам – азаматтардың құқығы

Сапа дегенде алдымен тамақтың сапасы туралы көтерген маңыздырақ деп ойладық. Тіпті ең тәжірибелі деген, бармағынан бал тамған аспаздың өзі азық-түлікті көзбен қарап оның сапасын айыруда қиналар еді. Зерттеушілер кей тағам түрлерін зерттеуден өткізе отырып, қандай жағдайда ағзаға қауіптің болуы мүмкін екендігіне талдау жасаған екен.
Бутан. Әмбебап газ түрі тек қана шылым тұтатуға арналған от тұтатқышта ғана емес, тағам өндіру өнеркәсібі бутанды жасанды антиоксидант ретінде пайдаланады. Бұл химиялық элемент тауық етінің жаңа дайындалған «свежий» түрін сақтап тұрады. Яғни жаңа ғана дайындалғандай болып көрінетін тағам бутан қосып дайындалған болуы мүмкін. Көбіне-көп ұзақ мерзімге сақтауға болатын азық түрлерінде, крекерлер, чипсылар мен фаст-фудтер құрамында кездеседі екен.
Эстроген. Эстрогеннің мөлшерінің жоғары болуы тағамның сапасының күмәнді екендігін білдірмек. Бұл гормонды көбіне сүтті және етті сиырларға береді. Эстроген өсу мен дамуды аса жеделдететін болғандықтан, ет және сүт өнімдерінің көлемін ұлғайтуға себепші болмақ.
Пропилен гликоль немесе антифриз. Айтқанда тілің күрмелетін «затты» да біз жеп жүрміз. Бұл негізінен көліктер мен косметикалық өндірісте қолданылады. Реагент әйнектердің қатып қалуына жол бермейді, сонымен бірге ылғалды ұстап тұру және жұмсарту қасиеттері де бар. Кондитерлік өнімдер, алкогольсіз не құрамында алкоголь аз мөлшерде болатын сусындарда, энергетиктерде, мұздатылған жемістер мен құс етінде тағамдық қоспа ретінде қолданылады.
Ванилин. Табиғи ванилин өте қымбат тұрады, ал ванилинге деген әлемдік сұраныс жылына бірнеше мың тоннаны қажет етеді. Осы себепті қолжетімді компоненттерден синтез зат алу көзделген. Негізінен ванилинді целлюлозді-қағаз өнеркәсібінде пайдаланылатын лингин деген заттан алады. Ол йогурттарды хош иістендіруге, ұннан пісірілген тамақтарда, сусындар мен кондитерлік өнімдерде қолданылады.
Біз бұл мәліметтерді ойдан шығарғанымыз жоқ, шетелдік басылымдардағы арнайы химик ғалымдардың еңбектерінен келтірдік. Аптасына үш күн қатар тойға баратын қазақтардың асқазаны не күйде екен дейсің. Біздің тойлардағы дастарқанда не жоқ дейсіз, әсіресе, консервілер мен жартылай фабрикаттар қосылып, майонезге шыланған салаттардың өзі неге тұрады! Осы күні асқазаны сап-сау адам аз шығар, оның үстіне осындайлар мәліметтерді оқып-білген сайын тәбетің қашып, айналаңдағы адамдардың да зәресін алып, мазасызданатын болдық. Бәрінен бұрын болашақтың адамдарының дастарқанында қандай тағам болады екен, сол сұрақ қызық болып жүр осы күні бізге…

Хлор мен мырыш қосылған тауық еті
Қазір супермаркетке кіргенде не тамақ сатып аларыңды білмейсің. Әсіресе, балаларға тамақ таңдап сатып алу қиындап барады. Йогурттың құрамында ешқандай сүт те, пайдалы бактериялар жоқ болып шықты, бояғыштар, стабилизаторлар, дәмдеуіштер ғана бар. Сырды да байқап алмасаң, бүгінде «сырный продукт» деген шықты, бұл ешқандай да сырдың өзі емес екені белгілі. Сүзбе алайын десең, ол негізінен арнайы массадан жасалатын болды. Әдемі қаптағы печеньелердің барлығы ашытқы мен ұзаққа сақтайтын химиялық қоспалардан пісірілген. Арнайы ботқалардың барлығы дерлік термоөңдеуден өткізілгендіктен, пайдалы заттар жойылып кеткен, оларды сатып алудың еш мәні жоқ. Шырындар, пюрелердің көбі ГМО өнімдері. Колбаса, чипсы, сникерстерді тізімнен біз шығарып тастағанмен, аттаған сайын алдыңнан солар шыға береді. Қарапайым картоптың өзін алайық. Дәрумендер мен минералдарға бай деп жүрген картоптың құрамында 35 түрлі пестицид бар екен. Өйткені, картопты фунгицидтермен құнарландырып, зинкестерден химияның көмегімен қорғайды.
Қазір KFS дәмханаларында тамақтану сәнге айналды. Ондағы тамақтардың дені нағыз химияның жемісі. Туғаннан бургердің дәмін алып үйренген балалар осы күні қуырылған тауық етіне әуес. Ал, тауық етін біз супермаркеттерден аламыз. Тауық еті әлем бойынша ең бір қолжетімді асқа айналды, бұған құс фабрикаларында құс өсірудің стандарттау әдісі арқасында қол жеткізілді. Тек АҚШ-тың өзінде жыл сайын 8 миллиард балапан өлтіріледі екен. Мұндай фермаларда тауықтардың етін өсіру үшін гормондар егеді, антибиотиктер мен әртүрлі химиялар қолданылады. Кей мәліметтерге қарағанда, микробтар, бактериялар мен вирус тудырушы қоңыздардың пайда болуына қарсы тұру үшін ірі өндіруші зауыттар тауық еттерін химикатқа орап тастайтын болыпты. Негізінен хлор мен peracetic қышқылы қолданылады, ғалымдардың айтуынша, бұл өкпе рагын туғызатын химикаттар болып табылады. Тіпті ірі тауық зауыттарында жұмысшылар қан түкіріп қайтыс болған оқиға тіркелген. Тауық етіндегі хлор шошытпаса да, мырыштың болуы бізді алаңдатуы тиіс. Балапанда органикалық емес мырыштың мөлшері белгіленген деңгейден екі-үш есе көп көрінеді. Ең дұрысы – үй тауығының етін жеу керек.

Иіссіз жемістер
Не болса да балаларға жеміс-жидек жеген дұрыс деп шешкеніңмен, қысы-жазы бір бұзылмайтын жемістердің жайы да белгілі. Шие, шабдалы, бүлдірген, құлпынай дегендерді сатып аларда аса мұқият болу керек. Оларды шыбын-шіркейден қорғау үшін пестицидтің көп мөлшері қолданылады. Ондағы флудиоксонил бүйрек пен бауырдың қызметін бұзатын болса, iprodione – тек жәндіктердің ғана емес, адамдардың да жүйке жүйесін зақымдайды екен. Бұл болгар бұрышы мен алмаға да қатысты.
2012 жылы америкалық алмалардың құрамында дифениламин дозасының мөлшері көп болғаны үшін Еуропаға тасымалдануына тыйым салынды. Біздің бала кезімізде үйге бір келі алма сатып әкелсе, соның иісі бұрқырап, үйдің ішін алып кетуші еді. Қазір жәшіктеп алсаң да, алманың иісі шықпайды, дәмі айтпаса да белгілі… Пайдалы да дәруменді алманың орнына түсініксіз химиялық қоспаларды жейтін болдық. Фермерлер химикаттарға жемістерді жыл бойына сақтауға мүмкіндік беретіндігі үшін тым әуес болып алды…

Астанада тағам сапасы назарда
Өткен алты айдың өзінде ғана еліміздің әр түкпіріндегі дүкен сөрелерінен талапқа сай емес, яғни, адам денсаулығына қауіпті деп табылып тәркіленген 12 мың тонна тауардың 64 пайызы – азық-түлік өнімдері болған. Құрамынан ішек таяқшасы, сальмонелла сынды қауіпті вирустар табылған сапасыз өнімдердің басым бөлігі – Ресей, Белоруссия елдерінен импортталған тауар¬лар болыпты. Сенат депутаты Төлеубек Мұқашев осы мәселені көтеріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдады.
«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген және басқа мемлекеттер аумағынан әкелінген азық-түлік өнімдерінің сапасы алаңдатуда. Азық-түлік қауіпсіздігі индексіне (The Global Food Security Index) сәйкес Қазақстан 2016 жылдың қорытындысы бойынша рейтингке қатысушы 113 елдің арасында 2015 жылғы 56 орыннан 68 орынға түсті. Техникалық пальма майын және басқа күмәнді сапалы ингредиенттерді қолдану өндірушілердің азық-түлік өнімдеріне шығындарын айтарлықтай арзандататыны белгілі. Бірақ, оларды қолдану азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін болжап болмайтын келеңсіз салдарларға алып келуі мүмкін, бірінші кезекте біздің балаларымызға әсер етеді. Мамандардың пікірінше, құрамында сапасы төмен пальма майы қолданылған азық-түлік өнімдерін қолдану жүрек, қан тамырларының ұюы, атеросклероз ауруларының дамуына, семіруге, холестерин деңгейінің артуына, онкология ауруларының дамуына жағдай жасайды. Азық-түлік өнімдері нормаларына сәйкессіздіктің ең көп пайызы нақты импорттық өнімдердің үлесіне келіп отыр – 86%, олардың 61 % пайызы Ресей Федерациясына тиесілі. Көрсетілген талаптарға жауап бермейтін отандық өндірушілердің өнімдері тек 14%-ды құрайды», – деді ол.

***

Еліміздің барлық өңірінде екі апта сайын азық-түлік өнімдерінің сапасы тексеріледі. Қоғамдық денсаулық қорғау комитетінің мамандары ірі сауда орындарына барып, тұтынушылардың алған тамақ өнімдерін зерттеуден өткізіп отырады. Ал, арнайы мамандардың сөзіне қарағанда, Астанадағы азық-түлік қауіпсіздігі біршама жақсы жолға қойылған. Астана қаласының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті берген мәліметке қарағанда, биылғы жылдың басынан бастап жоспарсыз – 36, ерекше тәртіппен тағы 92 тексеру жүргізіліп, құрамында нитраттың бар-жоғын анықтау мақсатында 250 сынама алынған. Барлығы 486 түрлі зертханалық сынамалар алынып, нәтижесінде 12 сынама бойынша талаптарға сәйкес келмейтін азық-түлік түрлері сатылымнан алынған. Бас қаладағы санитарлық жағдай жіті назарда көрінеді.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Жасөспірім және құқықтық қауіпсіздік

Бүгінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс көз үйренген көрініске айналды. Бесіктен белі шықпай жатып бұзақылыққа бір табан …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған