Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Шыңға көз тіккен Шоқан

Шыңға көз тіккен Шоқан

Отан алдында әскери борышты өтеу ер азаматтың өмірінде өзгеріс әкелетіні бұрыннан аян дүние. Бұлай деуіміздің сырына үңілу үшін төмендегі жазбамызға зер салып көрелік.
Біріншіден, әскери қызмет жасты ұршықша ширатып, кемелденуіне жол ашады. Алды-артын жаңа бағамдаған бозбала азамат атанып, отбасынан жырақта есею жолынан өтеді. Отанға деген жауапкершіліктің парқын жете сезініп, бойдағы ұлтжандылық және ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің ұшталары рас.
Екіншіден, әскер бозбаланың өмірде өз жолын тауып, дүние дүрмегіне кірпіш болып қалануына да көптен-көп септігін тигізіп жататыны бар. Олай дейтініміз, әскерге барған жастардың кейбірі жауынгерлік өмірге үйреніскен соң, өзіне бұрын таңсық болған ортаны жанына жақын тартып, әскери қызметке ынтазары ауады. Бойдағы қабілет-қарымдарын зерделей келе, түптің-түбінде өмірін осы саламен ұштастыруға белді бекем буады. Айтпағымыз осы болатын.
Осы мақаламыздың кейіпкеріне де мерзімді әскери борышын өтеу өміріне түбегейлі өзгеріс әкелген екен.
Әңгімені әуелден тарқатсақ, бүгінгі сержант Шоқан Әбіш әскери борышын еліміздегі ең үздік құрылымдардың бірі, әскер элитасы – қазіргі Мемлекеттік күзет қызметіне қарайтын Алматыдағы 0111 әскери бөлімде өтейді. Мұнда қағылез жас жауынгерлік дағдыны жылдам игеріп, ортаға тез бейімделді. Уақыт озған сайын бойынан әскери қызметке деген өзгеше ықылас пайда болғанын да аңғарады. Аға буын офицерлердің тәлім-тәрбиесін қалт жібермей, қолы сәл босаса бөлімнің кітапханасынан табылады. Жастайынан спортпен шұғылданған жігіт гарнизонда арасына ай суытпай өтіп тұратын жарыстардың алдын бермеді. Осы күндері келешек тағдырын ол әскери қызметпен ұштастыруға табан тіреген.
…Ұзақ болып көрінген әскердегі күндер зымырап өте шықты. Қоштасар сәт те келді. Командирлеріне «елге барған соң мен міндетті түрде әскери қызметімді жалғастырамын» деп уәде берген жігіт Алматы облысындағы туған ауылы Түргенге аттанып кете барды.
Арман адастырмайды. Мақсатына жету үшін Шоқан уақыт оздырмай туған өлкедегі Қаракемер кентінде орналасқан Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлімнің қақпасын қаққан екен. Осылайша, мақсатына табанды түрде бет алған Шоқан әскери қызметке қабылданған. Бірер жыл оқу взводтарына жетекшілік жасайды. Басшылықтың сенімін ақтап, әртүрлі лауазымдарда мінсіз қызмет атқарып, өмірлік тәжірибе жинақтады. Өткен жылдан бері қызметте көтермеленіп, Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құпия емес іс жүргізу бөлімшесінің маманы болып тағайындалды.
Өмірдің басты қозғаушы күші – ол арман. Мұны айтып біз жаңалық ашпақшы емеспіз. Бірақ, арман адамға қанат бітірері сөзсіз. Біздің кейіпкеріміз де бұл жетістігімен тоқталғысы келмейді. Талапты азаматтың түпкі арманы – офицер болу. «Офицер – бұл әскердің абыройы, ар-намысы. Офицер жай ғана мемлекеттік қызметші емес, ол – мемлекеттік көпшілік адамзаттың сенім артатын адамы. Офицер – бұл әскердің миы, ұрыстың ұйымдастырушысы және жеңістің жасаушысы. Бұл сөзді айтқан Бауыржан Момышұлы – менің өмірлік кумирім. Атамыз қайсарлықтың, нағыз қазақы мінездің, өз елін шексіз сүйіп, оған асыл ұлы болып қызмет етудің ең асқақ үлгісі. Ол кісі жігіт арманшыл әрі табанды болуы керек деп айтады. Елге сол аталарымыз сияқты қызмет етуді үйрене білсек, алынбайтын шың жоқ деп білемін», – дейді сержант Ш. Әбіш.
Мамандығын жан-тәнімен сүйген адам ғана үлкен жетістіктерді еңсереді. Ш. Әбіш қашанда әр атқарар ісіне зор жауапкершілікпен қарайды. Бірнеше рет «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтановтың атынан үздік қызметі үшін марапаттарға ие болған. Жас мамандарға тәлім-тәрбиесін беруден де жалыққан емес.
«Мен еліміздің құрыш қамал қорғаны, ел тыныштығының қалқаны – Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқаратын әр ұландық азамат бойына ана сүтімен отансүйгіштік қасиеті дарыған ерекше адамдар деп білемін. Олардың бойында екі асыл қасиет бар деп ойлаймын. Бірі – шыдамдылық, енді бірі – қырағылық. Өйткені, табиғаттың қолайсыздығына қарамай, уақытпен санаспай қызмет атқару үшін әуелі шыдамдылық ауадай қажет болса, жүктелген міндетте үздік шығу үшін қырағылық керек», – дейді бізбен ой бөліскен сержант Шоқан Әбіш.
Олай болса, қызметімен көпке үлгі болып келе жатқан білікті маманның ұтымды ойына алып қосарымыз жоқ. Еңбектегі қарымды жанның биіктен көріне беруіне тілектеспіз.

Арман ӘУБӘКІРОВ, Алматы қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Полиция капитаны Балжан ӘЛІПОВА: Құқықтық тәрбиенің маңызы зор

Тәрбие берудің бір көрінісі ретінде қалыптасып келе жатқан мектеп инспекторлары қызметінің бүгінгі қоғамда алатын орны …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған