Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Литвада домбырамен ән салған

Литвада домбырамен ән салған

Оны өзі түлеп ұшқан Қарсақбай кентінің тұрғындары Броня деп атайды. Өнерпаз литва жігітін бүгінде кішкентай Қарсақбайы ғана емес, Астана жұртшылығы да біледі. Ол астаналық бүлдіршіндерді қазақша оқытады. Қазақ дәстүрімен музыкалық тәрбие береді.

Өмір деген ұлы мектеп
Тағдыры металлургтермен Қарсақбайда тоқайласқанымен, Казистің мұнда келу жолы қыртысты-қиысты, бұралаңды болды. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі құрамында қызмет еткен Казис Бугинас соғыстан кейінгі жылдары Балтық теңізі маңында құрылған Кеңес үкіметіне қарсы әрекет етуші партизандар – «ормандық ағайындарды» жоюға атсалысады. Қызыл комиссарды аңдып жүрген олар бір күні Казисті ұстап алып: «Бүгін түннен қалмай көшіп кетпесең, бала-шағаңнан түк қалмайды. Енді көзімізге көрінуші болма», – деп қатаң шарт қояды. Бала-шағасының амандығы үшін сол түні-ақ буыншақ-түйіншектерін арқалап, жеті баласын жетектеген Казис пен Броне көзіне түскен бірінші пойызға отыра салып, жол тартады ғой. Сонда олардың жеткен жері – Солтүстік Қазақстан облысы болыпты.
Бұл 1963 жыл еді. Солтүстік Қазақстанның Ленин кеңшарына орналасып, аздап ес жиып алған К. Бугинас Никольский (қазіргі Сәтбаев) қаласында жаңа кеніштер ашылып жатқанын естіп, белді бекем буып солай қарай бет түзейді. Бір жыл мұнда да бой үйреткен соң, атышулы Қарсақбай мыс зауытына көз тігеді. Мұнда табан тіреген оның құжатына көздері түскен аудан басшылығы ішкі істер органдарына тартпақ болып көргенге ұқсайды. Бірақ, өз отанында жүрегі шайлығып қалған Казис ат-тонын ала қашады ғой. Сөйтіп, Литва орманында ағаш қиып, түрлі бұйымдар жасап үйренген Балтық жағалауы жігіті Қарсақбайда жаңадан құрылып жатқан Ауыл шаруашылығы кәсіптік-техникалық училищесіне ағаш шеберлігі пәнінің ұстазы болып орналасады. Ағаштан түйін түйген ұстаның алдынан өткен талай шәкірттің айтулы ағаш шебері болғанын, тіптен республикадағы сәулет-құрылыс саласы жоғары оқу орындарының студенті атанғанын білеміз.
Бірде денсаулығына байланысты жұмыстан босатуын өтінгенде училище директоры Сұлтан Сәдуақасов: «Ғазеке (ол Казисті Ғазиз деп атайды екен), столярканы жетімсіретіп тастап кетпекшісің бе, болмайды. Емдел, оған көмектесейік, бірақ келіп-кетіп өзің құрған цехты қадағалап жүр. Саған жұмысқа қашан келдің демейік», – деп кеңшілік жасайды. «Анамыз жұмыс істеген жоқ. Әкеміз бізді Қарсақбайдың кеңқолтық азаматтарының қолдауымен жеткізді», – дейді бүгінде сонау жылдарға көз тастаған Брониславас.
Айта кетерлігі училище басшылығы келген жылдары оның қорасына бір бұзаулы сиыр мен бес қой, торайлы доңыздар кіргізіп берді. Шаруаға ыңғайлы Броне мал басын өсірді. Балаларға азық болды. «Басқа көршілерімізге қарағанда біздің өз отбасымызды асырауға жетерлік шағын шаруашылығымыз болды. Әкем бұл үшін училищенің негізін қалаушылардың бірі Ахат Райымбековке алғысымыз зор деп айтып отыратын. Кейін Қарсақбайдың орыс, татар, украин, немістерімен қыз-алысып, қыз берісіп, құда-құдандалы болып керегеміз кеңейді», – деп сол кездерді Брониславас сағынышпен еске алады.
Брониславас өзін қарсақбайлықпын дейді. Оның жөні де бар. Казис пен Бронеден Казимир бастаған сегіз бала тараса, оның жетеуі Литвада дүниеге келіпті. Осы кенжесі Брониславас қана 1965 жылы Қарсақбайда шыр етіп өмір есігін ашқан.

Өнегесі үйренуге тұрарлықтай
«Литвалықтар қазақтар сияқты ырымшыл. Дәстүршіл. «Анамыз бізге Литваның ұлттық ән-билерін үйретті. Бірақ, оны бәріміз бірдей ұстап қала алмадық. Апам Янина екеуміз ғана кездескенде қосылып шырқап, өкшені тықылдатып билейміз», – дейді Броня. Одан кейін анасы балаларының бәріне тоқуды үйреткен. Брониславтың айтуынша, бәрі тоқыма шебері. Күртеше, мойыншалма, шұлық тоқу оларға бұйым емес. «Тоқымашылық – литвалықтардың ұлттық кәсібі десек жаңылыспаймыз, онда балаларды ес біле бастағанынан қолына ілмек беріп, тоқуға үйретеді. Өйткені, негізінен балықшылықпен айналысатын литвалықтарға үнемі ау тоқу керек болады», – дейді Б. Бугинас.
Бугинастардың тарихи отанында туысқандары қалды. Броняның өз жағынан да, нағашылары жағынан да тамырластары көп еді. Олар көп ағайынды. Броня соларды іздеп, заман кеңіген тұста «Жди меня» халықаралық телебағдарламасы арқылы іздеу салып та көрді. Әке-шешесінен қалған Литвада түскен суреттерін жолдады. Қыңқ деген дыбыс білінбеді. Кейін өзі жол түсіп Балтық жағалауына барғанда да сұрау салды. Сол баяғы бір жартас… Иә, Броня Литваға қалай барып еді?
Жезқазған өнер мектебіне Б. Бугинасты қала әкімі, елжанды азамат Қанат Балмағанбетов шақырып жатыр деген хабар жетеді. Әкім күнде шақыра бермейді. Екі өкпесін қолына алып жетеді ғой. Қызу іспен айналысып отырған Қахаң Брониславасты көргенде қуанғанын жасыра алмады. «Кел, төрге шық. Сенсіз мына іссапар болмайын деп тұр. Осы аптаның соңына қарай бауырлас Литваға жүрулерің керек. Екі ел арасындағы мәдениет пен өнер байланысын нығайтасыңдар. Сапар басшыларың қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Зина Ақылбекқызы болады. Литвалықтармен тілдесуге мүмкіндігің бар шығар?», – дейді ол сұраулы жүзін Броняға бұрды.
– Тілге жүйрікпін деп айта алмаймын. Маған қазір литва тілінен қазақ тілі жақынырақ, – деп жауап қатты ол. Иә, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел патриоттары «Туған тілім» деген үндеу көтеріп, комитеттер мен қоғамдар құрып іске кіріскенде солардың қатарында қылшылдаған жас Брониславас Бугинас та жүрді. Оның бірде студенттер алдында сөйлеген сөзі мен Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» өлеңін әспеттеп оқығанын көрген студент жастар, әсіресе, өзге ұлт өкілдері Бугинастың соңынан еріп жүре берген. Қоғамға жазылып, қазақ тілінде дәріс алуға кіріскен болатын. Жезқазғанда «Жез қалам» атты ән-күй ұжымын құрып, облыс қана емес, республика шеңберіне гастрольдік сапарларға шықты. Өзі қазақша да көп қазақтан артық сөйлейтін, оны білетін қала әкімі сұрақты да төтеден қойған сонда.
– Литваша білетін сөздерім санаулы-ақ. Ал үш-төрт ән орындауға дәрмен бар, – деп шамасын байқатты.
– Жақсы, – деді сонда Қанат. – Ал қазақтың ұлттық киімін киіп, домбырасымен қазақ әндерін шырқауға қалайсың?
– Бұл қолымнан келеді, – деді бұйрабас шегіркөз сары бала. Бұл 2006 жыл болатын. Осы шаруа абыроймен атқарылды. Қазақстанның Литвадағы елшілігінде қандастары алдында бір өзі бір ансамбль болып, домбырамен күмбірлетіп ән салып, өнер көрсеткен Брониславас Бугинасқа сартылдата қол соғылды. Зинаның іссапарлық есебінен бәрін біліп отырған Қанат Балмағанбетов Брониславастың қолын қайта-қайта қысқан. Міне, абырой деген осы.

Ендігі жол – өнер соқпағы
Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті жатақханасының кең демалыс залының үлкен терезесінен мамырдың шуақты сәтінде жастардың сыңғырлаған күлкісі, асабаның жарқын дауысы, әдемі әуез сыртқа қалықтай шығып, сол маңайды мерекеге бөлеп тұрған еді. Бұл Брониславас пен Галинаның студенттік үйлену тойы болатын. Жезқазғандық екі жас сол күні жүрекке жүрек, тілекке тілек жалғады. Украин аруы Галина осы оқу орнының фортепиано бөлімін тәмамдап, Броняның жолдамасының бағытын күтіп жүрген. Ақыры екеуі қол ұстасып, судай тасып Жезқазғанға аттанды.
Мұндағы өнер мектебінің басшылығы оларға сынып берді, жатақтан орын бұйыртты. Етектен тартқан баласы жоқ, жас отбасыға бұдан артық не керек? Отбасы үлкейіп жатса, бір жөні болар деп түйген жастарды көп ұзамай Астанадағы Оқушылар сарайы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Сафура Төлекова елордаға шақырды. Басында Жезқазғанын қимағанымен қызы Элинаның болашағын ойлап, 2013 жылы Астананы бетке алды. Пәтер жалдап, күндіз-түні интернетпен жұмыс іздеді. Ол бола қойған жоқ. Жезқазғаннан жинап келген қоры да таусылуға жақын. Бір күні Сафура Сейдуәлиқызының кабинетіне кіріп барады. Көргенде қуанышын жасыра алмаған Сафура ол үшін жұмыс іздеу шарасына бірден кірісіп кетті. Сәтін салғанда, осы сарайдағы «Ерте музыкалық дамыту» деген үйірме бұйыра қалды. Галина да осы үйірменің пианисі. Ал, үйірменің міндеті – балалардың музыкалық қабілетін ерте жастан анықтау. Бір жылдан кейін ұстаздар баланың қай вокалға икемділігін айтып, жол сілтейді.
«Қазір өмір ағыны қызық болып кетті ғой. Жас ата-аналардың көбі ана тіліне шорқақ. Баласын жолға салайын десе, өздері «адасып» жүр. Перзентін бізге табыстағандағы алғашқы айтатын сөздері мынау: «Ең құрығанда бір қазақша ән үйретіп шығарыңыздаршы. Үйге қонақ келгенде қазақша ән айтып берсін!», – дейді деп таңданыс білдіреді. Кемеміз қайда жүзіп барады?! «Бүгінгі күні 80 бала үйірмеге кезекте тұр. Ата-аналары жиі хабарласып, орынның босаған-босамағанын біліп отырады», – дейді Брониславас. Бір сүйсінерлігі, Галина екеуі Алматы мемлекеттік университетіне түскеннен бері жұбын жазбай келеді. Ұғынысқан жандардың ұжымдаса жүргеніне не жетсін? Оның бағасына жеткен де бар, жетпеген де бар.
Атамекеннен бір уыс топырақ
Брониславас Литваға екі рет барды. Біріншісі – үздік оқушыларды КСРО ішінде саяхат жасату. Бұл 1981 жыл болатын. Екіншісі, жоғарыда айтқанымыздай, 2006 жылы Жезқазған қаласы делегациясының Литвамен арада мәдениет алмасу сапары еді. Екі барғанда да Броня бір-бір уыс топырақтан ала келіп, біреуін әкесінің басына, екіншісін анасының басына салды. «Туған жерден топырақ апару деген дәстүр Литвада жоқ. Топырақты көсіп алып, қалтаға ұқыптап салып жатқанымды көрген литвалықтар маған таңырқай қарады. Оның мәнін түсіндіргенімде қолдағанын білдіріп бастарын изеді», – деп сол күндерді еске алады.
Осы әңгімелерден соң Брониславас Бугинас Қазақстанның штаттан тыс «елшісі» сияқты елестеді. Несі бар, бұлай да достық дәнекерлігін атқаруға болады.

Айткен ШӘМШІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Полиция капитаны Балжан ӘЛІПОВА: Құқықтық тәрбиенің маңызы зор

Тәрбие берудің бір көрінісі ретінде қалыптасып келе жатқан мектеп инспекторлары қызметінің бүгінгі қоғамда алатын орны …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған