Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Асықпаған «алпыспен» қоян алады

Асықпаған «алпыспен» қоян алады

Астана қаласында көліктер саны жыл санап емес, күн санап көбейіп жатыр. Соның салдарынан жол-көлік апаттары да жиілеп кеткен тұста жүгенсіз жүргізушілерді жөнге салу үшін қыркүйек айында Астана қаласы көшелеріне «Сергек» бейнебақылау камералары орнатылды. Жол бойындағы жүгенсіздіктерді жөнге салған камералар жүйесі туралы кеңінен мағлұмат алу мақсатында Астана қалалық ІІД ӘПБ Әкімшілік практика бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Дархан Ташмұхамбетовпен сұхбаттастық.
Дархан Шерниязұлы, жолдағы жағдайды бақылайтын фотоаппарат, бейнетіркеуіш камералары, жылдамдық өлшеуіш құралдарының қатарын таяуда «Сергек» камералары толықтырды. Автоматты тіркеу аппараты жол жүру ережесін бұзған фактілерді жаппай тіркей ме?
– Негізінен, «Сергек» камералары жол қозғалысы ережелерінің бұзылу фактілерін үш бағыт бойынша анықтайды. Атап айтқанда, тоқтау сызықтарынан асып кету, Bus lane автобус жолағымен жүру және жылдамдықты асыру. Бұл ереже бұзушылықтарға қандай көлемде айыппұл қарастырылғанын айта кетсем, тоқтау сызығын басу және автобус жолағымен жүру ереже бұзушылығы үшін ӘҚБтК-нің 601-бабының 1-бөлімімен 3 АЕК, яғни 6807 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал жылдамдықты шектен тыс асыру ереже бұзушылығына салынатын айыппұл көлемі жылдамдықты қаншалықты асырғанына байланысты болады. Мысалы, сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүру керек жерде спидометр тілі 70-80 жеткен жағдайда 10 АЕК, яғни 22 мың теңге шамасында айыппұл салынады.
«Сергекке» түскен ереже бұзушылықтар үшін салынатын айыппұл жүргізушілерге автоматты түрде жіберіле ме, әлде полиция инспекторларының араласуымен іске аса ма?
– Бұл камералар ереже бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді, ал полицейлер оны әрі қарай жетілдіреді. Жол қозғалысы ережесін қырағы бақылайтын камералардың назарына іліккен ереже бұзушылықтар Ахуалдық орталыққа түседі. Ал Ахуалдық орталықта бұл іс өнделеді, толықтырылады, тексеріледі. Бұл камераға түскен көліктің мемлекеттік нөмірі мен бейне-сурет айғақтарын полицейлер базадан жойып жібере алмайды. Бірақ, автоматтандырылған жүйе ереже бұзушылықтарды жаппай тіркегенімен, жолдағы жағдайды бақылап отырған полиция инспекторлары жүргізушілерге «жеңілдіктер» жасайды. Қалай десеңіз, жолда түрлі жағдай болады, жүргізушілердің тығырыққа тіреліп, жол үстінде түрлі кедергілерге тап болып жататын кездері де жоқ емес. Мысалы, жол қозғалысына кедергі келтірілген жағдайда жүргізушіге амалсыздықтан автобус жолағына түсуге тура келіп жатса, бұл ереже бұзушылық ретінде есепке алынбайды. Камералардың көмегімен жолдағы жағдайды бақылап отырған полиция инспекторлары жүргізушінің амалсыздан ереже бұзғанын ескеріп, жауапкершіліктен босатады.
Ал ереже бұзушылық бойынша ұйғарымды біз көрсеткен мекенжайлары бойынша үйлеріне жібереміз. Мейлінше тез жіберуге тырысамыз, екі-үш күн дегенде ұйғарым олардың қолдарына тиеді. Мысалы, қыркүйек айынан бері «Сергек» камераларына тіркелген ереже бұзушылықтар бойынша айыппұл туралы жүргізушілерге хабарламалар жіберіліп қойды. Осы күндері бәзбіреулер камераға түскен ереже бұзушылықтар туралы екі апта өткеннен кейін де хат-хабар келген жоқ дегенді айтып жүр. Бұл шындыққа жанаспайды, себебі біз «Сергек» камераларына түскен ереже бұзушылықтар бойынша сол мезетте хат дайындауға кірісеміз. Бұдан бөлек, бүгінде біз ереже бұзған жүргізушілердің телефон нөмірлеріне смс хабарландыру жібереміз.
Бұл жерде түсіндіріп кететін бір жайт, азаматтар «Сергек» камералары бойынша жіберілетін ұйғарымдарды басқаша елестетіп жүргенге ұқсайды. Бұл ұйғарымдар бекітілген стандартқа сай, яғни мұның бұрынғылардан ешбір айырмашылығы жоқ. Түр-түсі, пішіні, мазмұны бір.
Екі үш күннің ішінде ЖҚЕ-ні бұзған азаматтарға хабарлама жіберілетін болса, неліктен осы автоматтандырылған аппараттарға тіркелетін фактілер бойынша айыппұлды жеңілдікпен төлеу құқығы берілмейді?

– Бұл жерде бар мәселе, айыппұлдың кешіктіріліп жіберілетінде емес. Мәселе қолданыстағы ӘҚБтК бойынша мұндай мүмкіндіктер қарастырылмағандығында болып тұр. Қазіргі заң бойынша айыппұлды полиция инспекторы салған жағдайда ғана елу пайыздық жеңілдікпен төлеуге болады. Осы сұрақ өткенде ғана Парламент Мәжілісінің қабырғасында көтерілді, қазір қарастырылу үстінде. Бәлкім, келер жылдан бастап фото-бейне камераларға тіркелген айыппұлдарды жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі беріліп қалар. Кодекске өзгерістер енгізіліп жатса, айыппұл төлейтін түрлі мобильді қосымшалар көп. Ешқайда аттап шықпай, айыппұлдарды түрлі қосымшалардың көмегімен үйде отырып төлеуге болады. Айталық, қолма-қол ақшамен екінші деңгейлі банктер немесе «Қазпошта», Kaspi және QIWI әмияны терминалдары арқылы төлеуге болады. Сондай-ақ, банк картасымен egov.kz порталында тіркелу арқылы онлайн-төлем жасауға және HandyPay, MyPay мобильдік қосымшаларын пайдаланған тиімді.
– Бұл камералар іске қосылғаннан бері жол-көлік апаттарының азайғаны туралы мәлімдеме жасалған болатын. Қыркүйек айының ортасынан бері осы күнге дейін «Сергектің» «көзіне» түскен ереже бұзушылықтардың статистикасын сөйлетсеңіз.
– Жолдағы жағдайды күні-түні бақылайтын «Сергек» камералары орнатылғаннан бері аз уақыттың ішінде жолдағы жағдай бірқалыпқа келді. «Сергек» жүгенсіз жүргізушілерді тезге салды. Олай деуге толық негіз бар. Себебі, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл жол қозғалысында оң өзгеріс бар.
Айталық, жол-көлік оқиғалары айтарлықтай азайды. Мәселен, «Сергек» іске қосылған күннен қазан айының 30-на дейінгі аралықта 485 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 30-ында 34 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алды. Ал былтыр осы уақыт кезеңінде 515 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның 49-ында 52 адам дене жарақатын алған еді. Яғни, өткен жылмен салыстырмалы түрде алып қарағанда жол-көлік апататтары 10 пайызға қысқарған. Осы камералар орнатылғаннан кейін жүргізушілер мәдениетті бола бастағаны өз алдына, жылдамдықты асырғанды жақсы көретіндердің аптығы басылды. Қазақта «Асықпаған арбамен қоян алады» деген сөз бар, осы сөзге жиендік жасап «Асықпаған алпыспен қоянды алады» деуге тура келіп тұр. Көліктер осы жылдамдықпен соқтығысып қалса да, оның зардабы ауыр болмайды.
«Сергек» үш бағыт бойынша ЖҚЕ-ні бұзу фактілерін анықтайды дедіңіз. Ал жүргізуші бағдаршамның жасыл түсінің соңғы секундтарында жүріп, Stop сызықтан асып тоқтағанда қалай болмақ? Бұл ереже бұзушылық ретінде тіркеле ме?
– Жол қозғалысы ережесі бойынша жүргізуші көше қиылыстарына таяғанда жағдайды бақылауға алуы тиіс. Себебі, жанталасудың арты қайғылы аяқталуы мүмкін, бағдаршамның жасыл түсі сарыға ауыса бергенде өтіп үлгергенмен, көше қиылысының қақ ортасында тұрып қалмас үшін көліктер бірінің соңынан бірі кептетіліп келе жатса, бағдаршамға ертерек тоқтай берген жөн. Алайда, жүргізуші бағдаршамнан жасыл түсіне өтіп үлгеріп, бірақ кептеліс кесірінен жол ортасында қалып қойып жатса, бұл құқық бұзушылық болып саналады. Дегенмен, «Сергек» мұны ереже бұзушылық ретінде тіркемейді.
Жалпы бұл «Сергек» камералары жол-көлік апаттарын азайтуға бағытталып отыр. «Сергектен» сескенудің қажеті жоқ, бұл сақтықты қамтамасыз ету үшін орнатылған. Көлік апаттарынан опат болатындардың өміріне араша түсу, жиілеп кеткен жол-көлік оқиғаларын азайту, жолда желмен жарысатындарды жөнге салуды мақсат тұтқан жүйе. Әйтпесе, кейбір жұрт мұны халықтың қалтасына қол сұғу, ел бюджетін қомпайта түсу үшін жасалып отыр деп түсініп жүр.
Астана қаласында жалпы саны қанша «Сергек» камералары орнатылды. Жыл соңына дейін бұлардың саны қаншаға жетеді?
– Бүгінде қала бойынша орнатылған «Сергек» камераларының нақты санын айта алмаймыз. Себебі, оларды тестілеуден өткізіп, іске қосу күнделікті жүргізіліп отырады. Мысалы, осы аптада тағы 10-15 шақты камера орнатылмақ. Бүгінгі күні «Сергек» камераларының саны шамамен алғанда үш мыңның айналасында. Жыл соңына дейін «Сергек» камераларын 400 жол қиылысы мен 300 желілік учаскеге орнату жоспарланып отыр. Яғни, қаланың барлық аумағын қамтитын болады. Бұл камераларды жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін апаттық қауіптілігі жоғары көше қиылыстарына орнатамыз. Бастапқыда апат көп орын алатын аумақтарды анықтап, сараптама жүргіздік. Соның қорытындысына сүйене отырып, қаупі жоғары көше қиылыстары мен оқушылар қарасы үзілмейтін мектеп маңындағы көшелерге камералар орнатылды.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жасөспірім тәрбиесі – жалпыға міндет

Жуырда Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жүйесінде Орал қаласы мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған