Басқы бет / «Сақшы» газеті / Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ: Қоғамда ішкі істер органдарына сенім мол

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ: Қоғамда ішкі істер органдарына сенім мол

Бүгінгі таңның өзекті тақырыбы – қоғам дамуындағы бағытымыз қандай, рухани жаңғыру бізге не береді деген сауалдарды қамтиды. Дұрысында рухани жаңғырудың түпкі астарында мемлекеттік идеядан туындаған ұлттық мүдде, ұлттық ұстаным жатыр. Өйткені, ұлттық рух – халықтың өзін-өзі тануымен айқындалады. Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Орынбасарұлы қасиетті орындарды қастерлеу, Алаш идеясына адалдық таныту, латын тіліне көшу туралы ойларын ортаға салды. Ал, қылмыстық процесті қайта реформалау турасында қойған сұрағымызға депутат мырзаның берген жауабы – «бұл алдымен – аза¬маттардың құқықтарының қор¬ға¬лу дәрежесін арттыру» дегенге сайды. Сонымен, сұхбатқа кезек берейік.

Сіз зұлмат жылдарындағы Қарағанды облысында еңбекпен түзету лагерьлерін ұйымдастыру тарихын зерттеп-зерделеп жүрген ғалымсыз. «Қыс кезінде өлген сәбилерді ағаш бөшкелерге жинап, әбден толған соң барып көмгені туралы айтылатын» деректерді келтіре отырып, «Мамочкино кладбище» аймағының қорғауға алынбағанын алғаш етіп көтердіңіз. Мұны Аза тұту орнына айналдыру тарихқа құрмет болары сөзсіз, дегенмен, бұл ұсынысыңыз қолдау тапты ма?
– Сакральды, яғни қасиетті орындарды қадірлеу, ұрпақ тәрбиесіне пайдалану бағытында ғой әңгіме. Елбасының болашаққа бағдар ретінде рухани жаңғыру бағытындағы мақаласы «біз қалай жаңғырамыз» деген үлкен мәселені көтерді. Үлкен екі елдің арасында тұрған мемлекет ретінде біз мықты болуымыз керек. Ол үшін рухани байлығымыз, оның ішінде ұлтжандылығымыз өзгеше жоғары сапалық деңгейде болуы керек деген ой жүретін. Сакральды орындар дегенге келсек, Алтай мен Атырауды, шығыс пен батысты жалғап жатқан аралықта қаншама тарихи жерлер бар. Нәубет жылдары ретінде тарихта қалатын Қарағандыдағы Қарлаг лагері аумағы. Тек монографиялармен, халықаралық конференциялар ұйымдастырумен шектелмей, мұрағаттық құжаттар, ғылыми мақалалар негізінде елге кеңірек насихаттауды азаматтық парызым санадым. Осы бағытта қанша кітап шығардық, тек менің жазғаным емес, басқа авторларды да енгіздік. Егер біздің идеологиямызға сәйкес, алға қойған мақсаттарымыз төңірегінде жазатын болса, орыс болсын, украин не америкалық ғалым болсын қолдадық. Таяуда ғана Снидковский Виктордың Қарағандыда болған қылқалам шеберлері туралы кітабы, Санкт-Петербордағы Юрий Поповтың шығармалары, Новосібірдегі Наталья Аблажейдің, жезқазғандық Тұрғынбек Аланиязовтың, қарағандылық Екатерина Кузнецованың және тағы басқалардың шығармаларын «Карлаг. Тарихтан тағылым» деген жобаға енгіздім. Редакторлығын атқарып, қосымша материалдармен көмектесіп, бірлесе жұмыс істеп жатырмыз.
Мұны айтып отырғаным – «Мамочкино кладбище» қабірі Қарлаг аумағында, оның ішінде Долинкада болған. Ол жерде үлкен мұражай бар, одан 2-3 шақырым жердегі «Мамочкино моласын» қалайда сакральды орынға айналдыру керек, ол тоталитаризм жүйесінің бет-бейнесін көрсететін жер. Еш жазығы жоқ сәбилерді қыста бөшкеде ұстап, жазда көміп тастаған. Мен осы жерді, «міне, нәубеттің куәсі» деп көрсететін жерге айналдырсақ деген ойдамын. Ол жерге адамдар барып, тағылым алатындай болу үшін оны қоршайық, сакральды мемориалдық кешен жасайық, сол зұлмат заманда балалар естімеген бесік жыры әр тілде ойнап тұрсын, сонда мұның келешек үшін тәрбиелік мәні де зор деп Үкіметке үндеу тастадым. Берлинде Холокост, Заксенхаусен лагерьлерін көрдім.
Менің бір қуанатыным – басқа посткеңестік мемлекеттерге қарағанда, біз осы жағына ден қойып жатырмыз, екі мемориалдық кешен бар, ауылдарда да аштық, репрессия құрбандарына ескерткіштер қойылып жатыр. Бұл да соның жалғасы. Ол – ішкі философиясы бар кешен болмақ. Депутаттық сауал жолдаған кезде мені әріптестерім қолдады, 40-қа жуық депутат қай партия мүшесі болғанына қарамастан өздері келіп қол қойып, қолдау білдірді. Бәріміздің бірдей көзқараста болғанымыз қуантты. Қазіргі таңда министрліктерден жауап алынып жатыр. Алматы қаласында кейбір қоршауларды алып тастап жатқаны туралы естіп, әкіміне «соны Қарағанды қорымын вандалдардан қорғау үшін пайдаланар едік» деген өтінішпен хат жолдадым. Одан әрі Мәдениет министрлігіне, облыс әкімдігіне барамын. Тіпті шетелден де депутаттар арнайы хабарласты. Тоталитарлық жүйеге деген қарсылыққа үн қосамыз деген ойлары бар.
Біздің бүкіл мұрағаттық құжаттардың барлығы прокуратурада не ІІМ сақталған, бұл тарих қой, сондықтан мұрағатта сақталуы керек. Ол жерде қорқатын ештеңе жоқ. Ең алдымен ақиқат деген үлкен ұғымнан алшақтамауымыз керек. Осы шындық арқылы келешек ұрпақ алдында өзін-өзі тазартуға (самоочищение) қол жеткіземіз. Германияда Холокостқа байланысты үлкен мемориалдық кешен салды, олар одан ұтылған жоқ. Бұл неміс халқы Гитлердің жасаған әрекетін әлем алдында мойындап, тарих алдында ашық айтып тұр. Неміс ғалымдары арасында біздің Қарлагтан шыққан газет, кітаптарды зерттейтіндері бар, бірі аштық жылдары туралы зерттеген.
Латын қарпіне қатысты «Абай жолын» жарты секундта латын қарпіне өзгертіп береміз деді, бізге бұдан артық не керек?» деген пікір айттыңыз. Сіздің ойыңызша қоғам бұған дайын ба?
– Мен латын қарпіне көшуді қолдаймын, Президентіміз оның ұлт үшін тиімділігін ашып айттып кетті. Үлкен саясаткер ретінде. Тарихты зерделеп және дүниежүзілік қауымдастыққа қарасаңыз, қанша мемлекеттің латын әрпін қолданатынын, қанша мемлекеттің кирилл әрпімен отырғанына көз жүгіртсеңіз, көп нәрсе өзі де түсінікті бола түседі. Бізге қаншама әдебиетті қайтадан шығару мүмкіндігі туады. Мен 1992 жылы заң саласында бірінші диссертация жазып қорғаған қазақпын, сондықтан латын тілі біздің қазақ тілін басқа жағынан келіп көтеруге мүмкіншілік береді деген ойдамын. Латын әліпбиінен болатын қиындық он күндік қана болуы мүмкін. Кейбіреулер «Бұл өзі заңгер, филолог емес, не соғып отыр?» деуі мүмкін, бұл мәселеде өз пікірін физик те, технолог та айтуы керек, өйткені бәріміз осы тілмен сөйлесіп жазатын болғандықтан, бұл бәрімізге қатысты мәселе, тек филологтардікі емес.
Алаш идеясын зерттеушісіз. Сойқан саясаттың оғына байланып кете барған 5 мың жазықсыз құрбан туралы жазған мақалаңызда: «Шіркін-ай деп ойлайсың, ел басына күн туған, сұрапыл соғыс иектеп тұрған сындарлы кезеңде қаншама тамаша тұлғалардан, адам әлеуетінен айырылып қалғанбыз…» деп жазыпсыз. Ендігі мәселе – Алаш қайраткерлерін жоқтадық, насихаттау, ұлықтау кезеңінен өтіп, нақты іспен, солардың ізін жалғаумен айналысатын уақыт жеткен жоқ па, қалай ойлайсыз? Сіз бұл кезеңге өтуде не ұсынар едіңіз?
– Алаш идеясын зерттеу педагог және заңгер тәрбиелеу кезінде көп пайдаға асты. Алаштың күллі зиялыларының дені заң факультетін бітірген екен. Олардың не оқығаны мені қызықтырды. Сол оймен Санкт-Петерборға барып, Алаш қайраткерлері білім алған оқу орнының ректоры Л.А.Вербицкаяға өтінішпен кірдім. Ол мені университет мұрағатына кіргізіп, құжаттармен таныстырды. Кімнен оқыды, неге акцент жасады? Бақыткерей Құлмановтың, Жақып Ақпаевтың, ағайынды Сейдалиндердің, Бақытжан Қаратаев, т.б. студенттік істерімен таныстым. Этнография, тарихты, хореографияны зерттеп, ескі латынша оқығанын қарап отырып, олардың сол кездегі Еуропа өркениетін кеңірек қамтығысы келгенін көрдім. Сол заманда Санкт Петербор ректоры заң саласының ғалымы болған, рим құқығы, азаматтық және неке құқығын зерттеген ғалым болған, біздің қайраткерлер де сол кісінің дәрістеріне барып, осы саланы зерттеген.
Алаш идеясы деген – ол халыққа қызмет ету идеясы. Бүгінде елін сүйетін, халқына жақын адамдардың көбейгенін көреміз. Елге қызмет ету концепциясы қалыптасты, оны ары қарай мағынасын ашып, мазмұнын көтеру, зерделеу өзімізге байланысты.
– Өлім жазасын беруге қарсы екеніңізді білеміз. Бірақ, бір өзі бірнеше адамның обалына қалған қылмыскерлер үшін бұл тым жұмсақтық емес пе? Оң-солын танып үлгермеген бүлдіршін қыздарға азғындық көрсеткендерге өлім жазасын қолданса, мұндай арсыздықтардың жолын кесер ме едік деген ой бар…
– Ертеден қалыптасқан қағида бойынша екі заңгер болатын болса, олардың үш пікірі болады. Біз бұл бағытта дұрыс жолмен келе жатырмыз. Әйел зорлау, жасөспірімдердің қанын жүктеу жағдайларына байланысты 40-жылдары сондай заң қабылдағанбыз, бірақ уақыт өте келе біз одан қайтуымыз керек болды. Себебі, әйел зорлағандар өлім жазасына кесілмеуі үшін құрбандықтарын өлтіріп кетіп отырды. Жәбірленушінің тұрғысынан және дүниежүзіндегі гуманизм қағидасынан қарайтын болсақ, әрине, көзқарас басқаша. Әрбір қоғам бұл сұрақтарға қайтадан қайтып келіп отырады. Бұл құқықтық сұрақ емес, әлеуметтік, сонымен бірге, философиялық сұрақ.
Рақымшылыққа ілігіп те қайтадан қылмыс жасап түрмеге түсетіндер туралы естігенде әртүрлі ой болады. Рақымшылық туралы заң толыққанды талқылаудан өтті ме?
– Рақымшылық туралы заң былтыр қабылданды, мен соның жұмыс тобын басқардым. Талқылау мен ұсыныстар көп болды. Мемлекет өзінің күштілігін көрсету үшін тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасады. Қателескен азаматтарына тағы да бір мүмкіншілік беретін бұл әдіс мықты мемлекеттерге тән.
Әрине, рақымшылыққа ілігіп қайтадан қылмыс жасайтындар үшін мемлекетті кінәлауға болмайды. Қоғамға орала алмағандардың мәселесін біржақты қарау да дұрыс емес. Рақымшылыққа ілігу оңай жасала салмайды, оның ішінде қоғамға қаупі төмен, жасы келген, әйел адамдардың категориясы бар, одан әрі пробация жүйесі бар. Әлі бір жыл болған жоқ, біз кейін осыған қайта айналып соғып, сараптама жасаймыз.
Ел сізді Шахтинскідегі оқиғадан кейін атаулы көмек көрсетуге бастамашылдық танытқан азамат ретінде танып қалды. Жалпы ондағы елдің проблемасы қалай шешілуде?
– Шахтинскідегі жарылысқа біз бірден бардық. Мұны да барынша кешенді түрде қарауға күш салдық. Гуманитарлық көмек, жылыту қазандығын салу, т.б. мәселелерге депутаттар атсалысты. Жылыту қазандығы үй астына қойылады, осынша уақыт аралығында бір адам келіп тексермеген. Орталық қазандық керек пе, әлде оның дербес болғаны жөн бе деген мәселе шықты. Біз орталық қазандық орнату туралы ұсынысты қарап, Үкіметке сауал жолдап, Үкімет өз тарапынан бірнеше миллиард қаражат бөлетіндігі де шешілген болатын. Бірақ, кейін жергілікті тұрғындардың пікірінше тарифтері екі есеге көтеріліп, халықтың өзіне тиімсіз болды. Осы тұрғыдан атқару билігінің уәждері бар. Мәселелерді шешуде әкімдіктің, кәсіподақтың, белсенділерінің пікірін тыңдадық, «қаржылар келіп жатыр, қалай жұмсалып жатыр?» деген журналистер пікірін де ескеріп, оларды барлық мәселеге қатыстырдық. Шама келгенше қолдау білдірдік деп есептеймін.
– Бүгінде қылмыстық процесті жаңғырту, жетілдіру заман талабына айналып отыр. Электронды қылмыстық істер жүйесінің жасалуы да қылмыстық істің бұрмалануына жол бермей, істің ашық жариялы болуын қамтамасыз етпек. Алдағы уақытта онлайн режимде жүргізілетін қылмыстық істерді басшылық тараптар, прокурорлар бақылап отыратын болды. Ендігі жерде әр қылмысқа жекеше сипат және жаза белгіленеді, мысалы, экономикалық қылмыс болса оны тұтқындауды, үй қамаққа алумен ауыстыруға болады. Міне, осындай бастамаларды негізге ала отырып заң жобасы әзірленуде. Осыған пікір-көзқарасыңызды білдірсеңіз деп едік.
– Ішкі істер органдары қызметі, оның ішінде тергеу амалдарын жүргізетін сала өте қиын. Өзімнің жұмыс тәжірибемде, практикада жүргенде және әскери қызметте болғанда тергеуші ретінде сол жерде болдым. Ұлым да ІІМ мектебін бітіргеннен кейін тергеуші болып істеді. Олардың жүктемесі өте көп, кейде бірнеше істі қайта қарайды, процессуалдық болсын, қадағалау орындары бар, бұл өзі қайнап жатқан жұмыс. Жауапкершілігі өте зор. Бұл ретте заңның кей жерлерінің жеткілікті түрде жетілдірілмегені, толыққанды болмағаны тергеушілердің жұмыстарына кедергі келтіретіні де бар. Олардың жұмыс кестесі де тығыз. Бір тергеушіде 30-40-қа жуық істің болуы, оған айғақтар табу, куәгерлерді шақыру тек қана психологиялық-эмоционалдық қана емес, сонымен қоса физикалық тұрғыдан да үлкен жүктеме. Осыған келіп қоғамда да пікір қалыптасады: менің ісімді бұрмалады деген сияқты.
Қазір Парламентке де көптеген заңдар келіп жатыр. Біз ең алдымен халықаралық стандартта бұл мәселе қалай шешілетінін зерделеп, ашықтық қалыптастыру, тергеуде жүріп жатқан істер барысында өзге пікір қалыптастырмауда тек жәбірленуші жақтан ғана емес, тергеуші тарапқа да көмек беріп, халықпен екі арада түсінісіп, бірлесе жұмыс істеуін көтеру мақсатында әрекеттенуіміз керек. Барлығының көзқарасы, құқықтары ескерілуі тиіс. Адам қиналғанда кімге хабарласады? Әрине, ең алдымен полицияға. Ішкі істер органдарына. Бұл сенім бар деген сөз. Сол сенімділікті ашық етіп, одан әрі нығайта түссек, қоғам одан әрі алға жылжиды деп ойлаймын. Сақшылардың материалдық, әлеуметтік жағдайына бұл қадамдардың септігі тиюі мүмкін.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жадыра ШАМҰРАТОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Балалар қалашығындағы бақытты сәт

Үш күннен кейін республиканың барлық мектептері шәкірттерге есігін айқара ашады. Алғашқы қоңырау соғылады. Бұл – …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған