Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Жасөспірім және құқықтық қауіпсіздік

Жасөспірім және құқықтық қауіпсіздік

Бүгінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс көз үйренген көрініске айналды. Бесіктен белі шықпай жатып бұзақылыққа бір табан жақын жүретін жасөспірімдер есейген сайын есі кірмей, есіруге бейім тұратындай. Көгілдір экраннан көріп үйренген кілең атыс-шабыстың ақыры мектеп қабырғасында жүріп қару кезенетін оқушылардың артуына әкеліп соқты.

Білімін емес, бұлшықетін өсіріп әлек
Жасыратыны жоқ, осы күні оқушылар білімін емес, бұлшықетін өсіріп әлек. Олардың ойынша, өз арасында күш-қуаты тұрғысынан беделді болу білімділіктен әлдеқайда пәрменді көрінеді. Психологтардың пайымынша, жасөспірімдер арасында бұзақы балалардың беделі жоғарылап, құрмет көрсетушілері көбірек бола түседі екен. Әрине, «құрметті» жаны қалағаннан емес, қорыққандықтан көрсететіні белгілі. Сондықтан бүгінгі балалар біреуден есе қайтару үшін төбелесудің түрлі тәсілін үйренуге үйір. Тіпті, қазіргі ата-аналардың өзі де спорт секцияларына балаларын төбелесіп үйрену мен қорғану мақсатында береді екен. Екінші жағынан отбасында сүйіспеншілік пен мейірімді сезінбей, назардан тыс қалып жүрген жасөспірімдердің мінезі қиындау болатынын мамандар айтып отыр. Мәселен, былтыр Астанада жасөспірімдер 200-ден аса қылмыс жасаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге көбейген. Сорақысы сол, қылмыстың басым көпшілігін жағдайы жақсы отбасынан шыққан балалар жасаған. Яғни 150-ге жуық әртүрлі құқық бұзушылыққа осындай бақуатты жанұяда тәрбиеленген жасөспірімдердің қатысы бар екені анықталыпты. Балалар көбіне ұрлық, ақша бопсалау мен өзінен кішілерге әлімжеттік көрсету сипатындағы қылмыстарға барады.

Оқушыларға арналған оқу курсы
Қалалық әкімдік пен прокурорлар қылмыстың алдын алу үшін күш біріктіріп, қала мектептерінің белсенді оқушыларына арналған оқу курсын бастады. Елордадағы құқық қорғау органдары академиясының бастамасымен өткен «қылмыстың алдын алу» бойынша тыңдалымға 25 оқушы қатысты. Сонымен бірге, биыл қаладағы 19 мектеп пен 6 колледжде жаңа жоба іске қосылды. «Биоэнергетика және синергетика» деп аталатын әдіс арқылы әр мектептің өз Ішкі істер департаменті, Прокуратурасы мен Үкіметі болады. Сондай-ақ, мектептің өзі қабылдаған жарғы жұмыс істейді. Мәселен, тәртіпке бағынбаған оқушыларды мектептің құқық қорғау қызметкерлері мен прокурорлары жөнге салады. Мұндай әдістеме қазір Семей мен Қостанай қалаларында да тәжірибеге енген. Әзірге нәтижесі туралы айтуға ерте болғанымен, әкімдік пен прокуратура бұл бастамаға қолдау көрсетіп отыр.
«Жөнге салу деген – жөн-жосықсыз тәртіпке салу немесе күш көрсету емес. Егер бір оқушылар тәртіп бұзып, мәселені өз арасында шеше алмаса, маған келеді. Мектеп жарғысы арқылы мәселені шешуге тырысамын. Бір оқушы сабаққа кешігіп келсе, ол бір апта бойы сабаққа жарты сағат бұрын келіп тұратын болады», – дейді №52 мектеп-гимназиясының оқушысы Әбдіқалық Алдақуатов.
«Біз мектеп прокурорларын жинап оқытамыз. Олар мектеп жарғысын жасақтап, оның сақталуын қадағалайды. Бұл әдіс мектептегі тәртіпті сақтауға көп көмек болады. Оқушылар алдағы бірнеше күн құқықтық сауаттылық туралы дәрістер тыңдайды. Оқу ұзақтығы 5 күн, 3 бөлімнен тұрады. Екінші кезең қысқы демалыс кезінде өтсе, көктемде оқушылар «Менің мамандығым – заңтанушы» деген бескүндік дәріс тыңдайды», – дейді Биоэнергетика және синергетика технологиясының авторы, педагогика ғылымдарының кандидаты Феодор Вассарман.
Оқу курсы аясында балалар өз қатарластарымен достық қарым-қатынасты орнатуды және командалық рухты нығайтуды үйренеді. Сондай-ақ, олар құқық бұзушылықтың не екенін және оларды жасағаннан кейін туындайтын құқықтық салдарды білетін болады. Ал мамандар оқушыларға мамандық таңдау бойынша кеңестер беріп, құқық қорғау және сот органдарының жұмысы туралы айтып береді. Басты мақсат – қоғамдағы қылмыстың өршуіне жол бермеу, соның ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс санын 15 пайызға дейін азайтуға бағытталып отыр. «Қазіргі кезде өз құқыңды және міндеттеріңді білу маңызды. Соңғы бес жылдың ішінде қоғамда құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік бойынша жұмыстар жүріп келеді. Бұл дегенің қоғамдағы құқық бұзушылыққа мүлдем жол бермеу деген сөз. Осы оқу қабырғасында алған дәрістің алдағы уақытта қажеттеріңе жарайтынына, өз қатарластарыңа көрген-білгендеріңмен бөліседі деп сенемін», – дейді Құқық қорғау органдары академиясының басшысы Наиль Ахметзакиров.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев әкімдіктің алға қойған тапсырмаларының бірі – балалардың құқығын қорғау болып отырғанын және осы бойынша тиісті органдармен тізе қосып әрекет етіп жатқанын жеткізді. Сөзінің соңында оқушыларға болашақта білікті маман болып, биікті бағындыруды тіледі.

Қылмысқа көз жұма қарауға болмайды
Ал қала прокурорының орынбасары Алмат Байшолақов: «Біздің мақсатымыз – Сіздерді құқық пен құқықтық қауіпсіздік негізімен таныстыру. Біріншіден, құқық негізін білу – болашақта өз тағдырын осы мамандықпен байланыстырғысы келетін және біздің оқу курсынан кейін сондай шешімге келетін балаларға қажет. Бүгінгі күні құқық қорғау органдарына үлкен көңіл бөлініп келеді. Қызметке қабылдау тәртібінен бастап жұмыс қағидасына дейін өзгерді. Лайықты еңбекақы мен әлеуметтік жеңілдіктер де қарастырылған. Оның өтеміне мемлекет мінсіз қызмет пен халыққа адал қызмет етуді талап етеді. Бүгінгі күні біз мен сіздердің тыныш әрі алаңсыз өміріміз үшін өз өмірлерін қиып, антына адал болған қызметкерлер жетерлік», – деді.
Осыдан 9 жыл бұрын Қарағанды облысында болған оқиға әлі күнге дейін ел есінде. Ержүрек жігіттер 130 баланың өмірін құтқарып қалып еді. Алматы-Екатеринбург тасжолында балалар мінген 3 автобусты инспектор Қайрат Жұмабеков пен Дмитрий Пугач полиция көлігімен бастап келе жатады. Аршалы кентіне 10 шақырым қалған кезде кенет қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігі алдындағы жеңіл көлікті басып озбақ болады. Бірақ, ол ойы іске аспай қалады да, алдындағы жеңіл көлікті келіп ұрады. Егер осы тұста Қайрат шұғыл шешім қабылдамағанда 130 баланың өміріне қауіп төнер еді. Қайрат Жұмабеков сол жерде тіл тартпай кетті. Қасындағы старшина Дмитрий Пугач ауыр жарақаттанды. Қарсы келе жатқан жеңіл көліктің жүргізушісі де қайтыс болды. Өрімдей балалар үшін өз өмірін қиған Қайрат небәрі 30 жаста еді. Алайда, оның батыл әрекетінің арқасында барлық бала аман қалды.
Ал 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында орын алған лаңкестік әрекеттен 7 адам көз жұмды. Полиция капитаны Ғазиз Байтасов төрт тәртіп сақшысы мен екі азаматқа оқ атқан лаңкес Мақсат Қариевті құрықтау кезінде қаза тапты. Жарақат алғанына қарамай, ол жарылғыш затты іске қосқан лаңкесті денесімен жауып, айналасындағы адамдарды құтқарып қалды. Қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан Ғазиз Байтасовқа «Халық Қаһарманы» атағы мен «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендері берілді. 2012 жылы капитан Байтасовтың туған жері Байзақ ауданында ескерткіш тақта ашылды.
«Мен Сіздерге бары екі мысалды ғана айтып отырмын, ал құқық қорғау қызметінде антына адалдық танытып, қоғам тыныштығы жолында құрбан болуға дейін барып жүрген полицейлер аз емес. Екінші бағытымыз – құқықтық қауіпсіздік. Бұл сөзді қалай түсінесіз? Мектептен кеш оралдыңыз делік, алдыңыздан бейтаныс біреу шығып ақша мен ұялы телефоныңызды беруді талап етеді. Сіздің реакцияңыз? Болмаса жасөспірімдердің өзінен әлдеқайда әлжуаз балаға қысым көрсетіп жатқанына куә болғанда не істейсіз? Мұндай кезде басы бәлеге қалған адамға көмектескіңіз келеді. Осындай кезде қылмыстық жауапкершілікке апарып соғатын «қажетті қорғаныс» түсінігін білген дұрыс. Өзіңізге жақсы іс жасағандай көрінгенімен, оның соңы кейде қылмыстық жауапкершілікке тартылуға түрткі болуы мүмкін. Алайда, көз алдыңда болып жатқан қылмысқа көз жұма қарауға болмайды. Сондықтан қазіргі күні тәжірибелі заңгерлеріміз осындай кезде қалай әрекет ету керек, қылмыстың құрбаны болып кетпеудің құпияларын ашып жатыр. Сондай-ақ, бір нәрсені есте сақтау керек, жақсы істе жалғыз емессіз. Сіздің жағыңызда заң, құқық қорғау органдары, ұстаздар мен ата-аналарың бар», – деді сөзін қорытындылай келе қала прокурорының орынбасары Алмат Мұратұлы.

Жадыра МҮСІЛІМ, суреттер Бек ИМЕКЕШОВТІКІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Сапалы тағам – азаматтардың құқығы

Сапа дегенде алдымен тамақтың сапасы туралы көтерген маңыздырақ деп ойладық. Тіпті ең тәжірибелі деген, бармағынан …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған